Басқы бет / «Сақшы» газеті / Репортаж / Батырдың рөлін сомдағым келеді

Батырдың рөлін сомдағым келеді


Дәстен ШӘКІРОВ, актер, тележүргізуші:

Көпшілік көрерменнің көзайымына айналып үлгерген Дәстен Шәкіров туралы бұған дейін де біраз БАҚ жарыса жазды. «Жаным», «Болашақ» секілді отандық телесериалдарда басты рөлдерде ойнап, елге танымал бола бастаған актер бүгінде біраз биік белестерді бағындырып үлгерген. Сымбатты да сырбаз жігітпен болған шағын сұхбатта Дастен біз білмейтін сырларымен бөлісті.

– Дәстен, өзіңіз туралы қысқаша мәлімет бере өтсеңіз…51859 (1)
– Мен 1987 жылы Алматыда дүниеге келгенмін. №65 қазақ лингвистикалық мектеп-гимназиясын бітірдім. Арнайы музыкалық білімім бар, 1998 жылы фортепиано сыныбын 7 жыл оқып бітіргеннен соң, Алматы қаласындағы Халықаралық бизнес академиясының «Қаржы» факультетіне түстім. Жоғарғы оқу орнын оқып жүрген кезде, «Модельдік агенттікте» 2 жыл көлемінде жұмыс істедім. Жарнамалық бейнебаяндарға түстім. Қазір «Хабар» телеарнасында «Іске сәт» таңғы сазды-ақпараттық бағдарламасының жүргізушісімін.

– Қаржыгер мамандығын бітірген жігіт өнер жолына қалай келді?
– Отбасымда әкем де, анам да экономист болғанымен, өнерге жақын адамдар. Екеуі де бірнеше аспап құлағында ойнайды, әнді де айтады. Солардың ықпалынан болар менің өнерге қызығушылығым арта бастады. Ең алғаш 1997 жылы анам фортепиано сатып алған болатын. Мен пианиноға қызығып, кішкене ырғақпен басып үйрене бастадым. Пианиноға икемділігімді байқаған ата-анам 1998 жылы 5 сынып оқып жүрген кезімде музыка мектебіне берді. Алғашында 5 жастан қабылданатын мектептепке «сен қалып қойдың» деп мені алғысы келген жоқ. Себебі, мен ол кезде жасым он екіде болатын. 2 жылдан кейін саған қиын болады дегеніне қарамастан, «мен оқимын, бәріне үлгеремін» деп қайтпай ақыры музыкалық мектепте 7 жыл оқып шықтым. Екі мектепте қатар оқу маған өте қиынға түсті. Таңерттеңнен түске дейін сабақ, түстен кешке дейін музыкалык мектепке баратынмын. Шынымды айтсам, балалық шағымның бал сәттері тек сабақ оқумен, музыкалық білім алумен шектеліпті. Тіпті, далаға шығып достарыммен бірге, қазіргі балалар секілді футболға барып, доп та теппеппім. Ал, жоғарғы оқу орнына түсіп, ер жетіп, есейгесін қаладағы түрлі жарнамаларға түсіп жатқан жігіттерді көріп: «бойым ұзын, неге мен жарнамаларға, модельдік агенттіктерге бармаймын?» деп өз-өзіме сұрақ қойдым. Тәуекел деп бағымды сынап көрдім. Мені қабылдады. Бірінші жарнамаға, кейін клиптерге түсе бастадым. 2007-2010 жылдар аралығында түрлі кино-кастингтерге қатысып жүрдім. Жоғарғы оқу орнын бітіргеннен соң 2010 жылы қалалық әкімшіліктегі жастар саясатында жұмыс істеп жүргенімде, қоңырау шалып «Жаным» телехикаясының кастингінен өткенім жайында хабарлады. Өте қатты қуандым. Жұмыстан шығуға арыз беріп, бастығыма өнер жолына кететінімді айттым. Cодан бері міне, өнер саласына толықтай бет бұрдым.
–Кинотуындылардың ішінен жаныңызға жақын сомдаған бейнеңіз қайсысы?
– Жаныма жақыны «Болашақ» телехикаясы. Бұл кинотуынды көрермендерге ұнағандықтан емес, сол басты рөлдегі кейіпкер Нұржан Бектасовтың адал, ақ көңіл, қамқор, алдына мақсат қоя білуі адамдарға үнемі жақсылық жасап, көмек көрсетуі –бәрі менің мінезіме сәйкес келді. Еркелеген бай баласының жетегіне ермей, үнемі ізденісте жүретін кинодағы Нұржанның өмірінің көп бөлігінде менің бейнем сомдалғандай болды. Сол себептен де жаныма жақынырақ.
– Жеке шығармашылығыңызда қандай өзгерістер болып жатыр?
– Жеке шығармашылығымда айтарлықтай өзгеріс жоқ. Ақырындап киноға түсіп жүрмін. Бағдарлама жүргіземін. Қазіргі таңда республикалық байқауларды басқа да бірнеше концерттерді жүргізіп жүрмін. Биік белестердің шыңын жайлап бағындырып келемін.
– Әр өнер адамының жұлдызды сәті болады. Сіздің жұлдызды сәтіңіз қашан болды?
– Жалпы жұлдызды сәт әр өнер адамының басынан өтетін құбылыс. Менің жұлдызды сәтім…(сәл ойланып) алғашқы телехиякаяма түскеннен кейін болды-ау деймін. Сол телехикаядан соң поштама көптеген хаттар түсе бастады.
– Біліміңізді арттыру мақсатында қанша тілді меңгердіңіз?
– Қазақ, орыс, ағылшын тілінде еркін сөйлей аламын. Қазақы отбасында тәрбиелендім. Қазақ мектебінде білім алдым. Жоғарғы оқу орнына түскеннен соң, 4 жыл ағылшын тілін оқыдым. Ал, орыс тілін қаладағы көше балаларымен ойнап жүріп үйренгенбіз. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ғылым біл» дейді ғой, қазақ атамыз. Шет тілін меңгеру – жеті түрлі ғылымға бастайтын жол деп есептеймін.
– Әдебиетке қызығасыз ба?
– Әрине, қызығамын. Дегенмен де қатты берілмеймін. Бос уақытымда кітап оқуға тырысамын.
– Сізді жарнамалық бейнебаяндардан, киноактер және жүргізуші ретінде білеміз. Біз білмейтін тағы қандай қырларыңыз бар?
– Спортпен шұғылданғанды жақсы көремін. Жүзу бассейндері мен бокс алаңдарына тұрақты түрде барып тұрамын. Әсіресе, жүзу – ең сүйікті спортымның бір түрі. Түрлі стильде жүзе аламын. Әр күнімнің 90 минутын 1-2 шақырым жүзуге арнаймын. Кешқұрым далаға уақытым болса, жүгіріп сергіп қайту әдетке айналған. Кішкентай кезімде хорда ән айтатынмын. Бірақ ешқашан билеген жоқпын. Билей де алмаймын. Жақында биге қатысып жүрмін. Енді болашақта би өнерін соның ішінде бал билері бағытында өзімді шыңдасам деймін.
– Шетелдік киноларға да түсіп үлгеріпсіз. Осы жайында не айтасыз?
– Рас, шетелдің бірнеше киносына түстім. Мысалы, «Оазис любви» толықтай Ресей компаниясының кино түсірілімі. Кино желісі бойынша Қазақстан елі бірнеше эпизодтарда бар. Ресейдің түсірілім тобы Алматыға өздері арнайы келіп, біздің кастинг жұмысымен айналысатын адамдармен ақылдасып ұйымдастырды. Мен де сол кастингкке қатысып, өнерімді көрсеттім. Нәтижесінде сол фильмдегі қазақ баласы Жәңгір есімді жігіттің рөлін сомдадым.
– Алға қойған мақсатыңыз қандай?
– Мақсатым – армандаған рөлде ойнау. Әзірге соған іштей де, сырттай да дайындалып жүрмін. Қиялымдағы қазіргі заманға сай батырдың немесе спортшының рөлін күтудемін. Алла бұйырса, ол да бола жатар.
Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Мадина ӘСЕМБЕК

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған