Басқы бет / «Сақшы» газеті / Репортаж / Түп атасың танысаң, жау жасқаған Жұлын-ды

Түп атасың танысаң, жау жасқаған Жұлын-ды

немесе полиция полковнигі Асхат Жұлынов жайлы сыр
Күнделікті үйреншікті әдетім бойынша, Үштөбе қаласындағы орталық стадионға таң бозынан, бой жазу мақсатындағы жеңіл ғана, бүлкіл жүгіріспен жеттім. Стадионның желік қоздыратын, теміржол рельстерін ойға түсіретін, жолақ сызықтармен тартылған жарыс жолында орта бойлы, толықша келген жігіт ағасы желдірте жүгіріп келеді. Дене жаттығуларын жасап жатқан менің тұсыма таяй бере: «Ассалаумағалейкум, аға» деп сәлем беріп, жүгірісін әрі жалғастыра берді.
– «Уағалейкумассалам!» Оның сәлемін алысыммен жүгірісті бастаған мен жарыс жолы бойымен оған қатарласа бердім. Жүгірген бойда ара тұра тіл қатысып, жөн сұрасып қоямыз. Есімі Асхат екен.
Алты, жеті, сегізінші айналым… Әріптесім етженді болғанымен шаршау дегенді сезер емес. Тыныс алуы біркелкі, жүгірісі жеңіл. Намысқа тырысып мен де қалыспай келем. Өзімнің оныншы айналымым бастала бере бәсекелесім:
– Аға, мен соңғы айналымға барамын, рывок жасаймыз ба? – деп, жылдамдығын жеделдете түсті. Барымды сала жүгіріп, әйтеуір, қалыспай сөреге бірге жеттім.
– Неше айналым жасадың Асхат?
– Он бес айналым, аға. Уақыт аздау болғанда он айналым ғана жасаймын.
– Бәрекелді! Сонда сен күнделікті төрт, немесе алты шақырым қашықтықты бағындыратын болдың ғой?
– Курсант кезімде он шақырымды қиналмай жүгіре беруші едім. Қазір оған уақыт қайда? Тезірек қызметке асығу керек.
Жақынырақ таныса келе бұл бауырымның аты-жөнінің Асхат Болатқалиұлы Жұлынов екенін білдім. Қызмет орны – Қаратал Ішкі істер бөлімі бастығының тәрбие және кадр ісі бойынша орынбасары.
…Қасиетті Қаратал ауданының жұртшылығы Жұлыновтар әулетін құқық қорғаушылар династиясы деп біледі және оларды мақтан тұтады. Ол орынды да. Олардың аталары – осы өңірдің тумасы Жұлын Кәрібаев милицияның қиын да жауапты қызметінде адал еңбек етіп жүргенінде Ұлы Отан соғысы басталады. Тыныш, бейбіт өмір сүріп жатқан еліне опасыздықпен щабуыл жасап, талай ананы сүйікті жарынан, қаншама сәбиді әкесінен айырып кеткен неміс-фашистеріне деген кек пен өшпенділік қараталдық Отанын сүйген патриот ұлды өз еркімен соғысқа аттануға жетеледі. Жасқану, бой тасалап, қорқу қасиеттері қазақ жауынгерлеріне ежелден жат емес пе, милиция қызметінің ыстық-суығына шарықтай шыңдалған жас офицер Жұлын Кәрібаев жауына жасындай тиіп, майдандастарына ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Талай арнайы тапсырмаларға жөнелтіліп, сол сындардан сүрінбей өтіп, абыроймен орындап жүрді. Сондай жан алысып, жан беріскен,Украинаның Белоцерковь қаласын фашистерден азат ету кезіндегі кескілескен ұрыста 1944 жылдың 31 қаңтарында ол ерлікпен қаза тапты… Ержүрек атаның асыл қаны мен елсүйгіштік қасиеті бойларына молынан қонған ұрпақ – немерелері Қайрат, Мақсұт пен Асхат ата жолын қуып, ел тыныштығын сақтау қызметінде абыройлы еңбек етіп жүрсе, шөбересі, яғни Асхаттың ұлы Бақытжан да бұл саладан алыс кеткен жоқ. Алматы қаласындағы Әскери Академияның үшінші курс студенті – әскери-саяси дайындықтың үздігі, разрядты спортшы. Ұрпақ сабақтастығы деген осы да! Бұлардың бәрі Жұлын атаның Сейдеғали және Болатқали атты ұлдарынан тараған ұрпақ. Әңгіме арқауы болып отырған полиция полковнигі Асхат Жұлынов Ескелді би, Балпық баба сынды қасиетті әулие-әмби, билердің сүйегі жатқан іргелі Қаратал өңірінде дүниеге келді. Мектеп қабырғасынан соң, жанұядағы балалардың үлкені емес пе, әскерге шақырылғанға шейін ата-анасына көмектесу мақсатымен өзінің туған ауылында механизатор болып еңбек етті.Сол кезден-ақ ол жауапкершілік жүгін терең сезінетін оғлан екендігін көрсеткен еді. Отан алдындағы міндетті борышын Ош қаласында шекарашы болып өтеп келген соң Алматыдағы арнайы орта милиция мектебіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтайды. Құқық қорғау органы қызметіне келу тарихын Асхат Болатқалиұлы былай деп әңгімелейді: ес білгелі жадағай ғана үйіміздің төрінде Жұлын атамыздың ақбоз аттың үстіндегі милиция формасымен, қылыш асынып түскен суреті ілулі тұратын. Атамның бейнесі көзіме оттай басылып, соған қараудан бір жалықпайтынмын. Сонда балалық қиялмен: «үлкен болғанда атам сияқты милиция боламын», – деп армандаушы едім. Ия, арман дегенің адамды алға жетелейтін құдіретті күш қой. Әрине, аңсаған арманым қашан орындалады деп күтіп, еш әрекетсіз отырсаң ештеңе өнбейтіні анық. Сол жолда оқу, іздену, талаптану, қажырлылық пен маңдай теріңді төгіп еңбек етуің керек. Міне, осы қасиеттердің бәрі қылшылдаған жігіт – Асхаттың тал бойынан молынан табылатын. Милиция мектебін бітірген жас лейтенант органдағы қиын да жауапты қызметін Талдықорған қаласында учаскелік инспектор лауазымынан бастаған еді. Ерінбей, ізденіспен еңбек ететін, жауапкершілікті терең сезініп, табандылық танытатын еңбеккердің еңбегі қашанда еленеді емес пе?! Үштөбе қаласындағы желілік милиция бөлімінің инспекторы, сол бөлімнің тергеушісі, Талдықорған облыстық Ішкі істер басқармасының МАИ жеке батальонының аға инспекторы, Көксу ауданы ІІБ МАИ бөлімшесінің аға инспекторы, Алматы облыстық ІІБ-да қылмысты іздестіру бөлімінің аға инспекторы, тағы да басқа жауапты лауазымдарда қызметін абыроймен атқарған азаматымыз еңбек жолында бірде-бір рет сөгіс, немесе ескерту алып көрмепті. Тек қызмет сатысымен өрлеп, еңбегінің өтеуі ретінде, әр полиция қызметкерінің ары мен ұяты саналатын оның погонындағы жұлдызшалары жыл өткен сайын көбейе берді. Ең бастысы, қай лауазымда істесе де, басшылардың ғана емес, халықтың сенімінен шығып, тәртіп орнату, қылмыспен күресу, оның алдын алу арқылы азаматтардың Конституциялық құқығын қорғау жолындағы еңбегінде арқалағаны тек алғыс болды. Соның бірден-бір дәлелі емес пе, жақында ғана, дәлірек айтсам, ҚР Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант Қ.Қасымовтың 2014 жылдың 30 сәуіріндегі №112-ші бұйрығымен кезектен тыс полковник шенінің берілуі. Кезектен тыс шен ілуде бір, ерекше жағдайларда беріледі ғой! Асхат осы қиын да қауіпті болғанымен, отыз жылдан астам ел үшін аса қажет қызметті атқарған уақыт ішінде қандай ғана қиындықтарға жолықпады. Ұйымдасқан қылмыстық топтың қоқан-лоқысын да естіді. Пара ұсынған жағдайларды да бастан кешті. Тіпті, көрінеу ажалмен де бетпе-бет келген жәйттер болды. Алайда, «аққа Құдай жақ» дегендей, барлық жағдайда династия атын таза ұстап, азаматтық ары мен намысын жоғары қойды. Заң талабымен ғана жүріп, полиция офицері атына кір келтірмеді. «Ажал» демекші, қауіпті де, қанқұйлы қылмыскерлерді қолға түсіру кезінде мектеп қабырғасынан бастап өзіме серік еткен спортымның көмегін көп көрдім. Қашқан қылмыскерді адым аштырмай қуып жетуіме жеңіл атлетикамен айналысуым, қоян-қолтық ұрыс кезінде қарсыласымды жер қаптырып, қолдарына кісен салу үшін күрес, самбо әдістерімен қаруланғаным әрқашан мерейімді үстем етіп, жеңіске жеткізіп отырды. Әріптестерімнің саяси ғана емес, моральдық, рухани және дене тәрбиесіне де жауапты адам болғандықтан, жеке құрамның спорттық бабының да тиісті деңгейде болуына қатаң талап қоямын, деген еді Асхат Болатқалиұлы әңгіме барысында. Ия, «шынықсаң шымыр боларсың», «тәні саудың жаны сау» деген асыл сөздер бекер айтылмаса керек. «Еңбегіне қарай өнбегі» деген ғой қазақ аталарымыз. Жоғары басшылық тарапынан, полковник Асхат Жұлыновтың ел үшін еткен адал еңбегі әділ бағаланып та келеді. «Ішкі істер органындағы мінсіз қызметі үшін» медалінің үш бірдей дәрежесімен, «Ішкі істер органының ардагері» медалімен, 2012 жылы ІІО-ның 20 жылдығына байланысты мерекелік төсбелгімен, сол сияқты, І997 жылы «ІІО-дағы мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталды. Мерекелік даталарда алған мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтары қаншама!
Қай салада болмасын, ардагерлердің жастарға тәлімгерлік жасауы қалыптасқан үрдіс қой. Бұл мәселеде де Асхат Болатқалиұлының мақтанарлық істері көп. Мәселен, одан тәлімгерлік алып, қазіргі таңда өзімен тізе қоса жемісті еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлері: Қаратал аудандық ІІБ кадр тобының аға инспекторы, полиция майоры Дәулен Молдағалиев, штаб қызметінің аға инспекторы, полиция капитаны Әсем Мұхамадиева, Әкімшілік полициясы бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Жеңіс Мәлікбазаровтың өзінің тәлімгерлік ұстазына деген алғыс сезімдері ұшан-теңіз. Басқа аудан, облыстарға лауазымдары өскендіктен ауысып, қызмет жасап жүргендері қаншама! Алаңдамай, жемісті еңбек ету үшін арттағы «тылдың», яғни жанұяңның қолдауы қажет екендігін ешкім жоққа шығара қоймас. Бұл орайда, жүрек қалауымен 1988 жылы ұлағатты ұстаз Ғалия Сманова атты сұлумен қосылып, шаңырақ көтерді. Таза да, адал махаббаттарының белгісіндей болып, Әсем және Бақытжан атты қаракөз сәбилері дүниеге келді. Жетісу Мемлекеттік университетінің экономика факультетін үздік бітірген Әсемнен сүйген Алтын, Дария атты қос немерелері гүлдей жайқалып өсіп келеді. Жоғарыда атап өткендей, Бақытжаны әскери академияның курсанты.
…Қияқ мұрты әдеміше өңіне жарасып, жүзінен мейірімділік шуағы төгіліп тұрған орта бойлы, полиция полковнигі погондары өңіне жараса қалған Асхат Болатқанұлы Жұлынов аудандық ІІБ кеңсесі бағытын бетке ала асыға басып келе жатыр. Асығатын жөні де бар. Полиция қызметкерінің қауырт жұмысы таусылушы ма еді?! Алда әлі талай-талай қиын да, жауапты шешімін табар істер күтіп тұр…

Ғабдул Сәбит ЮСУПОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Қаратал ауданы,
Алматы облысы

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған