ҚАЛАМ ҰШЫНДАҒЫ БАҚЫТ

 

20140317_223021Ертеректе бір бай кісі халық арасында жарыс жариялайды.Қағаз бетіне бақыт сезімін дәл түсіре алатын ең жақсы суретшіге бағалы сыйлық пен ірі көлемде ақша беретіндігін айтып, жаһанға жар салыпты. Жарысқа дүниенің түкпір-түкпірінен сан мыңдаған суретші қатысады. Жарыс соңында ең ыждаһаттылықпен салынған деген екі сурет таңдалынып алынады. Суреттердің бірінде тұнық бір көл. Көлдің беті айнадай болғаны соншалық, айналасындағы таулардың бейнесі шағылып тұр. Мүлгіген әсем тыныштық пен мөлдірлік. Ал екінші суретте тік, күрделі таулар. Күн күркіреп, жаңбыр жауып тұр. Тау бөктеріндегі сарқыраманың қасында кішкентай құстың бейнесі. Құс судың ортасына ұя салған екен. Бірден жеңімпаз болып осы сурет атанды. «Бақыт – қиындықтарға қарамастан, жүрегімізде жарастық таба білуінде» деген сөз осыдан қалыпты.

Өз ойың мен жан дүниеңдегі жан түсінбес сезімдерді ақ қағазға қалам ұшымен өрнектеп шығу әркімнің қолынан келе берер іс емес. Әсіресе, құқық қызметкері бола тұрып, нәзік қаламмен достаса білу – жанның тазалығы мен жүректің нәзіктігіненн хабар беріп тұратындай. Осындай қылқаламды өзіне серік еткен тәртіп сақшысы – Оразалиев Ғабит Жандосұлы. 1977 жылдың 18 маусымында Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы Бұхарбай батыр ауылында дүниеге келген. Бала кезінен қарапайым қаламнан туатын шеберлікті өзгелерге мойындата білген. Оған мектеп қабырғасында болашақ суретшідей қарайтындар да болды. 1996-1998 жылдары Қарулы Күштерінде Алматы қаласында 21770 әскери бөлімінде әскери борышын өтеу барысында да бұл хоббиді бір сәт те естен шығарған емес. Тіпті, әскер қатарында жүргенде де, басшылардың назары Ғабиттің суретіне ауады. Сонымен, сол сәттен бастап ол бөлімдегі қабырға газеттерін, стендтерді шығарудың шеберіне айналады. Алыстағы анасы не қарындасына, сүйгеніне арнап арнайы сурет салдырғысы келетін сарбаздардың да өтініші де жиі айтылатын. Жаратылысынан шығармашыл адамның мұндайда өзгенің көңілін қалдыруы тіптен мүмкін емес.
– Кейінірек, арада жылдар өткен соң, әскер қатарында бірге болған бір досымды кездейсоқ өзге қалаға барғанда көріп қалдым. Жанында кішкентай екі бүлдіршіні, әп-әдемі келіншегі бар. Арқа-жарқа бір әңгіме айтайық, – деп қоймай, үйіне алып барды. Дастарқан жайылып, қонақжайлылық танытты. «Қонып кет!» деп тағы қолқа салды. Көнбеске амал жоқ. Екеуміз түннің бір уағына дейін әңгіме-дүкен құрдық.
– Менің сырттай ғашық махаббатым!, – деп саған айтып, сен суретін айнытпай салып беріп, сосын үшбу хатпен жіберілген қыз бейнесі есіңде ме? – деп сұрақты төтесінен қойды.
– Шынымды айтсам, ренжіме, есімде жоқ. Ол кезде өзің де білесің, маған ұсыныспен сүйген адамының суретін салғызғандар аз болған жоқ, – дедім. Рахаттана күліп алды да, «Есіңде болмаса былай, сол сурет пен хатқа жазылған өлеңіңнен кейін арманымдағы ақ құсымды қолыма қондырдым. Рахмет, саған! », – деді. Мен не дерімді білмей, кібіртіктей бердім. Шынымды айтсам, ыңғайсызданып та қалдым. Өйткені, мұндайды күтпеп едім, – деді Ғ. Оразалиев. Кейін болашағынан зор үміт күттірген Ғабит Жандосұлы өзге саланы таңдайды. Қызылорда қаласындағы заң колледжін, кейін Болашақ университетінің заң факультетін тәмамдап, заңгер мамандығын иемденеді. Алғашқы қызмет жолы Қызыл­орда облысы ҚАЖ комитетіне қарасты 3К-169/5 түзеу мекемесінде аға-бақылаушы қызметін атқарудан бастау алады. 2008 жылдан бері 5547 әскери бөлімі атқыштар ротасында маман-оператор қызметін жауапкершілікпен атқарып келе жатқан прапорщик. Сурет салумен қатар, әуелетіп ән де салатын Ғабит бүгінде жары Ләззат екеуі Қасымжомарт, Даниял атты екі ұл, Анель есімді қыз тәрбиелеп отырған бақытты отбасы. Ғабиттен ең жақсы көретін суретін атауды сұрағанымызда, ойланбастан батыр Бауыржан атамыздың келбеті екендігін айтты. Себебін де сұрадық:
– Өйткені, ол кісіден алар үлгі-өнегеміз өте көп. Бауыржан Момышұлы атамыз өз өмір жолымен де, шығармаларымен де отансүйгіш жастарға кумир бола алады. Байқап қарасаңыз, әсіресе, құқық қорғау қызметін таңдаған жастар осы кесек тұлғаға көп еліктейді. Мен де кезінде Бауыржандай батыр болсам деген арманның жетегінде осы мамандықтың иесі атандым. Суретшілік жолды таңдағаным дұрыс екендігін айтқан жандар да аз болмады. Бірақ, жүрегім өз қалауын жасады, – деп жауап қатты Ғабит өзінің сүйікті хоббиінен ешқашан да ажырай алмайтындығын үнсіз мойындаған кейіпте. Шығармашылық адамдарының жақсы туынды шығаруы үшін күй талғайтыны жазылмаған заңдылық. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де сурет салу үшін ең алдымен тыныштықтың орын алуын қалайды екен. Әріптес досы Ерлан Рахановтың айтуынша, қызмет бөлмесінің немесе дәлізінің қабырға тақтайшаларын жасағанда Ғабит үнсіз қалады екен. Әріптестері де оның жұмысына кедергі жасамауы үшін тым-тырыс қалатын көрінеді. Бірақ, жүректен туған туындылары әрқашан ешкімді де бей-жай қалдыр­майды екен.
– Менің үлкен ұлым да сурет салуға бейім. Ол көбіне табиғат құбылыстарын бейнелегенді жақсы көреді. Мен баламнан шынында да нағыз суретші шығар деп үміттенемін, – деді Ғабит тебірене. Аңыз не ақиқатын кім білсін, ықылым заманда талантымен талайды таң қалдырған бір керемет суретші болыпты-мыс. Оның әрбір туындысын бүкіл халық зор ықыласпен күтеді екен. Бір күні ол сиясы кеппеген жаңа туындысын кепсін деген мақсатпен ашық тұрған терезенің жақтауына сүйеп қойыпты. Суретте ыдыс толы қып-қызыл шие ұстап тұрған бала бейнесі салыныпты. Кенет алыстан бір торғай ұшып келіп, сурет бетіндегі алқызыл шиені шоқи бастапты. Жиналған қауым шу-у ете қалыпты. Суретшінің дарынын тағы бір мойындаған олар небір мақтау сөздер айта бастапты. Бірақ, суретшінің көзінен аққан жасы омырауын жуып кетіпті. Аң-таң болған халық, себебін сұрай бастапты.
– Егер мен шын мәнінде де сіздер айтқандай, дарынды суретші болсам, сол торғай шие толған ыдысты ұстап тұрған баладан үркіп, жақындамаушы еді. Мен нағыз суретші емеспін, – деп әлгі суретті жыртып тастапты.
Бұған дейін біз суда жүзумен, шаңғы тебумен, жәдігер жинаумен, өз сезімін өлеңмен өрнектейтін, спортпен айналысатын, ағаштан түйін түйетін тәртіп сақшыларын жазған болатынбыз. Бірақ, олардың әрбірі «Бұл тек менің сүйікті ісім ғана!» деуден еш танған емес.
– Сурет салғанда сол қағазда кейіпкермен немесе табиғатпен, жалпы салған суретіме байланысты тым алыс бір кеңістікке кетіп қалғандай тамаша күй кешемін. Мына күйбең тіршілік әдіре қалады. Қызметіме қатысты суреттерді бейнелесем, Отаныма деген махаббатым кеудемнен шығып, тасып кеткендей болады…, – деп сыр ақтарды кейіпкеріміз. Ия, қай өнердің болмасын, қиындығы бар. Адамға сыйлайтын тылсым сезімі де шексіз…

АЙГҮЛ ӘЖІБАЕВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*