КЕШ ОРЫНДАЛҒАН АРМАН

Хобби-1Апта сайын саябақтарда немесе қала сыртына шығып шаңғы теуіп, күнделікті күйбің тірліктің құрсауынан бір сәт болса да босап, сергіп қайтқанды жақсы көретіндер некен-саяқ. Бұл спорт түрін өзіне бала кезден хобби ретінде қалап алған құқық қызметкерімен кездесу бізге тұшымды әңгіме мен жақсы көңіл-күй сыйлады. Шаңғы – өмірінің бір бөлшегіндей болып кеткен полиция капитаны Ғабит Кенжеқожаұлының қызықты оқиғаларға толы өмірін өз аузынан тыңдасақ.

БАЛА ҚИЯЛЫ
Мен туып-өскен ауыл Омартау тауының етегінде орналасқан. Табиғаты ерекше. Таулы жердің, әсіресе, қысы көркем болады. Бала кезімізде асыр салып ойнағанды тәуір көретінбіз. Жазда суға шомылсақ, қыста шаңғымызды арқалап тауға қарай беттейтінбіз. Ауыл бойынша шаңғы төрт-ақ балада бар болатын. Жалынып-жалбарынып, кейде тәттіге айырбастап сол шаңғыларды кезектесіп тебетінбіз. 7-сынып оқитын кезім. Қыстың суық күндерін тау баурайында өткізіп, мәз-мейрамбыз. Шаңғыны аяғыма байлап, кезегім келгенде мен де төмен қарай құлдилай жөнелдім. Кенет тарс етіп тасқа соғылдым да, етпеттей келіп құладым. Тіземнен аққан қан, жан-жағымдағы балалардың шуылдасқан даусы мені естен тандыра жаздады. Жалма-жан үйге қарай жүгірдім. Бірақ, кіруге жүрегім дауаламады. Есік алдындағы сарайда кеш қарайғанша отырдым. Қараңғы түсе қарным да ашып, тіземдегі жарам да жаныма батып ауыртқан соң амал жоқ үйге кірдім. Әке-шешем қойшы ауылда болғандықтан, үйге бас-көз болып отыратын ағам Бақыт болатын. Енді құрыған жерім осы шығар деп тұрмын іштей. Бірақ, көп сұрақтың астына алмай, қайта маған бәйек болып, дереу төсекке жатқызып, жарамды жуып, таңып берді. Кешкі тамақ іштік. Түсімде өзімнің жеке шаңғым бар екен деймін. Таудан төмен қарай сырғанап жүрмін. Қанша жылдан бері арманымның орындалғанына қуанып, бар даусыммен айқайлап қоямын… Таңалагеуімде ағам мені қойшы ауылға жеткізді. Сонда жатып апамның ем-домымен тез-ақ жазылып кеттім. Шаңғы тебуге салынған тыйым мен тіземдегі тыртық келесі жылғы қыс айында ұмыт болып, қайта тауға қарай беттедім.
САРБАЗ САҒЫНЫШЫ
Алтын ұя – мектебіммен қоштасып, әскер қатарына шақырылдым. Бұрынғы Талдықорған облысы, Кербұлақ ауданында 29-108 әскери бөлімінде борышымды өтедім. Әскерге бару – мен үшін Отан алдындағы борышты өтеу ғана емес, өмір деген үлкен кітаптың жаңа парағын ашу болды. Әскер маған көп нәрсе үйретті. Жауынгерлік әдіс-тәсілдермен қатар спорттың көптеген түрлерін көріп, тани бастадым. Денем шымырланып, өзімді нағыз ер-азамат санадым. Әскердегі талап пен тәртіп өміріме мән бергендей болды. Десе де, бойымды сағыныш сезімі билеп, жырақтағы ата-анама жазған алғашқы хатымды өлеңмен өрнектедім.
«Сағындым аяулы анашымды,
Салғанын ақ орамал жарасымды
Әскерге мен алыстап кетсем-дағы,
Ұмытпаймын аяулы көзқарасыңды», – деп тебірендім. Сол күннен бастап ішкі сезімдерімді өлең сөзбен жеткізе бастадым. Жанымдағы сарбаздар да «анама, ғашығыма, әпкеме» деп, өлең жазып беруімді жиі өтінетін. Кейін «ақындығым» полк басшысының құлағына жетіп, әскери бөлімнің тарихы жайлы өлеңдер жазуымды өтініп, оны дәліздегі тақтайшаға жазып, іліп қойды. «Қазақстан сарбазы» басылымына өлеңдерімді салуыма ұсыныс жасады. 1996-1998 жылдары әскер қатарында жүріп, құқық қызметкері, ия болмаса әскери тілші болуым керек деп шештім.
СТУДЕНТ СЫРЫ
Алматы Халықаралық журналистика институтында 1998-2002 жылдары білімімді жетілдірдім. Абитурент кезде кеудемдегі жұдырықтай ғана жүрегімді селт еткізген Салтанат есімді қызбен кейін бір группада оқитынымды білгенде төбем көкке екі-ақ елі жетпей қалған еді. Алдағы төрт жылыма үміт арттым. Күндер өтіп жатты. Өзі оқымысты қыз. Кітапханадан шықпайды. Арада көп уақыт өтпей-ақ, мен де «кітапкеміргішке» айналдым. Студенттік жылдары Алматы қаласындағы «Ресей» әмбебап дүкендер желісінің (супермаркет) ашылуына арнап тұсаукесер жырын жазудан жарыс ұйымдастырылды. Менің жазған өлеңім ең үздік деп танылып, мақтау қағазымен бірге 250 АҚШ долларын алғаным есімде. Бұл – студент үшін әжептәуір көп ақша. Дереу топтағы достарымды осы қуанышпен бөлісуге шақырдым. Бар ойым, Салтанатпен жүздесу. Осы кеште мен онымен жақынырақ сөйлесе бастадым. Кітапханада кітапқа шұқшиып көп қадалғанына қарап, тұйықтау ма десем, ол да өзім сияқты ашық-жарқын жан екен. Әңгімеміз тез жарасып, сол күннен бастап екеуміздің қарым-қатынасымыз нығая түсті. Тіпті, сол достықтың соңы шынайы махаббатқа ұласып кеткенін байқамай да қалдым. Үшінші курс оқып жүрген кезде Салтанат Сәдібекқызына үйлендім. Пәтер жалдап тұрдық. Бұрынғыдай Абылай хан көшесіндегі ұлттық кітапханада күндеріміз өтуде. Мерзімді басылымдар бетін ақтарып отырып, Абат батыр туралы аңызды кездестірдік. Асан қайғының ұлы – Абат туралы. Бұл есім бізге бірден ұнады. Зерттей келе, Абат – парсы тілінен аударғанда «гүлденген, жайқалған, жайлы» деген мағынаны білдіретінін білдік. Тұңғышымыз ұл болса, өмірі жайлы, мағыналы болсын деген ниетпен осы есімді берейік деп өзара келісіп те алдық. 2002 жылы өмірге алтын асықтай ұлымыз келді. «Абат» деп ат қойдық. Кешегі кітапханада өткен күндер артта қалды. Түнімен жұбайымыз екеуіміз отырып тапсырыспен рефераттар, курс­тық, дипломдық жұмыстарды жазып, табыс таптық. Дип­ломдық жұмысын қорғайтын кезде Салтанатқа топтағы 14 қыз көмектесті. Кезек-кезек баламызды көтеріп, мәре-сәре…
АСТАНА ТАҢЫ
Шат-шадыман күндеріміз сындарлы сәттерге ұласты. Жапон тілін меңгеріп, жоғары мамандық иесі атансам да, жалақысы жақсы жұмысқа орналасу мұң болды. Қарапайым журналистің орташа айлығы сол кезде 7 мың теңге болатын. Пәтер ақымыз 3500 теңге. Қалғаны неге жетпек? Сонымен құрылыс компаниясына барып 3 жыл бойы бетон құюшы болып жұмыс істедім. Алматы облысына қарасты Талғар ауданынан саяжай сатып алдық. Осылайша, жай-күйіміз қайта қалыпқа келе бастады. Студент жылдары «Өнерге әркімнің де бар таласы» атты өлеңдер жинағына өлеңдерім енсе, кейін «Қазақ үні», «Жас алаш», «Алматы ақшамы» газеттерінде мақала, өлеңдерім жиі басылып тұрды. Мұқағалидің өлеңдерін басыма жастанып оқу әдетке айналды. Кейін арман қуып Астанаға келдік. Мен ҚР ІІМ Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкіне, әйелім «Астана» радиосына жұмысқа орналасты. Бүгінде жүргізуші-редактор. Араға жылдар салып, 2009 жылы Нұрәлі атты екінші ұлымыз өмірге келді. 2012 жылы Астана қаласы әкімдігінің Тіл басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген «Отан от басынан басталады» байқауында отбасымызбен белсенді танылып, екінші орын жүлдегері атандық.
Жаңарып, жаңа қала жасарғанын.
Кезіп көріп талай еңбек жасалғанын.
Астанам саған алғаш келгенімде,
Қуаныштан көзіме ыстық жас алғанмын, – деп жырладым сол кезде.
Астанаға келген соң шаңғы тебуді қайта жалғастырдым. «Астана» сая­бағында апта сайын барып шаңғы тебемін. Бұл спорт түрінде бұлшық еттің жетілгені, шыныққаны маңыз­ды. Сонымен қатар, икемділік пен сенімділік керек. 2013 жылы ҚР ІІМ Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкі, Астана қалалық мамандандырылған күзет қызметі басқармасы және Дипломатиялық өкілдіктерді күзету жөніндегі полиция полктері арасындағы шаңғы тебуден өткен сайыста үздік шығып, I орынды иемдендім. Бүгінде бала кезімде арманға айналған шаңғыға қол жеткіздім. 25 мың теңгеге сатып алдым. Үлкен ұлым – Абатқа да сатып алып бердім. Арманымның кештетіп болса да орындалуы маған тағы да бақыт сыйлады.

АЙГҮЛ ӘЖІБАЕВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*