ОҚЫСТА ОПАТ БОЛҒАН ОҒЛАН

2012 ЖЫЛЫ МАУСЫМ АЙЫНЫҢ 21-ІНДЕ АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНДАҒЫ КІРПІШТІ КЕНТІНІҢ КӨПІРІ МАҢЫНДА БЕЙТАНЫС ҮШ ЖІГІТ ЖОЛ ПОЛИЦИЯСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ, ПОЛИЦИЯ СТАРШИНАСЫ ТЕМІРБЕК ЖАҚСЫЛЫҚБАЕВТЫ ОҚЫСТА АТЫП КЕТКЕН БОЛАТЫН.
Осы оқиғадан соң барша күш құрылымдарының қызметкерлері қылмыскерлерді құрықтауға жұмылдырылған еді. Арада бір тəулік өткенде күдіктілер Ақтөбе қаласының Краснощеков көшесіндегі №46 үй жанындағы темір қабылдайтын кішкентай сарайда қоршауға алынып, 5-6 сағатқа созылған келіссөздер нəтиже бермегендіктен, 2 қылмыскердің көзі жойылып, кəмелеттік жасқа толмаған жас жігіт тұтқындалған-ды. Кейін арнайы жасаққа қарсылық көрсетіп, атыс кезінде тек жараланып, аман қалған қаскөйдің 17 жастағы Ғабит Құрманқұл екені белгілі бо- лады. Бұл іс бойынша жүргізілген тергеу амалдары ІІД басшылығы та- рапынан жіті бақылауға алынады. Ақыр соңы дүйім елді қатыгездігімен дүрліктірген бұл қылмыстық оқиғаға соңғы нүкте қойылып, іс сотқа жолданды. Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ғабит Құрманқұлға қатаң үкім шығарып, оны 12 жылға бас бостандығынан айырды. Үкімді оқыған судья Шапағат Əлнияздың айтуынша, ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодекстегі 24-ші баптың (қылмысқа дайында- лу жəне қылмыс жасауға оқталу) 3-тармағы, 96-баптың (адам өлтіру) 2-тармағының «а, б, е, ж, л, н» бөлімдері, 179-баптың (қарақшылық) 4-тармағының «а» бөлімі, 233-баптың (терроризм) 2,4-тармақтары, 251-баптың (қаруды, оқ-дəрiлердi, жарылғыш заттарды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау неме- се алып жүру) 3-тармағы, 255-баптың 4-тармағы (қаруды, оқ-дəрiнi, жарылғыш заттарды күзету жөніндегі мiндеттердi тиiсiнше атқармау) бойынша кінəлі деп танылған. Бірақ, судья сотталушыға қарата айтқан сөзінде: «Тағылған кейбір айыптардың жаза- сы өте ауыр. 15 жылдан басталады. Бірақ сот сіздің қылмыс жасаған кезде кəмелетке толмағаныңызды ескеріп, жазаны жеңілдетті», – деді. Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласында 1994 жылы туған сотталу- шы Ғабит Құрманқұл 18 жасқа тергеу изоляторында толғандықтан соттың қатаң қаһарынан аман қалған-ды. Маусымның 22-і күні қызмет бабымен жүріп оққа ұшқан жол инспекторы Темірбек Жақсылықбаевтың туыстары «діннің атын жамылған террористерге ату жазасы да аз болмас еді» деп санайды. 2012 жылы маусымның 20- нан 21-не қараған түні Темірбек Жақсылықбаев қасында əріптесі Асқар Шерниязовпен бірге түнгі кезекшілікке түседі. Кезекшілікте жүргенде полиция қызметкерлері Кірпішті ауда- нында такси жүргізушісіне шабуыл жасалғаны туралы хабар алады. Дабыл түсісімен жол инспекторлары дереу оқиға болған жерге аттанып кетеді. Күнделікті қызмет барысында сан мəрте суыт хабар естіп, құқық бұзушылық дерегі туралы ақпарды қабылдайтын Темірбек бұл дабылдың өміріндегі соңғы екенін сол сəтте білмеген еді… Жалындап тұрған жігіттің жалынды жүрегі еш жамандықты сезбеген еді… Бірақ, ажал оны тасада күтіп тұрған болатын. Оқиға орнына барғанда Т.Жақсылықбаевты тасада тығылып тұрған белгісіз біреулер қастандықпен
атып өлтіреді. 2012 жылы маусымның 23-і күні Ақтөбе қаласының Краснощеков жəне Лермонтов көшелерінің қиылысы маңындағы темір-терсек қабылдайтын шағын сарайға бекініп алған үш адамнан тұратын қылмыстық топ пен полиция арасында жеті-сегіз сағатқа созылған келіссөз ешқандай нəтиже бермейді. Қаскөйлер өліспей беріспейтіндіктерін қарқынды қарсылығымен-ақ аңғартқан еді. Бар амалды қолданып баққан полиция қызметкерлері қылмыстық топты шабуылмен алуға бел буа- ды. Осылайша арнайы жасақ сар- баздары операцияны іске қосады. Ал түс ауа облыстық прокуратура арнайы операция қорытындысы туралы БАҚ-қа мəлімдеме жасайды. Мəлімдемеде «Шабуыл жасағандар: 1991 жылғы Жолмырза Бекбауов, 1994 жылғы Ғабит Құрманқұл жəне 1989 жылғы Ерназар Мырзағали. Олар Краснощеков көшесі, №46 үйден табылды. Олардың екеуі опе- рация барысында көзі жойылып, біреуі жарақат алды» деп хабарла- нады. Оқыста қарақшылардың қолынан опат болған оғланға бейбіт күнде ерлік жасап, қылмысқа қасқайып қарсы тұрғаны үшін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Темірбек Жақсылықбаев қайтыс болғаннан кейін ІІІ дəрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Бұл мемлекеттік награданы Темірбектің əкесі Мұратбай Қасеновке Ақтөбе облысының əкімі Архимед Мұхамбетов табыстады. Қызметтік міндеттерін атқару кезінде қылмыскерлердің қолынан опат болған полиция старшинасы Темірбек Жақсылықбаевтың артында жары мен Сұлтан есімді ұлы қалады.

Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*