Айбек ЖАНСЕЙІТОВ: Шығыс стилі – менің жандүнием

2 БерутҚазақ эстрадасына Бүркіт есімімен танылған Айбек Жансейітов өз әндерімен қазақ жастарын патриоттық рухқа тәрбиелеп, нәзік сырға толы шығармашлығымен тыңдарманына мөлдір сезім сыйға тартып келеді. Сахна төрінде ән шырқап жүргеніне 10 жыл болған Бүркіт өткен жылдың қазан айында ұлды болды. Әншінің қуанышын бөлісу мақсатында өзімен арнайы жолыққан едік. Әке болуды өзіне бақ санаған әнші ұлының есімін Зейін деп қойыпты.
– Айбек, әңгіменің әлқисасын өзіңіздің өнер жолына қалай келгеніңізден бастасақ?
– Бала күнімде шамасыз келгенше күй шертіп, шабытымыз шалқығанша ақындар айтысына қатысатынмын. 1997 жылдан бастап эстрада бағытына ауыстым. Бурабайда әскери борышымды өтеп жүрген кезім болатын. Сол жылдары «Нұрсат» деген музыкалық топ құрдық. Ол топ әлі де бар. 2002 жылы Алматыға келіп, Евгений Жагалтаев деген бұрынғы продюсеріммен жұмысты қайта бастадық. Осылайша өнер жолын қуып келемін.
– Шоу бизнесте танымал әнші атануыңызға ықпалын тигізген демеушіңіз бар ма?
– Демеушім де, қолдаушым да тек бір Алла тағала. Одан басқа демеуші жоқ менде. Осы кезге дейін ешкімнен ақша сұрап көрген емеспін.
– Репертуарыңыздағы әндердің көпшілігін өзіңіз жазып, оның оранжировкасын да өзіңіз жасайсыз. Қалай ойлайсыз, өзгеден гөрі өзіңіз жасаған туынды халықтың жүрегіне тез жол таба ма?
– Оранжировка жасайтыным да, өлеңдердің әнін шығаратыным да рас. Ал, ол әндердің сөзін анам жазады. Анам Айша Көпжасарова – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Туған жер», «Мекенім – Қазақстаным» секілді бірнеше әндердің сөзін жазған. Сонымен қатар, Ринат Зайытов бауырым да біраз әуендеріме сөз жазып берді. Алайда, сазгер екенмін деп тек өзім әнімді орындап, өзгелердікін ысырып тастамаймын. Себебі, әрбір әннің өз тыңдарманы болады.
– Шетелдерде түсірілген бейнебаяндарды да өзіңіз монтаждайды екенсіз. Техникамен жұмыс жасауды әншілік өнердің бел ортасына келген кезде үйрендіңіз бе?
– Техниканы бес саусақтай білемін деп мақтана алмаймын. Ал, бейнебаянға монтаж жасайтын кезде өзім басы-қасында жүремін. Ұнамайтын жерлерін алғызып тастап, жетпей тұрған тұсы болса соны жетілдіру үшін барымды саламын. Бір әнге бейнебаян жазған кезде де өзім сол процесті басқарып жүремін. Себебі, халықпен жұмыс жасап жүргендіктен, тыңдарманның сұранысын да жақсы білемін. Оны дөп басып, талғамы жоғары тыңдарман жүрегіне жол табу үшін бірінші – ән әсерлі, еншіден – түсінікті әрі көңілге қонымды бейнебаян болғаны абзал.
– Осы кезге дейін қандай шет мемлекеттерде жеке концерт бердіңіздер? Жырақта жүрген қандастарымыз сіздерді қалай қабылдады?
– Біз тек Түрік елінде жеке концерт бердік. Ол жерде біздің қазақ бауырларымыз ғана болған жоқ. Өзге де ұлттар келіп, әнімізді ұйып тыңдады. Бұл елдің бізге деген ықыласы өте керемет екенін аңғардық. Қазақтың салт-дәстүріне сай мал сойып, ет асып, бізді қонақ қылды. Алдағы уақытта жырақта жүрген қандастарымызға концерт қою жоспарда бар. Әрине, ол жағы уақыт еншісінде.
– Сіздердің орындап жүрген әндеріңіздің дені жастардың сүйіп тыңдайтын және де билеуге ыңғайлы болғанымен, оның түпкі мағынасында патриоттық тәрбие байқалады.
– Алғаш сахна төріне шыға бастаған кезде орысша әндерді көп айтатынмын. Сол кездері мені «Ресейден келген әнші екен» деп те айтып жүрді. Содан кейін, шетелдерге гастрольдік сапармен шыға бастадым. Бірде жат жерде жүрген қандас тыңдарман менен ана тіліміздегі әнді орындап беруімді сұрады. Сол кезде репертуарымда бірде-бір қазақша әннің болмағанына қатты ұялдым. Түрік елінің танымал хиттерін тыңдап отырсам, бәрі де өздерінің ана тілінде сайрап тұр. Міне, сол кезден бастап ойландым. Қазақтың керемет әндерін неге хит етпеске?! Немесе, жазған әндеріме орысша сөз жазғызғанша, ана тілімде, қазақтың жүрегіне жылылық ұялататын, санасына ой салатын өлең неге жазғызбасқа?! Осы ойды іске асыру мақсатында көп еңбек еттім. Соңғы 5-6 жылдан бері тек қазақ тіліндегі әндерді орындап келемін. Біздің орындауымыздағы бірнеше ән қазақ жастарының арасында хит болып та үлгерді.
– Қазіргі таңда Қазақстанда шоу бизнесінің ахуалы қандай?
– Елімізде бизнестің бұл түрі өте жылдам дамып келе жатыр. Бүгінде әншілеріміздің қараты да жыл санап артып келеді. Халықтың сұранысы артқан сайын, түрлі жанрда ән айтатын өнер адамдары бой көтеруде. Әрине, әр әншінің өз тыңдарманы болады. Жаңадан қанат қағып, өнер әлеміне жол тартқан әншілерге көңілім толады. Тиынның екі беті болады, сол секілді отандық шоу бизнестің де ақсап тұрған жері жоқ емес. Қандай мемлекеттің шоу бизнесін алып қарасаңыз да «қап әттеген-ай» дейтін тұстары бар.
– Концертте жанды дауыспен ән саласыз ба? Қазақтың киелі сахнасында әншілеріміз жанды дауыспен ән айтуы керек деген мәселе біраз көтерілді. Осы мәселеге көзқарасыңыз қалай?
– Бұл өте орынды сұрақ. Сонымен қатар, осы мәселені бәріміз бірге қолдауымыз керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бұл мәселені қоғам болып бірге көтерсек, бір нәтиже шығатыны анық. Себебі, біз қазақтың киелі сахнасын саны бар да, сапасы жоқ әншілерден тазартуымыз керек. Маған жанды дауыспен ән салған ұнайды. 2012 жылы «Хабар» телеарнасында тікелей эфирден көрсетілген «Саз әлемі» бағдарламасына қатысып, бір жасап қалғаным бар. Өкінішке қарай, көп жерде жанды дауыспен айтуға техникалық аппараттардың мүмкіндігі жол бермейді. Осы олқылық, әншілердің фонограммамен ән салуға мәжбүр етеді. «Елу жылда ел жаңа» деген сөз бар емес пе?! Сол секілді, жыл өткен сайын еліміздегі техникалар да жаңарып, қазақтың киелі сахнасында жанды дауыспен ән салатын кез келіп жетер.
– Айбек, «жігітке жеті өнер де аз» деп халқымыз бекер айтпаған болар. Сізде әншілік, тележүргізушілік және бизнесмендік өнерден басқа актерлік те дарын бар. Осы аз уақыттың ішінде қанша киноға түсіп үлгердіңіз?
– 2006 жылы «Жаным садаға» атты фильмде басты рөлді сомдадым, «Меч Махамбета» атты фильмнің пилоттық жобасын түсіруге қатыстым. Сонымен қатар, «Удивительная история» атты мюзикл-фильмінде де ойнадым. Дегенмен, маған актерлік өнерден гөрі әншілік өнер бір табан жақындау. Сондықтан да болар, актерлік өнерден бір жолата алыстағанмын.
– Қазіргі қазақ киноларына көзқарасыңыз қандай?
– Қазақ киносында нағыз кәсіби мамандар аз. Қазақ кино саласында кастингтер де өте төмен деңгейде өтеді. Режиссерлер актердің білімі мен талантына мән бермейді, тек түріне қарайды да келісе кетеді. Кино саласы да эстрада секілді болып келеді. Сценарий қанша жерден сәтті жазылғанымен, актерлер нашар болса, кино сәтті шықпайды. Керісінше сценарий нашар болып, актерлер шебер болса, онда оның сәтті шығуы әбден мүмкін. Ал егер сценарий де, актерлер де мықты болып, режиссер білімсіз болса, онда кинодан мән кетеді. Мен өзімді дарынды актер деп санамаймын. Сол себепті келешекте кино саласынан актер ретінде көрінгім келмейді.
– Осыдан біраз жыл бұрынғы сұхбатыңызда «Әнші ретінде шетелге танылсам арманым жоқ» деген едіңіз. Осы арманыңыз орындалды ма?
– Уақыт өткен сайын адамның өмірге деген көзқарасы да өзгереді. Мәселен, мен осы арманымды айтқаннан кейін көп кешікпей, өмірлік жарым Айшаны жолықтырдым. Отбасылы болғаннан кейін адамның көзқарасы тіптен өзгеріп кетеді екен. Мен үшін қазір ол арманым үлкен мақсат емес. Әрине, шетелдерге концертпен шығып жүрміз. Қытайға, Испанияға, тіпті, Голливудқа дейін де жеткенбіз. Бірақ «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген нақыл тура айтылған ғой.
– Әншілікті табыс көзіне айналдыру дұрыс па?
– Әрине, дұрыс. Әнші тек қаржы құйып өмір сүре бермейді ғой. Оларға да пайда көзі керек. Өкінішке қарай, аты бар да, хиті жоқ әншілер көп. Олар бір айда бір тойға шақырылса да мәз болады. Мүлдем тойға шықпайтын әншілер де бар. Қандай болмасын, концертте ән айтып, ақша табу мүмкін емес.
– Қазір екі әншінің бірі – продюсер. Сіз де өз стиліңізді шәкірт тауып, үйретуді ойламайсыз ба?
4-Беркут– Қазір кез келген адам продюсер боламын деп ойлайды. Продюсер болу үшін үлкен бизнес жоба және оны жүзеге асыратын қаржы болуы керек. Ел таныған үлкен жобасы жоқ адамдар «продюсермін» деп өзін таныстырғанда, күлкім келеді. Бір жобаны тек қазақ еліне ғана емес, бүкіл әлемге таныта білу керек. Қаржы мәселесі де оңайлықпен шешілмейтін дүние. Ән таңдау, оны жаздыру, түрлі жобаларға қатыстыру, киім мәселесі – осының бәрін бір кісі атқаруы керек. Сондықтан кез келген адам продюсер бола алмайды. Мен өзіндік стилім болғандықтан, продюсерлік қолымнан келеді деп ойлаймын. Шыны керек, продюсерлікпен айналысып, алтын уақытымды зая кетіргім келмейді. Тағы бір айтатын мәселе – әлемдік деңгейдегі байқауларға қатысқанды ұнатпаймын. Құдайға шүкір, халық өз бағамызды беріп қойды. Меніңше, ол бос әурешілік. Шығармашылығыңды өз халқыңнан артық ешкім де түсінбейді.
– Сіз өткен жылы Астана қаласында берген жеке концертіңізде домбырамен ән салдыңыз. Осы уақытқа дейін неге қазақтың киелі аспабын сахна төріне алып шықпадыңыз?
– Ол кезде домбырамен шығу қиындау болды. Өйткені, 2001-2002 жылдары орыс топтары көп еді, қазақ әндері сәнде болған жоқ. Ресейге еліктеудің нағыз қызып тұрған кезі. Қазіргі ғой тек қазақ тіліндегі концерттер мен кештер өзекті болып жатқаны. Көшеде кетіп бара жатсаң, көлік жүргізушілері қазақша әндер тыңдайтын болды. Бұл да заманның ағысы. Уақыт өте осындай жақсы өзгерістерге ұшырап жатырмыз, мен оған өте қатты қуанамын. Сондықтан да ол уақытта көрермендердің қалауы, қабылдауы басқаша болатын. Басында мен шығыс бағытын ұстанып, жаңа стильмен шығып, көрерменнің есінде қалып қойдым. Келесі бейнебаяндарды домбырамен жасаймыз деген ниетіміз бар. Оны заманауи жаңашылдықпен әрлеу қажет.
– Сіздің табыстылығыңыздың сыры неде?
– Ол сахнаға келгенге дейін менде болған қасиет. Кәсіпкерлік – талантым деп айтуға болатын шығар. Сондықтан да ақша санауды, ақша үнемдеуді жақсы білемін. Бұл жолмен таныспын деп айта аламын. Ақша санай білетін адам әрқашанда ақшаның құнын біледі. Оның қасиетін де біледі, ол бүгін бар, ертең жоқ нәрсе. Алайда, ақша – өмірдегі ең маңызды емес. Бірақ, аса қажеттілердің қатарында.
– Еншіңізде не бар? Бизнес көздерімен бөлісе аласыз ба?
– Қазір, Алматы қаласының орталығынан мейрамхана салып жатырмын. Көлік жуу стансасы мен көлік үйрету мектебін сатып жібердім. Аллаға шүкір, Алланың беріп жатқаны маған жеткілікті. Ал, ең негізгі қаржы көзі – ол менің шығармашылығым, өнерім және қазақтың тойы.
– Айша екеуіңіз бейнебаян түсірген кезде шетелдің керемет жерлерін таңдап, сонда түсіресіздер. Мұның сыры неде?
– Біз енді барлық бейнебаяндарымызды шетелде түсіре бермейміз, ол біріншіден орындалатын әнге байланысты. Егер өлең туған жер туралы болса, онда туған өлкеміз, кең байтақ жеріміз Қазақстанда түсіреміз. Сондай-ақ, біздің репертуарымыздағы әндердің көпшілігі билеуге икемді немесе батыс елдерінің ырғағы басым болса, шет мемлекеттерде түсіріп келеміз. Әрине, ел аралап, жер көрген жақсы. Сонымен қатар, бір елге барып, сол жерде қайта-қайта бейнебаян түсіре бермейміз. Себебі, көрермен бір көріністен тез жалығып кетеді. Ал, біздің мақсатымыз – тыңдармандарымызға әрдайым тосынсый жасап отыру. Сонда ғана халық біздің туындыларымызды асыға күтетін болады.
– Айша екеуіңіз бірге ән сала бастаған кезден-ақ, әндеріңіз Шығыстың я болмаса, латынамерикалық сарынға ауыса бастағандай. Осыны әзілқойлар да әзілге айналдырып алды. Оны естіген кезде ашуға бой алдырған жоқсыз ба?
– Бұл пікірмен мүлдем келіспеймін. Себебі, Шығыс стилі маған өте жақын. Бұл стиль дауыс ырғағыма да, жандүниеме де сай келеді. Сондай-ақ, бұл стильде ән айтқан кезде шабыттанып кетемін. Ән шығарған кезде де Шығыс стилі мен үшін жакын, әрі жаныма жайлы бір шуақ сыйлайды. Тыңдарманның да жүрегіне тез жол табады.
– Концерттік киімдерді шетелдік дизайнерлердің арнайы тіккен киім үлгілерінен аласыздар ма, әлде, Айша дизайнер болғандықтан оны әрбір әнге сәйкес тіктіресіздер ме?
– Біз шетелдік киімдерге көп қызыға бермейміз. Оларды арнайы іздеп жүріп те сатып алмаймыз. Бірақ, әрбір әнге сәйкес етіп таңдауға тырысамыз. Жаныма әрі стиліме жақыны – классика. Ал, Айша сахналық киімді өзі таңдайды немесе тіктіреді.
– Танымал адамдардың жеке өмірі әрдайым қарапайым халық тарапынан қызығушылық тудыратыны анық. Алайда, сіздердің сырттарыңыздан тон пішіп, түрлі сөз ермеген бірден-бір жұп деп айтуға болатын шығар. Осының құпиясымен бөліссеңіз?
– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп ата-бабамыз бекер айтпаған болар. Әкем ҚР ІІМ-нің ардагері, отставкідегі полиция полковнигі. Әкем әскери адам болғандықтан, бізге де қатаң тәрбие берді. Осындай тәрбиенің арқасында мен нағыз ержігітке сай үлгі-өнеге алдым. Сондықтан да болар, өмірдегі басты ұстанымым – бастаған істі соңына дейін жеткізу, артық сөйлеп, бос сөзге ерік бермеу. Ер адам үшін ең басты – отбасы. Егер отбасында ынтымақ болса, онда жұмысыңда да береке болады.
– Шығармашылық пен жеке өмір қаншалықты сабақтаса алады? Әлде келіншегіңіздің шығармашылық адамы болғанын әуелден қаладыңыз ба?
– Стратегия деген өте жақсы дүние. Оның көмегі тиіп жатыр, тиді де. Мысалға мен жұбайымның қарапайым адам болғанын қаламадым. Өкінішке орай, ол кезде «менің жүрегімді селт еткізген» жанды кездестіре алмады. Айша талантты, өнерлі жан. Оны көтеріп жіберетін адам болмады. Ал сол жерде екеуміз кездесіп, мен оны қолдап, демеп жібердім. Шығармашылық пен жеке өміріміз қайшы болмайды, екеуміз бір-бірімізді жақсы түсінеміз, сыйлаймыз. Отбасында сыйластық деген өте маңызды.
– Жұбайыңызбен қалай таныстыңыз?
– Досым би өнерінен сабақ берді, 2011 жылы туған күнімде өзінің оқушысын ертіп келді. Айша маған бір көргеннен қатты ұнады. Жарым өзімнен он екі жас кіші. Шығыс өңірі 11-12 жас кіші әйел отбасы үшін нағыз лайықты жас деп есептейді екен. Әйелім екеуіміз бір-бірімізге қатты ұқсаймыз, пікіріміз де, ойымыз да бір жерден шығады.
– Айшаны қолыңызға қондырар кезде, жұрт арасында небір алып-қашпа әңгімелер де жүрді. Соның бірі «ата-анасы өзге ұлттың қызын алуға қарсы болды» дегенді құлағымыз шалып қалған. Бұл қаншалықты рас?
– Әкем қарсы болды, алайда, анамның ойы, шешімі басымдау болып кетті. Анама Айшаның мінезі қатты ұнады. Ананың жүрегі алдамайды екен, менің көзім осыған анық жетті.
– Жұбайыңыздың ұлтын неге жасырасыз? Толық аты-жөнін де айтпауыңыздың сыры бар ма? «Айша» деген атты кім қойды?
01– Жан жарымның лақап аты өмірде де өзінің шын атына айналып барады. Мешітке барып, мұсылман дінін қабылдап, құран оқып, Айша есімін алды. Қазір үйде жатқан төсегінің басында құран жатыр. Мұсылман кітаптары бар, күнде сүре мен дұғаларды оқып жүр. Қараша айының 8-жұлдызында дүниеге Зейін есімді ұлымыз келді. Тұңғышымыз болғандықтан ұлымның есімін туған-туысқандарым койды. Мен үшін ең алғашқы орында отбасым, баламның тәрбиесі тұрады, ал үйдің шаруасы – әйелімнің мойнында.
– Еліміздегі сақшылардың қызметіне көңіліңіз толады ма?
– Сақшыларымыздың еңбегі орасан зор. Оны біз мойындауымыз әрі бағалауымыз керек. Әрине, олардың сыртынан бақылап отырған адамға сақшылар ананы жасамады, мына қызметін дұрыс атқармады я болмаса, ұрының артынан қумады немесе оны іздемеді деп тон пішу оңай. Қарапайым қызметкерлер секілді олар таңғы 9-да келіп, кешкі 18-де қайту дегенді білмейді. Себебі, олар еліміздің тыныштығын қорғау мақсатында 24 сағат бойы тынбай еңбек етеді. Біздің бейбіт өмір сүріп жүргеніміз де осы біздің сақшыларымыздың арқасы. Бауыржан Момышұлы айтқандай «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды». Тәртіп бар жерде, тыныштық та болады.

Сұхбаттасқан Раушан НАРБЕК

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*