Жаңа босанған сәбиін буындырып өлтірген

55Петропавлда жалға берілетін пәтерлердің бірінде жаңа туған нәрестенің мүрдесі табылды. Шақалақтың денесін риэлторлық орталықтың менеджері шкафтың ішінен тауып, дереу полиция қызметкерлерін шақырыпты.
Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 25 жастағы әйел тұтқындалды. Ол босанғанын жасырмақ болып, бір тәулікке пәтерді жалға алған екен. Дүниеге әкелген қыз баланың басына полиэтилен қап кигізіп өлтіріп, өзі пәтерді тастап кетіп қалған. Келесі күні жалға алушының неліктен кілтті тапсырмай жатқандығын білмек болған менеджер үйден шақалақтың өлі денесін тауып алады. Жедел іздестіру шараларының арқасында күдікті тағы бір жалға алынған пәтерде сол күні тұтқындалды. «Мамырдың 14 күні полиция бөліміне жалға пәтер беретін риэлтор хабарласып, жалға берілген пәтерлердің бірінде сәбидің мәйітін тауып алғанын хабарлады. Оқиға орнына келген жедел тергеу тобы үйдің ішінен басына полиэтилен қап кигізілген жаңа туған нәрестенің мүрдесін анықтады», – деп хабарлады тәртіп сақшылары. Қазіргі кезде күдікті облыстық перинаталды орталыққа босанудан кейінгі айықтыру бөліміне жатқызылды. Сот-медициналық сараптамасының қорытындысы бойынша, сәби тұншықтырылып өлтірілген екен. Күдіктінің айтуынша, ол бұл оқиғаға дейін де дүниеге сәби әкеліп, оны 2011 жылы балалар үйіне тапсырған көрінеді. «Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 97-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша күдікті 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», – деп хабарлады істі жүргізген Петропавл қалалық Ішкі істер басқармасының аға тергеушісі, полиция аға лейтенанты Нұржан Омаров.

Ерлан МАХМЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*