«Арланның» он бес асуы

Еліміз тәуелсіздігін алған тұста Ішкі істер министрлігі қылмысқа қарсы күрес пен құқық қорғау органдарын күш құрылымдарымен айрықша қолдауда арнайы мақсаттағы бөліністерге ерекше көңіл бөлді. Ондағы басты мақсат – ішкі істер органының қызметтік күшін арттыру еді.
Алғаш 1996 жылы арнайы мақсаттағы бөлініс «Сұңқар-1-16» болып құрылып, кейін бұл жасақтың атауы «Арлан» болып өзгертілді. Қазіргі таңда «Арлан» АМБ күштеріне қылмыскерлерді, оның ішінде қарулы қылмыскерлерді ұстау, қылмыстық процеске қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен күзет іс-шараларын өткізу жүктелген. Өткен жылы тек арландықтардың мұрындық болуымен 1,5 мыңнан астам жедел іздестіру шарасы іске қосылып, нәтижесінде 1,8 мың қылмыскер қолға түскен. Арнайы бөліністер 300-ден астам жедел операцияны жүзеге асырып, 17 қолдан жасалған жарғыш құрылғыны залалсыздандырса, 3 мыңнан астам штаттық оқ-дәріні жойған. Биыл, міне, «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлінісінің құрылғанына 15 жыл толып отыр. Осыған орай «Арлан» АМБ жауынгерлерінің рухы мен патриотизмін нығайту мақсатында департамент қызметкерлері арасында тапаншадан көздеп ату жарысы ұйымдастырылды.
Сайыс қорытындысы бойынша тапанша атудан өз мергендіктерімен сынға түскен командалардың арасында Қызылорда қалалық ІІБ командасы 1-орынды иеленді. Ал 2-орынды Қызылорда облыстық ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының мергендері қанжығасына байлады. Жарыс төрешілерінің шешімі бойынша Қызылорда облыстық ІІД-нің Жедел әрекет ету арнайы жасағы 3-орынға лайық деп танылды. Ерлер арасында мергендігімен бас жүлдені Жол полициясы басқармасының инспекторы Айбек Құлмағанбетов жеңіп алса, 2 және 3-орындарды қалалық ІІБ-ның қызметкері Марат Болдахов пен облыстық ІІД ҰҚҚКБ-ның жедел уәкілі Ғалым Құлжанов өзара бөлісті. Ал әйелдер арасында Жол полициясы басқармасының инспекторы Раушан Шохаева 1-орын, қалалық ІІБ-ның тергеушісі Ақмарал Белгібаева 2-орын, Жол полициясы басқармасының инспекторы Замира Сайғондыққызы 3-орынды иеленіп, бағалы сыйлықтармен марапатталды. «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлінісінің құрылғанына 15 жыл толуына арналған шара алдағы күндері басқа да спорттық жарыстармен жалғасын таппақ.

Қызылорда облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*