Тоқсанында да тыным көрмейтін Әбекең

Копия _адырбаев Жумаш img258Әбу ақсақал 90 жасқа келді. Десек те, ақсақалға әсте бұл жасты қимайсыз. Әрі кетсе жетпісті алқымдаған қария секілді. Әлі тың. Тіпті, қасында ертіп жүрген көмекші де жоқ. Редакцияға өзі келді. Бөлмедегі газеттерді көзілдіріксіз-ақ қарап отыр. Отставкідегі подполковник Әбу Полатбеков Ұлы Отан соғысының ардагері, сонымен бірге 32 жыл құқық қорғау саласында қызмет еткен. Отанды қорғауға, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосқан қарияны қалай дәріптесек те артықтық етпес.
Жастайынан қара жұмыстың күшімен жетілген Әбу ата Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Төлеби ауданының Екпінді ауылында 1923 жылдың 15 наурызында дүниеге келген. 1929 жылы әкесінің иелігіндегі азын-аулақ мал кәмпескеге ілініп, бұлар отбасымен Ташкентке көшіп кетеді. Алайда, төрт жылдан кейін-ақ, Отанына қайта оралған Жамалбековтер отбасы аудан орталығы Ленгірде тұрақтайды. Жетіжылдықты 1941 жылы Алғабас мектебінде бітірген Әбекең Шымкенттегі мұғалімдік училищеге құжат тапсырады. Келер жылдың маусымында әскер қатарына шақырылған ол Башқұрстанда әскери дайындық курсын тәмамдайды. Осы жерден сержант шенін алған Әбекең 1943 жылдың маусымында Отан қорғау үшін майданға аттанған. «Воронеж бағытында, дала майданында Курский-Орловский дұғасында, Белгород облысына қарасты соғыс аймағында болдым. 72-дивизиясының 26-полкін басқарып, үш рет алдыңғы қатарда соғысқа шықтық. Сөйтіп, Белгород облысына қарасты Великий Михайловка, Алексеевка Кашетова ауылын азат етуге қатыстық. Сол кезде 10 солдаттан екі жігіт қана аман қалдық. Сұрапыл соғыстың жүрекке салып кеткен жарасы жазылғанымен, сыздаған дерті сол күйі қалды. Белгородтағы бұл соғыс өте ауыр болды. Окопта жатып әлсіреп бара жатып шым ете қалған оң аяғыма қарасам етігім қанға толып кетіпті. Бұл 1943 жылдың 29 шілдесі болатын», – деп өткенді есіне алады қария. Сол күні Әбу жауынгердің жанында Шаян ауданының жігіті болған екен. Ол қансыраған жерлесін палаткаға салып алып, жарақат алған солдаттардың жанына алып барады. Кешке таяу жаралы солдаттарды көлікпен 50 шақырым қашықтықтағы ауруханаға жеткізген. Емі толық бітпесе де 6 вагон жаралы солдатты Тамбов қаласына пойызбен жібереді. Өкініштісі, эшалонға фашистер оқ жаудырып, үш вагон қирап қалады. Үш күн бойы ас-ауқатсыз, жара таңатын санитарсыз қалған жаралы жандар небір қиын сәттерді басынан кешіп жатты. Көшін әрең түзеген пойыз үш күннен кейін барып Тамбовқа қарай жүйіткиді. Красноярск өлкесінің госпиталіне түскен жаралылардың ішінде Әбекең де бар еді. Дәрігерлер оның аяғын алғашында «емделуге келмейді, кесеміз» деп шешіпті. Алайда, сол госпитальда 5 ай емделген соң ғана өз-өзіне келеді. Бірақ, Кросноярск қаласындағы басқа ауруханаға ауыстырылады. Сөйтіп, 1944 жылдың басында комиссия қазақ солдатын ІІІ топтағы мүгедек деп шешеді де, Омскіге жұмысқа жібереді. Әбу Полатбеков танк зауытында отряд бастығы болып та жұмыс істеген. 3-4 айдан кейін қызыл әскер қатарына шақырылып, онда біраз уақыт әскери комиссариатта жұмыс істейді. Кейін қайтадан соғыс майданына аттанады. Бұл кезде соғыс Варшава қаласында өтіп жатқан болатын. «Біздерді эшалоннан түсіріп алып жүргізушілік оқуына жіберді. 1945 жылдың маусымында жүргізуші куәлігін алып, Германияның Дрезден қаласына 50 шақырым қашықтықта орналасқан Лигинседегі автобатальонда жүргізуші болып істедім. Мұнда көліктің барлық түрі бар еді. Тұтқын немістер келіп, автокөліктерді бөлшектеп, жәшікке салып Кеңес өкіметіне жөнелтетін. Мен екі мәрте сол көлік бөлшектерін вагонмен Беларусь вокзалына апардым. 1946 жылы барлық жүргізушіге америкалық көлік берді. Біз онымен Францияға, Италияға басқа да мемлекеттерге тұтқындарды тасыдық. Тұтқындардың көбісі еліне қайтқысы келмейтін. Себебі, оларға өз жерінде сатқын ретінде қарап, көнбегендерін атып тастап жатты. Осылайша, көптеген қиындықтармен бетпе-бет келіп, 1947 жылы Қорғаныс министрінің бұйрығымен елге қайттық», – дейді атай. Ауылда ата-анасы сағынып күтіп отырғанымен, ел жағдайы әлі түзеле қоймаған шақ. Тұрмыс төмен, елдің жағдайы да жақсы емес. Бірақ, Әбекең өзінің өжеттігімен әке-шешесінің қолындағы жалғыз биенің қымызын Шымкентке әкеліп сатып күнелтіпті. Үйіне бір қап ұн ала барады екен. Ал ішерге асы жоқ ауыл-аймақ мұны алыстан күтіп отырады. Бір пиала қымыз, бір илем ұн сұрағандар көп. Бірде Шымкентте кезіккен бір шал қымызды өзінің үйіне жеткізіп беруін сұрайды. Әбекең ол кісімен тез тіл табысып, сұраса келе оның НКВД-да жұмыс істейтін ұлымен танысады. Сөйтіп, алғырлығы арқасында Әбекең Ташкент қаласына екі жылдық НКВД-ның оқуына кетеді. Осылайша құқық қорғау саласына ойда жоқта келген Әбу Жамалбекұлы 1949 жылдан бастап облыстық әр аумағында тәртіп сақшысы қызметінде еңбек сіңірген. Ал, 1954 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Мақтаарал, Сарыағаш, Қазығұрт, Келес аудандарында автоинспектор, аудандық МАИ бастығы қызметтерін мінсіз атқарған. Подполковник шеніне дейін көтерілген Әбу Полатбеков ол уақыттың қиын кезеңдер болғанын еске алады. «Көлік аз, адамдар уақытында жұмысына баруы керек. Әрі ол жақта мақта егіледі. Қысы-жазы демалмастан жұмыс істедік», – дейді қарт майдангер әңгіме барысында. Қарияның кеудесінде жарқыраған медальдар мен құрмет грамоталары оның тынымсыз еңбегінің жемісі екені көрініп тұр. Әбекең жұмыс істеген жылдары Сарыағашта жол-көлік апаттары азайып, тек облыста ғана емес, Одақ бойынша алдыңғы көрсеткішке көтеріліпті. Қария жол апаттарын азайту үшін талмай жұмыс істегенін айтады. Жол ережелерін сақтау, тағы басқа да ақпараттық-насихаттық брошюларды көптеп жасатып, мектептерге, мекемелерге таратады екен. Өзі де ұжымдарға шығып, жиі дәріс оқыпты. Сонымен бірге, автокөлік мектебіне ерекше көңіл бөлген. Жүргізуші мамандығын алып жатқандардың біліміне, тәжірибеден өтуіне сын көзбен қарап, білімін шын дәлелдеп шыққандарға ғана жүргізуші куәлігін берген. «Бүгінде жол сақшылары жұмыс істемейді деуден аулақпын бірақ, көбісінің өз ісіне салғырт қарайтыны, немқұрайлық танытатыны жиі орын алып жатқан сұмдық жол апаттарына себеп болуда», – дейді Әбу ата біздің бүгінгі жол сақшылары туралы пікірін сұраған сауалымызға. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Сарыағаш ауданында тұратын қария Орал апа екеуі 7 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасы. Қазіргі таңда сол ұрпағынан 22 немере мен 3 шөбере сүйіп отыр. Алайда, осыдан 10 жыл бұрын әжей өмірден өткен. Қазір ақсақалдың жанына жалау болып, жағдайын жасап отырған екінші жары Рахима апай бар. Екеуі немерелерінің тәтті қылығымен қызықты күндерін өткізіп жатқаны жайы бар. Әбу атамыздың Отан қорғаудағы еңбегі үшін алған медаль, ордендерінен бөлек, жұмысындағы жетістіктеріне алған грамоталары да ұшан-теңіз.

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, Оңтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*