Психолог ұжымның ұйытқысы

DSC_5574Бүгінгі таңда психология мамандығы ең танымал мамандықтар бестігіне кіреді. Психолог мамандарына жүктелетін міндет жауапкершілікті талап етеді. Қай ұжымда болсын әріптестерінің әрқайсысымен мәдени қарым-қатынаста болып, олардың пікірімен бөлісіп, сенімдеріне селкеу түсірмей сенімді серіктеріне айнала білу арқылы тұлғалық тұрғыда қалыптасуларына септігін тигізеді. Құқық қорғау саласының қызметкерлерін қанаттандырып, қызметке бейімдейтіндер де психолог мамандары екені айтпаса да түсінікті. Ұжымның ұйытқысына айналған Астана қаласы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының аға инспектор-психологі Зауре Смаилова мен аға инспектор-психолог, полиция капитаны Гүлбану Молдашбаевамен сұхбаттасудың сәті түскенде, әңгімеміз төмендегідей өрбіді.
– Орган қызметкерлерін күйзеліске ұшырататын әртүрлі факторлар орын алады. Төтенше жағдайда әрекет ету үшін қандай тәжірибелік сабақтар жүргізілуде?
– Психология саласында 4 бағыт бар. Олар психологиялық диагностика, психологиялық кеңес беру, психологиялық түзету және психологиялық профилактика. Белгіленген жұмысқа жас мамандарды бейімдеу үшін профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Жоғары оқу орнын бітіріп келген жас маман қызметке келген бетте оларға түсіндірмелі жұмыстар жүргізіп, яғни, осы құрылым жайлы бастапқы түсініктер бере келе құрылымның қыр-сырымен таныстырамыз. Сондай-ақ, диагностикалық жұмыстар жүргізіледі. Жас қызметкерлердің қызметке деген құлшыныстарын анықтаймыз. Қандай да бір қиындықтар туындаған жағдайда психологиялық түзету жұмыстары жүргізіледі немесе психологиялық кеңес беріледі. Күзет қызметі төзімділікті қажет етеді, ал жастардың психологиясы сыңғыш. Сол себептерден де жаңадан қатарға алынған жастармен тілдесу арқылы кезігетін қиындықтарды анықтаймыз. Кеңесу кезінде қандай да бір қиындықтардың төбесі көрінеді. Олар бұл қызметті оңай көреді. Тіптен, бұл салаға қызметкерлердің формасына қызығып немесе тағы да басқа себеппен келгендер жоқ емес. Астана қаласының Мамандандырылған күзет қызметі басқармасына қызметке қабылданған азаматпен бастапқы бейімдеу жұмыстарын жүргізу сәл қиындық туғызады. Себебі, барлығы олардың ойлағанындай болып шықпайды. Яғни, қатаң тәртіп, күшті талап, оларға жүктелетін функцоналдық міндеттермен таныса келе артқа тартынады. Әрине, олар еркіндікке үйреніп қалған адамдар болған соң да бейімделу оңайға соқпайды. Осындай сәттерде олар біздің есігімізді қағады. Тек біздің көмегімізге олардың ерікті түрде өздері жүгінгендері тиімді.
– Тренинг, арнайы сабақ, семинарлар өткізудің тиімділігі қандай?
– Отбасылық және жеке бас мәселесіне байланысты қиыншылықтар туындаса түзету жұмыстары жүргізіледі. Яғни, біз қызметкердің өзімен не болмаса жұбайымен тілдесіп, мән-жайды байыпты түрде жеткіземіз. Күзет басқармасының қызметкері күні-түні қызметте жүреді. Ал бұған жұбайларының бәрі бірдей түсіністікпен қарай бермейді. Қатарларында енді шаңырақ көтергендер, жас отбасылар, енді қызметке араласа бастаған жас мамандар бар. Отбасылық кикілжіңдер туындаған жағдайда қызметкердің келісімімен тұрғылықты мекенжайы бойынша психологтар шығып тұрады. Отбасылық мәселелерді шешу DSC_5590үшін қызметкердің жұбайымен кездесу өткізіп, кеңес береміз. Себебін біліп, салдарын түсіндіруге тырысамыз. Өзара қарым-қатынастары қандай екенін байқап, біздің құрылымға деген көзқарасымен,сондай-ақ,тұрмыстық жағдайларымен танысамыз. Қызметкерлердің қатарында құлшынысы күшті, көздері оттай жанып тұрған жас мамандар бар. Десек те өмірлік серіктерінің түсінбеушілік танытуы кері әсерін тигізбей қоймайды. Психологтардың тұрғылықты мекенжай бойынша шығып тұруы осындай кездері қарастырылған. Үйлеріне барғанымызда қызметкерлердің жұбайлары психологпен тілдесуден бас тартатын. Себебі, психологты психиатрмен шатыстырады. Психологтың кім екенін түсіндіріп, сенімге кіруге тырысамыз. Айта кету керек, бұл жұмыстар оң нәтижесін беріп жатыр. Ал қазіргі ұрпақтың басым бөлігі психологтың көмегіне сенімді түрде жүгінеді. Бұл дегеніміз психолог мамандарының сенімге кіргенін көрсетеді. Мәселен, шетелдерде әрбір отбасының өз психологі бар. Психолог мамандардың артықшылығы да сенімді түрде берілген ақпаратты таратпай, өздерінде сақтайды. Тіпті, кей кездері қиындыққа тап болған адамға көмек көрсету қолдан келмей жатады. Бірақ, тырысып бағамыз. Олардың сеніміне кіргеннен кейін сенімді түрде бізбен сырласып, мұң-мұқтаждарымен бөліседі. Яғни, бізден көмек күтеді. Ал қызметкерлер көбіне командирлермен ғимараттарда жұмыс істейді. Олар құпия ақпараттарды таратпауға үйреніп, қатаң тәртіпке бейімделеді. Тренингтер кезінде қызметкер қайта ашыла түсу керек. Осы ретте айта кету керек, тренингтер кезінде олар күнделікті жұмыс тәртібінен шыға алмай, ашыла түсулері қиындық туғызады. Ондай адамдарға психологиялық көмек көрсету де оңайға соқпайды.
– Орган қызметкерлері, оның ішінде МКҚБ мамандарының күдіктіні, қылмыскерді өзін-өзі ұстауынан-ақ танып білу үшін психологиясы дамыған болу керек. Психоэмоционалды қысымнан арылту үшін кішігірім таңғы нұсқаулықтар өткізіліп жүр ме?
– Ғимаратқа келген адам біріншіден біздің қызметкерді көреді. Азаматтар, әрине белгілі бір мәселенің шешімін іздеп, шаруасын тындыруға келеді. Ал нысанаға рұқсатнамалық жүйе арқылы өткізіледі. «Адамның аласы ішінде» демекші, нысанға күніне бірнеше адам келеді. Біздің қызметкер оларды тиісінше қарсы алып, бір тілде сөйлесуі керек. Сондай-ақ, рұқсатнамалық жүйеден өтуді жөн санамай, қызметкердің өзіне бас салатын адамдар да жоқ емес. Дәл осы сәтте жаңадан келген қызметкер сасқалақтап абыржып, күдіктеніп қалуы мүмкін. Ал біз қызметкерлерге осындай сәттерде ұстамды болуды үйретеміз. Кеңес беру арқылы қиындыққа тап болған жағдайда қалай әрекет ету керек екені түсіндіріледі. Біздің қызметкер нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес шешім қабылдайды. Осындай сәттерде психологиялық ыңғайын таба білу арқылы ушықтырып алмайды. Және қызметкер эмоционалды және стресті тұрғыда тұрақты болу үшін профилактикалық сабақтар өткізіледі. Яғни, төтенше жағдайда қалай әрекет жасау керектігі үйретіледі. Сондай-ақ, күзет қызметкері кәсіби психолог. Жеке құраммен қосымша тренингтер, сабақтар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, таңертеңгі нұсқаулықтар өткізуге шығамыз. Батальон бойынша таңертең психологиялық нұсқаулықтар өткізуге шыққанымда олар қандай күйде қызметке кірскелі тұрғандарын бақылаймын.
– Орган қызметкерлерінің арасында соңғы уақытта суицид көптеп белең алуда. Ал өзіне қол жұмсайтын көбіне психологиясы бұзылған жандар шығар. Суицидтің алдын алу, болдырмау үшін қандай шаралар атқарылуда. Бұл кеселмен қалай күресу керек?
– Өз-өзіне қол жұмсауға психикасы бұзылған адамдар ғана бармайды. Басына бұлт төнген жағдайда шешімін таба алмағасын адамдар өздеріне қол жұмсап жатады. Әлеуметтік тұрмыстық жағдайға немесе материалдық жетіспеушіліктерге байланысты күйзеліске түсуі әбден ықтимал. Осындай сәттерде күйзелістерден шығудың бір-ақ амалын көреді… Ал біз командирлерден қызметкердің эмоциялық тұрғыда мазасызданып жүргенін көрсе бірден бізге бағыттауларын сұраймыз. Командирлердің өздері де психологтің қызметін пайдаланады, ал адамның жақсыға қарап бой түзейтіні анық. Жеке құрам да командирлеріне қарап бой түзейді, яғни, командир психологтің көмегіне жүгіну арқылы біздің қызметке сеніммен қарауға болатынын көрсетеді. Сондай-ақ, суицидпен күресу жолында түрлі жиындар өткізіп жүрміз. Таяуда суицидтің алдын алу үшін сырттан арнайы мамандарды шақыртып, дөңгелек үстел ұйымдастырдық. Психолог, суицидолог, психиатрдың қатысуымен өткен дөңгелек үстел барысында қызметкерлер мамандардың кеңесіне жүгініп, тікелей сұрақтарын жаудырды.
–МКҚБ қызметкерлердің қанша пайызы психолог маманының көмегіне жүгінеді?
– Бүгінгі күні қызметкерлердің 50 пайыздан астамы психолог маманының көмегіне жүгінуде. Біз олардың өздері есігімізді қағып кіріп келгендерін күтіп отырмаймыз. Себебі, адамның жандүниесін түсінетіндіктен оның қандай күйде жүргені бірден байқалады. Мазасыз күйде жүргенін байқасақ сол адамды сөзге тарту арқылы мән-жайды ұғып, шешімін табуға көмектесеміз.
– Жаңа технологиялар дамыған заманда бұл сала да кенжелеп қалмаған шығар?
DSC_5609– Қызметкердің эмоционалдық көңіл-күйін қолайлы ету үшін арнайы технологиялар қолданылады. Солардың бірі «Майнд-машина». Майнд-машинаның функциялары арқылы адамды тынышсыз күйде болса тыныштандырып, ал керісінше селқос күйде жүрген болса құрылғының белгіленген бағдарламалары арқылы бабына келтіріледі. Яғни, ең әуелі оның қандай күйде екені анықталып, содан соң бағдарлама таңдалады. Сондай-ақ, жалпы психология саласында «Аdrim» атты аппарат қолданыста. Түн ұйқысы бұзылған адамның басы ауырып,мең-зең күй кешеді. Ал негізі бұл аппарат бас шиеленісін тарқатады.
– «Майнд-машина», «Аdrim», «Мультипсихометр» деп отырсыз. Ал осы құрылғылар қаншалықты пайдасын тигізеді?
– Аппараттың қай-қайсысының болсын көмегі айтарлықтай. Түнгі кезектен шыққан кезде бас ауырып, қақсауын бастайды. Ал сондай сәтте аппаратты қолдансаң, яғни 10-15 минут аппаратты басына киген кезде бас сүйегін тынығып қалады. Түнгі ұйқыны алмастырмағанымен бір қалыпқа келтіреді. Қабылдар алдында адам өзінің күйіне байланысты құрылғының бағдарламасын таңдайды. Құрылғыны киген кезде әлсін-әлсін құстардың даусы, әндер естіледі. Ал біз «Майн-машина» құрылғысын кеңінен қолданып жүрміз. Жоғарыдан полиграф (детектор лжи) аппаратын алу жайлы нұқсаулық берілді. Яғни, айтулы аппарат қызметкерлер аттестациялаудан өту кезінде және кандидаттарды жұмысқа қабылдау кезінде қолданылатын болады. Сондай-ақ, «Мультипсихометр» аппаратына да тапсырыс берілді. Ал жалпы релаксация (сейілту) кабинетінде адам бір күй үстінде келген кезде кеңес алу, немесе сабасына түсіру жағдайы қарастырылған. Тіпті, қызметкер психологтің көмегін қажет етпесе, релаксация кабинетінде жеке қалу мүмкіндігіне ие.
– Көбіне, көмекке қызметкерлер қандай жағдайда жүгінеді?
– Қызметкерлер отбасылық сипаттағы мәселелер шешімін таппаған кездері, сондай-ақ, қызмет бабында келеңсіздіктерге тап болғанда кеңесімізге жүгінеді. Елордамызға олар жан-жақтан келеді. Қызмет бабында тез өскісі келіп, ыждаһаттық танытады. Бірден генерал, полковник болуды мақсат тұтады жастар. Оның оңай іс емес екеніне көздері жеткенде, қолды бір-ақ сілтейтіндер болады. Олар тез жетілсем деген ойдың жетегінде кетеді. Осындай сәттері біз оларды демеп жібереміз. Қолдау көрсетеміз, моральдық психологиялық тұрғыда дайындаймыз.
DSC_5630– Қарапайым азаматтық тұлғаға қызмет көрсету мен орган қызметкерлеріне психолог көмегін көрсету арасында қандай айырмашылық немесе қиындық бар?
– Азаматтық тұлғамен салыстырғанда орган қызметкерлерінің ашыла сөйлеуі, ойын анық жеткізулері қиынға түседі. Тренингтер барысында азаматтық тұлғаға қарағанда біздің қызметкерлерімізбен жұмыс істеу кезінде түрлі кедергілер кездеседі. Азаматтық тұлға біздің қызметкерлер сияқты емес, олар ойын еркін түрде жеткізіп, кеңес алуға қымсынбайды. МКҚБ қызметкері белгілі шекарада болғандықтан оларға шектеу қойылады. Олар қатаң тәртіпке үйреніп қалғандықтан да ойын суреттеп жеткізе алмайды. Олардың сөз саптаулары қалыптасып қалған.
–Тренингтерді қаншалықты жиі ұйымдастырасыздар және өзге өңірлердегі әріптестеріңізбен тәжірибе алмасып тұрасыздар ма?
– Тренингтер жоспарға сәйкес өткізіледі. Қызметкерге психологиялық тұрғыда көмек керек екенін сезсек, өзіміз ұсыныс білдіреміз. Алдағы келе жатқан халықаралық әйелдер күніне орайластырылған қыздарға арналған тренинг жүргізуді жоспарлап отырмыз. Ал қараша айында Қостанай Академиясында өткен біліктілікті арттыру курсына қатысып, тәжірибе алмастық. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, психологтарға, спортшыларға, өнерпаздарымызға болсын, қолдау көрсетіп жүрген Астана МКҚБ бастығының орынбасары, полиция капитаны Оралбек Омаров жайлы айтпай кетуге болмайды. Өзінің қызметін мінсіз атқарып жүрген Оралбек Омаров қызметкерлерінің де жағдайына бейжай қарамайды. Қызметкерлерін қолдайтын кезде қолдап, қорғайтын кездері қорғап та жүр.
– Психология дегеніміз өзінше бір әлем. Қызмет барысында қызықты жайттарға да тап болатын шығарсыздар. Есте қалған қызықты оқиғалар жайлы айтып берсеңіз?
– Отбасылық сипаттағы байқаулар ұйымдастырып жүрміз. Отбасылық қарым-қатынасты нығайту үшін балалар күніне орай байқау өткіздік. Қызметкерлер отбасыларымен бірге қатысу мүмкіндігін алды. Бұл байқау бірнеше кезеңдерден тұрды, яғни, олар бір кезеңінде өнерлерін ортаға салса, енді бір кезеңінде спорттық жарыстар бойынша өзара бақ сынасты. Байқау кезінде бастарындағы мұң-қайғы бір сәтке болса да ұмытылады. Әрине, біріншіден отбасылық қарым-қатынас нығая түсті, сондай-ақ, қызметкерлердің жұбайлары бір-бірімен танысып, тіл табысып кетіп жатты. Баласы топ жарып, мақтау қағазына ие болғанда әкелер қуанышқа кенелді. Балаларға да бұл байқаудың берері көп болды. Сайыскерлер бір сәттік балалық шақ сыйладыңыздар деп рақметтерін айтып, ризашылықтарын білдірді. Отбасылық сипаттағы сайыстарды жылына екі рет өткізуді дәстүрге айналдырдық. Сондай-ақ, қазақ тілін дамыту мақсатында департамент деңгейінде ұйымдастырылған байқауға өмірі сахнағы шығып көрмеген қызметкерлеріміз қатысты. Біз олардың бойына сенім ұялату бойынша жұмыс істедік. Бойындағы қорқынышты жеңе білуге көмектесу біздің міндетіміз еді. Қатты уайымдап, тартыншақтады. Қабілеті бола тұрса да қорқасоқтады. Десек те, біздің еңбегіміз зая кеткен жоқ. Кейін сол қызметкерлеріміз топ жарып, жүлделі орындардан көрінді.
Әңгімеңізге рақмет!

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*