Жанармай құю бекетін тонағандар

коллажАғымдағы жылдың ақпан айының басында Арал кентін дүрліктірген оқиға орын алды. Белгісіз екеу беттерін бүркемелеп, кент орталығындағы «Ақ-Мұнай» жанармай құю бекетін таң алдында тонап кеткен болатын. Күдіктінің бірін аудандағы полиция қызметкерлері сол күні-ақ құрықтаған еді.
Ақпан айының 26-нан 27-не қараған түні екі қарақшы кент орталығындағы жанармай құю бекетін бетке алып, жортуылға шығады. Қысқы түннің ұзақтығын білетін қарақшылар таңғы ұйқының қатты болатынын да қаперге алған. Беттерін мойнындағы мойынорағышпен жасырған қос қарақшы, жанармай бекетінің ақша қабылдайтын терезесін қағып, ашқызады. Бекеттің операторы жанармай құюға келген жүргізушілер болар деген оймен есікті алаңсыз ашқан. Сол кезде қарақшылардың бірі оператор келіншектің басынан қатты затпен ұрып жібереді. Ауыр соққыдан келіншек есеңгіреп, еденге құлаған. Бұл қатыгездігімен тоқтамаған қаскөй жерде жатқан оператордың мойын тұсынан травматикалық тапаншасымен атып жібереді. Оператор қорыққанынан бекеттің менеджер бөлмесіне қашып бара жатқанда артынан тағы екі рет оқ атылған. Оператор менеджер бөлмесіне жетіп, жанұшыра ондағы май құюшыны оятады. Май құюшы оператор бөлмесіне шыққан кезде күдіктінің терезе арқылы беліне дейін ішке еніп тұрғанын көреді. Сол сәтте әлгі күдікті қасындағы сыбайласына «ақшаны ал, ақшаны ал» деп айқайлап, үстел астындағы есігі құлыпталмаған темір сейф ішінен ақшаны ала бастайды. Осы сәтте өзіне қарай ұмтылған май құюшының бетіне әлгі қарақшы бірнеше рет көз жасаурататын газ шашып жібереді. Май құюшы одан әрі ештеңе көре алмай, жерге отырып қалған. Осыдан кейін қос қарақшы олжалаған 210 мың теңге ақшаны алып, оқиға орнынан бой тасалап кеткен. Ал, жанармай құю бекетінің операторы соққыдан және травматикалық қарудан алған жарақаттарының салдарынан аудандық ауруханаға түседі. Бұл оқиға жайлы Арал аудандық ІІБ-ге хабар түсісімен ондағы полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларына кіріседі. Оқиға орнына жетіп, тексеру жүргізеді. Полиция қызметкерлерінің тыңғылықты жүргізген жедел іздестіру жұмыстарының арқасында сол күні түскі уақытта күдіктінің бірі ұсталып, ҚР ҚІЖК-нің 132-бабының талабына сәйкес Уақытша ұстау абақтысына қамалады. Оның қасындағы сыбайласы ішкі істер қызметкерлерінен бой тасалап, қашып жүрді. Бір айдан астам уақыт өткен соң екінші күдікті наурыз айының 4-і күні Қызылорда қалалық Ішкі істер басқармасына өз кінәсін мойындап келген. Қазіргі таңда жанармай құю бекетін тонады деген күдікпен екі күдікті де қамауға алынып, істің ақ-қарасын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізілуде. Егер де 2 күдіктінің қылмыстары толық дәлелденсе, олардың мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.

Қызылорда облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*