Елді дүрліктірген бозбала 7 жылға сотталуы мүмкін

Бомба СКОСолтүстік Қазақстан облыстық ІІД Лаңкестікке қарсы күрес бөлімі мен Жамбыл аудандық ІІБ қызметкерлері бірігіп жарылғыш зат қойылғаны жайлы жалған хабар берген кәмелетке толмаған жасөспірімді тұтқындады.
Жамбыл аудандық ІІБ кезекшісіне Пресновка аудан орталығында орналасқан «Феникс» дәмханасына жарылғыш зат орнатылып, соның салдарынан өрт шыққанын белгісіз біреу хабарлаған. Аудандық Ішкі істер бөлімі жеке құрамы дабылмен көтеріліп, оқиға орнына барлық төтенше жағдай мекемелері: жедел криминалистикалық полиция, лаңкестікке қарсы күрес бөлімі, Ішкі істер департаментінің «Арлан» арнайы мамандандырылған жасағы мен өрт сөндіру бөлімі және жедел жәрдем жиналды. Дәмхананы тексеру барысында келіп түскен хабар расталмады.Көп ұзамай тәртіп сақшыларына осы ауылдағы «Фортуна» дүкенінде жарылғыш зат орнатылғаны жайлы тағы бір хабар келіп түскен. Бұл жолы да хабар жалған болып шығады. Жалған хабар берген бозбаланы тәртіп сақшылары жедел іздестіру шаралары нәтижесінде көп ұзамай Светодуховка ауылында өз үйінде ұстады. 16 жастағы жасөспірім тәртіп сақшыларына жалған хабар беріп, хабарласқанын мойындап отыр.
«Жүргізілген жедел алдын алу шаралары барысында осы ауданның тұрғынын анықтадық. Ол 1996 жылы туған кәмелетке толмаған жасөспірім болып шықты. Полиция қызметкерлерінің «Мұндай іске неліктен бардың?» деген сұрағына ол қысқаша ғана «жай қалжыңдайын дегенім» деп жауап қайтарған. Қазіргі кезде бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті жасөспірім болса ешқай кетпеу туралы қолхатпен босатылды», – деп хабарлайды Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД Ланкестікке қарсы күрес бөлімінің жедел уәкілі, полиция майоры Спартак Қабденов.Қазіргі кезде кәмелетке толмаған күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Лаңкестік туралы жалған ақпарат тарату фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 242-бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.Тәртіп сақшылары кезекті рет «қалжыңбастарға» ескертеді. Заманауи техникамен жабдықталған полиция қызметкерлерінің мүмкіндіктері мол. Соны техникалар арқылы «қалжыңбастарды» жедел әрі дөп басып табу көп қиындық келтірмейді. Жыл басынан бері облыс аумағында үш лаңкестік фактісі тіркелген, олардың барлығы дер кезінде ашылды. ҚР ҚК-нің 242-бабы бойынша мұндай қылмыс түріне 200-ден 500 айлық көрсеткішке дейін айыпұл немесе жеті жылға дейінгі бас бостандығынан айыру немесе бостандығына шектеу жазасы қарастырылған.

Ерлан МАХМЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*