Ұлы Жеңісті Эльбада қарсы алған қазақ

Копия _адырбаев Жумаш img258Сұрапыл жылдарды көзімен көрген қариялар да, соғыс жылдарын бастан кешкен ардагерлер де азайып барады. Сапта тұрған тарихтың тірі куәгерлері бүгінгі ұрпақтың санасына шуақ, жанына қуат беретін асқақ тұлғалар. Солардың бірі – Жұмаш ҚАДЫРБАЕВ. Жасы сексеннің сеңгірінен асса да қарт майдангер күш-қуатын жоғалтпаған, тың.
Жұмаш ақсақал зайыбы марқұм Мінәйім екеуі ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған абзал жандар. Имандылық ұялаған қара шаңырақтағы абыз қартты ортаға алып, «аталап» жүрген бір топ шөберелерін көргенде, ет-жүрегің елжіреп, ерекше бір сезімге бөленесің.Жұмаш Қадырбаев 1926 жылдың 9 мамырында дүниеге келген. 1945 жылы 9 мамырда сұрапыл соғыста Ұлы Жеңіске жеткенде өзінің осы күні туғандығын мақтан еткені әлі есінде. 1940 жылы 7-сыныпты бітіргеннен кейін әке-шешесіне қол ұшын беріп, қарайласып, колхозға жұмысқа тұрады. Бір жылдан соң соғыс басталып, ер-азаматтардың, бас көтерер үлкен кісілердің барлығы қан майданға аттанып кетеді. Сол кезде колхоздың бар жұмысын қыз-келіншектер мен жас балалар атқарды. Ол 1944 жылға дейін осылайша тылда еңбек етті.Жасы кәмелетке толысымен әскер қатарына шақырылып, Семейдегі №209 жаяу әскер полкінде әскери дайындықтан өтті. 1945 жылдың ақпан айында соғысқа Польшаға аттанды. Бұларды эшелоннан Одер өзенінің бойына апарып түсірді. Сөйтіп, көп ұзамай бірінші Беларусь майданы, үшінші екпінді әскер, 175-дивизиясының №282 жаяу әскер полкі құрамында соғысқа қатысты. Негізгі үйренгені мергендік және байланысшы болғандықтан, қазақ жауынгеріне аса ауыр міндеттер жүктеледі. Мергендер тобында жүріп, талай немісті жер жастандырған. Әсіресе, Потсдам қаласын алу аса қиынға соққан. Қиян-кескі майданның бірінде байланыстың үзіліп қалған кезін ардагер әлі есінен шығармаған екен. Бұлар қалың орманның арғы бетіндегі полкпен хабарласып, шабуылды белгілі бір уақытта бастаймыз деген командир бұйрығын жеткізу үшін бір-екі жауынгерді жіберуге тиіс болатын. Таңдау Жұмаш Қадырбаевқа түсті. Екі адам болып ілгері жылжи бергені сол еді, қасындағы жауынгердің маңдайына оқ тиіп, ол сол жерде мерт болды. Кері шегінер жол жоқ. Амалсыз, аса сақтықпен, ілгері жылжыды. Қалың орман пана болып, әйтеуір, командир берген пакетті арғы беттегі полкке жеткізіп қайтты-ау. Ол, әрине, айтуға ғана жеңіл. Бұл ерлігі кейін ескеріліп, «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды.Бұдан кейін де қазақ солдаты көптеген ауыл, қалаларды азат етуге атсалысты. Берлин қаласын басып алуға да қатысты. 9 мамыр – Жеңіс күні бұлардың полкі Эльба өзенінің жағасына жайғасып, соғыс қимылдарын жасап жатқан. Сол күні бір топ генералдар мен басқа да шенді командирлер келіп, соғыстың аяқталғанын хабарлады. Ол бір ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Жауынгерлердің қуаныштарында шек болмады. Осылайша Ұлы Жеңіс күні тойланды. Соғыс біткен соң өзгелер елге қайтып жатқанда бұлар Германия жерінде қалып қойды. Сөйтіп, 1950 жылға дейін әскери міндетін атқарды. Көбіне шекара күзетінде болды. Қатардағы жауынгер сержант шеніне ие болды.Соғыс және одан кейінгі шекара күзетіндегі ерекше қызметі үшін «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Әскери қызметі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды. Сталин, Жуков, Чуйковтың қолдары қойылған көптеген Құрмет грамоталарына ие болды. Туған елге 1950 жылдың маусым айында ғана оралған Жұмаш ақсақал туған топырағына келе салысымен колхозға бригадир болып жұмысқа араласты. Бір жылдан соң комсомолдық жолдамамен ішкі істер органына, Түлкібас стансасындағы желілік ішкі істер бөлімшесіне қызметке орналасады. Содан 1978 жылға дейін үздіксіз еңбек етті. Осы уақыт аралығында «Милиция үздігі» төсбелгісін, «Еңбек ардагері» медалін, үш дүркін «Совет милициясындағы мінсіз қызметі үшін» медалін омырауына тақты. Қаншама ұры-қарыларды ұстауға қатысып, аса қауіпті қылмыскерлерді анықтауда тапқырлық танытты.Ең бастысы әскер қатарында жүргенде де, ішкі істер органында да ерекше ерлігімен, адалдығымен, қайтпас-қайсарлығымен көзге түсті. «Соғыстан кейін шекара күзетінде тұрғанымда бір топ нөкерлері бар бір лауазымды генералды, пароль білмегені үшін, шекарадан бері өткізбей қойғаным бар. Бір жағынан бұл қылығым үшін ертеңінде біраз уақытқа дейін қорқып жүрдім. Сөйтсем, жаңағы лауазымды генерал менің әскери антқа деген адалдығымды сынапты. Іс-әрекетіме риза болып, үлкен сап алдында маған Алғыс жариялады», – дейді ардагер мақтанышпен.Жалпы, Жұмекең марапаттан кенде емес. Ақсақал Ұлы Жеңістің 20, 30, 40, 50 және 60 жылдығына арналған медальдардың иесі. Бұрынғы қызмет атқарған темір жолдағы ішкі істер бөлімі де, ауыл, аудан әкімдіктері де назардан тыс қалдырмайды. Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай Түлкібас ауданының құрметті азаматы атанды. Алда әлі талай сый-сияпаттар күтіп тұрғаны тағы белгілі. Жұмаш ата: «Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатына дән ризамын. Әсіресе, соғыс ардагерлеріне жасап отырған қамқорлығын ерекше құптаймын. Президентіміздің деніне саулық, еңбегіне табыс тілей отырып, шексіз алғысымызды білдіреміз», – дейді ізгі ниетімен.

Бекзаттар ДІНӘСІЛОВ, Шымкент стансасындағы ІІЖБ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*