Жеті жыл бұрынғы жұмбақ өлім

DSC_9861Жеті жыл бұрынғы жұмбақ өлімге қатысты жаңа мәліметтердің шеті шықты. Саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы және оның оққағары Бауыржан Байбосын мен жүргізушісі Василий Журавлевтің өліміне Рахат Әлиевтің қатысы болуы мүмкін. Бұл жайында өткен аптада Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко хабарлады. АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы уақытша сенімді өкілі Джон Ордвейдің қатысуымен өткен брифингте А.Кравченко ресми хабарлама жасап, қалың жұртқа осы уақытқа дейін құпия болып келген қылмыстың жаңа қыр-сырын ашты.
Ресми мәлімдеме жасамас бұрын Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко бұл қанды оқиғаның тәуелсіз Қазақстан тарихында атышулы қылмыстық іс ретінде қалғанын да айтып өтті. Қатыгездігімен ғана емес, қоғамдық резонанс тудырған даулы, екіұдайлығымен де жұрттың қызу талқысына түскен қылмыстық оқиғаға қатысты жаңа мәліметтердің белгілі болғанын хабарлаған А.Кравченко: «Бұл іске қатысты тергеу, анықтау іс-шаралары ұзаққа созылғаны белгілі. Бүгін біз кешенді әрі америкалық әріптестеріміздің көмегімен кең көлемде жүргізілген жұмыстың қорытындысы жайлы, сондай-ақ, тергеу барысында анықталған тың мәліметтерді жарияламақпыз», – деді. Сөз барысында бұл істің түптің түбінде ақиқат-шындығы айқындалып, әділ шешімін табатынына сенім білдірген ол адам өлтіруге тапсырыс бергендер мен қылмысты орындаушылардың нақты бет-бейнесі белгілі болып, тиісті жазасын алатындарына да күмән келтірмеді. Естеріңізде болса, «Нағыз Ақ жол» партиясының идеологиялық басшысы Алтынбек Сәрсенбайұлы және оның қос көмекшісі Бауыржан Байбосын мен Василий Журавлевтің өлімі 2006 жылдың 11 ақпанында тіркелген болатын. Желке тұстарынан атылған оқтан көз жұмған үш азаматтың денелері екі күн өткеннен кейін, яғни, 13 ақпанда Алматы облысының Талғар ауданындағы жол жиегінен табылған еді. Түрлі болжам айтылып, сан тұжырым жасалған бұл қанқұйлы оқиға ешкімді де бейжай қалдырмағаны анық. Әлі күнге дейін көптің көкейінде «Алтынбекті атқызған кім?» деген сұрақтың көмескі сәулесі де сөнбей келген еді. Мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерінің өліміне қатысты сот процесі ашық түрде өтіп, осы қылмысқа қатысы бар деп танылған Рустам Ибрагимов пен оның 9 сыбайласына үкім де шыққан болатын. Тергеу барысында Рустам Ибрагимов саясаткерді өлтіруге сол сәтте Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының аппарат жетекшісі қызметін атқарған Ержан Өтембаев деп атап көрсеткен еді. Кейіннен Өтембаевтың өзіне де «тапсырыс беруші» деген үкім оқылып, 20 жылға түрмеге жаьылған еді. Осылайша 2006 жылы тамыздың 31-і күні Алматы облыстық сотымен қанды қылмысты тікелей ұйымдастырушы және орындаушы ретінде Ибрагимов өмір бойы, ал қалғандары ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айырылады. Алайда, қалың көптің жүрегінде сот үкімінің әділдігіне ғана емес, іске қатысты күдіктілердің толық есімдері аталғанына да қатысты күмән табы қалғаны жасырын емес-тін. Жариялылығынан жұмбағы көп бұл оқиғаның бұдан әргі желісін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ресми хабарламасымен жалғастыруды жөн көрдік. Сонымен…  2012 жылдың 16 сәуірінде түзеу мекемесінде жазасын өтеп жүрген Рустам Ибрагимов Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына арыз жолдаған. Арызында ол саясаткер мен оның көмекшілеріне қатысты жұртты шулатқан қылмыстың бұған дейін құқық қорғау және сот органдарына беймәлім болып келген мән-жайлары туралы хабарлаған.  Өмірінде бірінші рет адам өлтіріп, қолын қанға малғанын толық мойындаған Ибрагимов арызында үш бірдей атпалдай азаматың ажалы қалай болғанын егжей-тегжейлі баяндап, қылмыстың осы уақытқа дейін құпия болып келген тұстарын қолмен қойғандай бейнелеп берген. Сөз соңында ол Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берген Ержан Өтембаев емес, шын мәнінде Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев екендерін де жайып салған. Рустам Ибрагимовтің бұл айтқандары шындыққа қаншалықты сәйкес келеді? Осы сұрақтың мән-жайын ашып, жаңадан алынған жауаптың ақ-қарасын ажырату үшін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының тапсырмасымен Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ішкі істер министрлігінің қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы жасақталып, қайта тексеру жұмыстары қолға алынады. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өтініші бойынша тергеу ісіне АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы да тікелей қатыстырылады.  «Тергеу барысында жаңадан ашылған мән-жайлардың ақиқаты анықталып, өз дәлелін тапты, – деді ресми хабарлама жасаған Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко. – Рустам Ибрагимов полиграфологиялық зерттеу және АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросының агенттеріне берген сұхбатында бұл қылмысты жасауға Рахат Әлиевтің тапсырыс бергенін айтқан». Бір айта кетерлігі, Ибрагимов бұл жөнінде 2006 жылы, яғни, қылмыс болғаннан кейін жүргізілген тергеу іс-шаралары кезінде-ақ мәлімдеген. Алайда, отбасының қауіпсіздігіне қам жеген ол бұл жөнінде құқық қорғау органдарына ресми түрде жауап беруден үзілді-кесілді бас тартып, бұл ақпаратты еш жерде жарияламауды сұраған. Себебі, Рустам Ибрагимов бұл шындығы үшін Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев жақындарына қастандық жасауы мүмкін деп қорыққан. Рустам Ибрагимовтің арызын тергеу барысында АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы бұл ақпараттың ақиқатын тиісті құжаттармен растап отыр.
Жаңадан ашылған жайттарға байланысты қылмысты қайта тергеу кезінде Ержан Өтембаевтың расымен де Рустам Ибрагимовке Алтынбек Сәрсенбайұлына сес көрсетіп, ұрып-соғуды сұрағаны белгілі болған. Алайда, өлтіру туралы сөз болмаған. Өтембаевтың бұл «өтініші» жайлы Рахат Әлиевтің де құлағына жетеді. Ұтымды сәтті ұтқыр пайдаланып қалуды көздеген ол Әлнұр Мұсаевпен бірлесіп, бұл жағдайды өз пайдасына шешуді жоспарлайды. Осылайша, сенатордың тапсырысын орындағансымақ болып, Ибрагимовке Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруді тапсырған.  «Ибрагимовтің уәждері тергеу барысында жинақталған объективті дәлелдемелермен толықтай расталды. Әлиев пен Мұсаевтың Алтынбек Сәрсенбайұлын және оның екі көмекшісін өлтіруге тапсырыс беруге және ұйымдастыруға қатыстылығын растайтын жаңа заттай дәлелдемелер мен куәлердің жауаптары алынды», – деді А.Кравченко.
2013 жылдың тамызында АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросының полиграфолог мамандары Рустам Ибрагимов және осы істің ашылуында салмақты орын алатын бірқатар куәлердің жауаптарын тексеріп, оның шынайылығына көз жеткізген.  Осыған орай, 2013 жылдың 11 желтоқсанында Бас прокуратура Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына Алтынбек Сәрсенбайұлы, Василий Журавлевты және Бауыржан Байбосынды өлтіру жөніндегі іс бойынша шығарылған үкімді ішінара қайта қарау қажеттігі туралы қорытынды жолданып, ал 19 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Рустам Ибрагимовтің арызын қарау нәтижесі бойынша және жинақталған жаңа материалдар ескеріліп, Ержан Өтембаевқа қатысты бұдан бұрын қаулы етілген үкім ішінара бұзылды. Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченконың мәлімдеуінше, бұл қылмыстың өзге қатысушыларына шығарылған үкімдер қайта қаралмайды. «Себебі, үкімдерді қайта қарау үшін ешқандай негіздер анықталмады, табылған жаңа дәлелдемелер олардың әрекеттерінің саралануына әсер етпейді», деді ол. Дәл осы күні, 19 желтоқсанда Жоғарғы Сот қылмыстық істі Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жаңадан сотта қарауға жіберді. Тиісті сот шешімі қабылданған жағдайда Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы қызметкерлерінің қатысуымен олардың Алтынбек Сәрсенбайұлы, Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынның өліміне қатыстылығын анықтау үшін алдын ала тергеу жүргізілмек. Бас прокурордың орынбасары бұл қылмыстық іске қатысты құқықтық процестердің нәтижелері туралы қосымша хабарланатынын да айтып өтті. Өз кезегінде АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы уақытша сенімді өкілі Джон Ордвей бұл істі тергеу кезінде екі ел құқық қорғау органдарының тығыз қарым- қатынаста жұмыс істеуге мол мүмкіндік туғанын тілге тиек етті. «Қылмыстың мән-жайларын сараптап, қайта сүзгіден өткізу кезінде АҚШ Федералдық тергеу бюросының мамандары толық әрі маңызды дерек-дәйектермен қамтамасыз етілді. Негізінен АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы жүргізген тергеу-тексеру іс-шараларының нәтижелері Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының тұжырымдарымен сәйкес келеді. Мен Алтынбек Сәрсенбайұлымен кездескенмін, оны танимын. Сол себепті ұзаққа созылған осы істің аяқталғанына қуаныштымын. Екі жақтап жүргізілген тергеу бұл қылмысқа соңғы әрі әділ нүкте қояды деп сенемін. Тергеу іс-шараларының жаңа нәтижесі марқұмндардың жақындарына да медеу болар деген ойдамын», – деді Дж.Ордвей.

Бану ӘДІЛЖАНОВА, сурет Серік ЖОЛДАСПЕКОВТІКІ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*