«Арлан»: Бізден басқа ешкім емес!

DSC_729211 мамыр күні Астана қалалық ІІД-нің «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің құрылғанына 15 жыл толды. Бөлімшенің негізгі міндеті қылмыс әлемінің ең ауыр әрі қауіпті атап айтқанда, есірткі контрабандасына қарсы күрес, кепілге алынғандарды құтқару, содырлықты болдырмау, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін құрықтау, лаңкестік топтарға тосқауыл қоюға бағытталған. Бұл әрине, үлкен жауапкершілік пен темірдей төзімділікті талап ететін ауыр да абыройлы міндет.     

«Бізден басқа ешкім емес!». Дәл осы жалыны сөздерді жүректеріне жалау етіп тіккен арландықтарды 15 жылдық мерекелерімен құттықтауға бөлімшенің ардагерлері, ІІМ өкілдері, МКҚБ, ІӘ-нің арнайы мақсаттағы жасағы, Астана қалалық ІІД Патрульдік полиция полкі, Жедел әрекет ету жасағының басшылары арнайы келіп, қарулас әріптестеріне сый-құрмет көрсетті. Арландықтарды алғашқылардың бірі болып департаменттің мәжіліс залында кәсіби мерекелерімен құттықтаған Астана қалалық ІІД-нің бастығы, полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіров: «Қылмыстың алдын алуда алдыңғы сапта тұратын «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесіне көлденең көк аттылар қабылданбайды. Себебі, бұл жасаққа артылған жүкті екінің бірі көтере алмайды. Арландықтар осы он бес жыл ішінде анттарына адал, міндеттеріне берік екендіктерін талай мәрте айғақтап берді. Жан-жақты жүргізілген ұйымдастырушылық жұмыстың нәтижесінде арландықтар арнайы операцияларды кез келген жағдайда жоғары деңгейде жүзеге асыра алады және алдына қойылған кез келген тапсырманы орындауға дайын», – деп «Арлан» жауынгерлерінің кәсібилігін атап өтті.
DSC_7544«Ішкі істер органдары жүйесінде алар орны ерекше бөлімшенің жігіттері аса қауіпті қылмыскерлерді, есірткі сатушыларды ұстау, кепілге алынған адамдарды босату мен қару-жарақ, суық қаруды тәркілеу арнайы операциялары кезінде қайсарлық танытып, ведомстволық және мемлекеттік марапаттарға да ие болып келеді. Бұл ұдайы жүргізілетін әскери жаттығулар мен кәсіби шеберліктің арқасында қол жеткізген жетістіктер. Осы уақытқа дейін арнайы операцияларды атқару кезінде бірде-бір арландық жауынгер мерт болған емес, болмасын да деп тілейміз. Нағыз қайсарлық пен төзімділіктің символы болған сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Ауыр әрі абыройлы қызметтеріңізде биіктен көріне беріңіздер», – деп А.Акрамұлы бөлімше жігіттерін құттықтады.
Мерекелік жиында Астана қалалық ІІД «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің командирі Талғат Бакибеков полиция подполковнигі арнаулы шенін уақытынан бұрын алса, арлан деген атына сай бірқатар бөлімше қызметкерлері әр сағаты қауіп пен қатерге толы қызметтеріне қол жеткізген жетістіктері мен оң нәтижелері үшін «Қазақстан полициясына – 20 жыл» төсбелгісімен марапатталып, кейбіріне ІІМ мен Астана қалалық ІІД бастығы атынан алғыс жарияланды.
Салтанатты жиында марапатқа ие болғандардың алдыңғы қатарында астаналық «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің негізін қалаушы, жасақтың алғашқы командирі, отставкідегі полиция полковнигі Дәулет Темірханов та бар. Осыдан 15 жыл бұрын Астананың қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрылған бөлімшенің өткеніне тоқталған Дәулет Әмірханұлы: «Арнайы бөлімше жігіттері 1998 жылдан бері елорда тыныштығын сақтауда сан түрлі қиын сыннан сүрінбей өтіп келеді. Алғашқы құрылған жылдары «Арланда» бар-жоғы 8 каска мен санаулы ғана бронежелет болатын. Енді ғана елорда дәрежесіне ие болған қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы да мәз емес еді. Қылмыстық ахуал да күрделі болды. Осы қиындықтарға қарамастан біз алға қойған міндетті абыроймен алып өттік. Ел сенімінен, ІІМ қойған талап үдесінен шыға білдік. Бүгінде арнайы бөлімше техникалық базасы мықты, кәсіби біліктілігі биік жасаққа айналды. Он бес жыл аралығында арнайы мақсаттағы бөлімше қызметкерлері гарнизондық, қалалық, республикалық чемпионаттардың, ІІМ чемпионаты және халықаралық жарыстардың жүлдегерлері атанды. Қазіргі таңда бөлімшедегі барлық жауынгердің қоян-қолтық ұрыстың жауынгерлік түрінен разрядтары бар. Сондай-ақ, «Арлан» арнайы бөлімше сарбаздары Астанаға ресми сапармен келетін мемлекет басшылары мен шетел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді», – деп мақтанышпен атап өтті.
Дәулет Әмірханұлының осы сөздерінен кейін ІІД бастығы Амантай Әубәкіров «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің командиріне 1998 жылдары қолданған сол нысандық киімдерді, бөлімшенің 15 жылдық тарихына куә өзге де жәдігерлерді жинап, арнайы мұражай ашу жөнінде ұсынысын білдірді.
Салтанатты жиыннан соң арландықтар елордалық ІІД Кинологиялық орталық базасында кәсіби шеберліктерін және әскери қолданыстағы заманауи қару-жарақ пен әскери техниканы қолдану біліктілігін, сондай-ақ, кепілге алынғандарды құтқару, арнайы операция кезінде бір-бірлерін қалқалай отырып жау нысанын жою, ұрыс кезіндегі жекпе-жек тәсілдері, қорғану мен қару-жарақ қолдануға арналған жаттығуларын жиналған жұрт алдында паш етті. Бір айта кетерлігі, жауынгерлердің әскери дайындығын көруге келген қонақтардың дені – «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесі қызметкерлерінің отбасы мүшелері, жұбайлары мен ұл-қыздары. ІІД басшылығының ғана емес, әкесінің әр қимылын қалт жібермей қарап, соған қарап бой түзеп келе жатқан балалары мен жұбайларының алдында аянып қалмаған арландық жауынгерлер қоян-қолтық ұрыстың жауынгерлік түрін, синхронды нысанаға ату, суық және отты қарулы қылмыскерлерді санаулы секундтар ішінде қолға түсіруді көрсетті.
СӨЗ СОҢЫ. Қасқыр алатын арланды қазақ ертеден пір тұтқан. «Даланың айбыны» деген атаққа ие арланның күш-қуатын ешбір жануарға бермеген. Үйірлі қасқырдың өзі бір көкбөрімен шайқасқанда қаншалықты шығынға ұшырайтынын тағыға туа біткен түйсікпен сезінеді екен. Қасқырларға қайыспай, қаймықпай қарсы тұратын қасиетке табиғатынан ие арланның ардалығы да осында. Ендеше халқы пір тұтқан атауды ұлықтап жүрген арнайы бөлімшенің «Бізден басқа ешкім емес!» деген ұраны жайдан-жай айтылмағаны анық.

Бану РАХЫМБАЙҚЫЗЫ, суреттер Серік ЖОЛДАСПЕКОВТІКІ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*