Мықты әскер – мықты ел

Парад 7 мая Отар (17)Биылғы жылы Елбасы Жарлығымен тұңғыш рет мемлекеттік мереке ретінде аталып өткен 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Жамбыл облысындағы «Отар» 40-шы әскери базасында жауынгерлік парад өтті. Ел аумағында, тіпті, ТМД төңірегінде бұрын-соңды болмаған жауынгерлік парадқа Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
Елбасы қазақстандықтарға арнаған «Қазақстан-2050 Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Біз адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күшті, заманауи, қорғанысқа қабілетті әскерді, пәрменді құқық қорғау жүйесін құрдық», деп атап өтіп, бүгінгі таңдағы Ел айбыны – Парад 7 мая Отар (16)Қарулы Күштерге ерекше сипаттама берген болатын. Осындай жоғары бағаға сай болу үшін өздерінің кәсіби мерекесі күні әскерилер түрі мен мазмұны жағынан ерекше жауынгерлік парадты тарту етті. Жалпы дәстүрлі әскери парад өткізу кез келген елдің армиясы дайындығының құрамдас бөлігі болып табылады. Онда жеке құрамның саптық дайындығы мен қару-жарақ үлгілері көрсетіледі. Қазақстанда тұңғыш рет өткізілген жауынгерлік парадтың ерекшелігі сол, ол сарбаздар мен офицерлердің жауынгерлік дағдысы мен кәсіби шеберліктерін көрнекі түрде көрсетіп, Қазақстан армиясында қолданылатын заманауи қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану мүмкіндігін шынайы түрде жүзеге асыруы болды. Белгіленген уақытта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков жауынгерлік парад өтетін қалашық инфрақұрылымын, сап түзеуге әзір тұрған парадтық есептоптар мен қолданыстағы әскери техникалар тұрған ауданды тікұшақпен ұшып өтіп, әуеден таныстырып өтті. Одан соң Мемлекет басшысы мінген тікұшақ арнайы алаңға қонып, Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет мүшелері, Президент Әкімшілігі мен Қорғаныс министрлігінің жоғары лауазымды тұлғалары тұрған мінбеге көтерілді. Іле, Елбасына әскерлердің парадты өткізуге дайын екендігі жөнінде Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Мұрат Майкеев баяндады. Алдымен алаңға Қазақстан Республикасының Туын Республикалық ұлан жауынгерлері алып өтті. Одан соң салтанатты шеруді жас барабаншылар бастады. Шеру есептоптарының құрамында Қарулы Күштер бөлімшелері, әскери оқу орындары, сонымен қатар ІІМ Ішкі әскерлері, ҰҚК Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Республикалық ұланның рәсімдік батальоны салтанатты түрде сап түзеп өтті. Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің жауынгерлік туын «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының командирі, генерал-майор Әлібек Сералиев бастаған 6654 әскери бөлімінің жауынгерлерінен құрылған парадтық есептоп алып өтті. Атап өтуіміз керек, мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғаларымен бірге салтанатты шеруді Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Қалмұханбет Қасымов пен Ішкі әскерлер Бас қолбасшысы генерал-майор Руслан Жақсылықов бақылады. Жаяу есептоптар жүріп өткен соң кезек жауынгерлік техникаларға көшті. Басында Құрлық әскерлері мен Әуе қорғанысы күштері шынайы ракеталар жіберіп, бомба тастауды және қарудың барлық түрінен жауынгерлік атыстарды орындады. Содан соң майдандық және армиялық авиацияның ұшақтары мен тікұшақтары аспанда әуе ұрыстарын жүргізді. Ең шебер ұшу өнерінің тәсілдерінен шеберліктерін «Жетісу» және «Сұңқар» топтары көрсетті.Жауынгерлік шеруге қазақстандық ӘӘК қолданысына алғаш рет түскен «Airbus Military» С-295 шығарған турбиналы-винттік ұшақтар қатысты. Ол әуе десантын түсіруді жүзеге асырды, сонымен қатар ұшақты тегістелген жерге жасалған ұшып-қону жолағына қондыру мүмкіндіктерін көрсетті. Жаттығуларда ӘҚК әуеге қарсы қорғаныс қабілетін С-125 зенитті-зымыранды кешені таныстырды. Иммитациялық әуе нысаналарына басқарылатын зенитті ракеталарды ұрыстық тұрғыда бағыттау іске асырылды. Сондай-ақ жауынгерлік парадта Ракета мен артиллерия әскерлері маңызды орын алды: «Точка-У» тактикалық ракеталық кешені, «Град» пен «Прима», МСТА-Б және Д-30 гаубицалары,«Солнцепек» ауыр отшашу жүйесі, «Штурм-С» танкіге қарсы ракеталық кешені және басқа қарулар өз мүмкіндіктерін аңғартты.Жауынгерлік парад барысында Құрлық әскерлерінің доңғалақты және шынжыр табанды әскери техникалары: Т-72Б танкі, БТР-82А бронетранспортері, танкілерді сүйемелдейтін жауынгерлік машиналар БМПТ өздеріне қойылған тапсырманы мүлтіксіз орындады. Арнайы мақсаттағы жасақтың тобы «Кобра» мен «Хаммер» жауынгерлік машиналарына мініп тапсырмаларды іске асырды.Салтанатты шеруге барлығы 7 мыңнан астам әскери қызметшілер, 400 бірліктен аса әскери техникалар, 80-нен аса ұшақтар мен тік ұшақтар қатысты. Теңдессіз іс-шараның соңында сөз алған Елбасы, Қарулы Күштердің әлеуеті мен жауынгерлердің кәсіби біліктілігіне разылығын білдіре келіп, барлық қазақстандықтарды айшықты мереке – Отан қорғаушылар күнімен құттықтады. Жауынгерлік парадтың жалғасында Нұрсұлтан Назарбаев Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековпен және Қарулы Күштер генералитеті өкілдерімен бірге отандық кәсіпорындар ұсынған жаңа жетілдірілген әскери техникалардың үлгілерімен танысты. Қару-жарақ көрмесін «Казахстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ құрамына кіретін қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындары ұйымдастырды. Мемлекет басшысының назарына екі ұдайы мақсаттағы әскери және азаматтық арнайы техникалар оның ішінде штабтық, жауынгерлік, медициналық, іздестіру-құтқару машиналары, радиожүйелік стансалар, қар- батпақта жүретін «Тұлпар» машинасы, Қазақстанда құрастырылған EC-145 тікұшағы, ұшқышсыз ұшу аппараттары, басқа да қару-жарақ пен техника түрлері және киім үлгілері ұсынылды. Қазақстан Республикасы тарихында тұңғыш өткен жауынгерлік парад еліміздің барлық мемлекеттік телеарналарында тікелей эфир арқылы көрсетіліп, республика жұртшылығы Отан қорғау күзетіндегі Қазақстан Қарулы Күштері жауынгерлік әзірлігінің жоғары деңгейде екендігін өз көздерімен көріп, сезінді. Қазақ елінің айбынын асырған осы мағынасы биік қоғамдық-саяси шараның халқымыздың жадында мәні зор оқиға болып қалатыны анық.

Полковник Қуаныш ҚОЖАХМЕТОВ,
Суреттер Вячеслов ГЕЛЬБЛИНГ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*