Басқы бет / «Сақшы» газеті / Өзекті / Күреңбел қасіреті – қазақтың қасіреті

Күреңбел қасіреті – қазақтың қасіреті

Курманбай ЕспенбетовОйда жоқта қолыма бір кітап түсті. «Күреңбел қасіреті» деп аталады. Авторы Құрманбай Еспенбетов. Жетпіске иек артып қалған ақсақал. Жай ақсақал емес, көкірегі қазына, кеудесі сыр-сандық, өзі өскен өңір тарихын, сол уақыттарда өмір сүрген әр адамның жеке тағдырын жетесіне тоқып, көкірегіне құйып ер жеткен.
Сонау бір жылдардағы колхоздастыру кезеңіндегі қилы-қилы оқиғалар, қабырғаңды қайыстырар қасірет, аштық жылдарындағы ауыр нәубет Құрманбай ағаның назарынан тыс қылмапты. Тіпті, ресми тарихта тіркелмеген, бірақ Күреңбел өңірінің көнекөздері, тірі куәгерлері білетін қазақтың басынан өткен тарихи трагедиялар бұл кітапта шынайы жазылған. Бейжай оқу мүмкін емес. Жаның езіліп, жүрегің қан жылайды. Қайран да менің қазағымның көрмегені жоқ екен-ау деп еріксіз көз жасыңа ерік бересің… Өйткені, Күреңбел қасіреті – менің қазағымның қасіреті, қайғысы, тартқан азабы. Сүйегі жиналмай, жоқтаусыз кеткен, адам төзгісіз жан азабын артқа қалдырып о дүниеге аттанып кете барған сан мың қазақ бабамның шері, наласы сыр болып ақтарылған кітап бұл. Бұл құнды дүниеге арқау болған оқиғалар, адамдар, бәрі-бәрі шынайы өмірде болған. Меніңше, кітаптың құнын көтеріп, бәсін биік қылып тұрған да осы шындық.  Бір айта кетер жай, бес бөлімнен тұратын қалың кітабын автор не повесть, не роман деп жанрын ерекшелеп көрсетпеген. Соған қарамастан, бұл шығарманы тарихи деректі роман десек, еш қателеспейміз. Оқиға басты кейіпкерлері Асан мен Зебиненің Бес үй деп аталатын ауыл шетіндегі бастаудан бір-бірін кездестіруінен басталады. Шаған тауының етегін мекендеген Көпесбай бай өзінің қосшыларымен, баласы Хасан және Асанмен Алматының базарына мал өткізіп қайтып келе жатқан беттері болатын. Бастауға су ішуге бұрылған Асан Зебинені құдық басында кездестіреді. Ақ бәтестей өңі, доғадай иілген қара қастары Асанды бір көргеннен ғашық еткен еді. Бұдан соң екі жастың арасындағы махаббат үлкен сүйіспеншілік сезімге ұласып, ақырында екі жас қосылады. Бірақ, қосылғанға дейінгі қиындық, кедергілер бұдан соң өкшелеп, қыспаққа ала түскен еді. Бірақ, соның бәрінен екеуі де жеңімпаз болып шыға біледі. Балалы-шағалы болған, бір-бірін шексіз сүйетін бұл екі жұптың қамсыз-мұңсыз бақытты күндері енді басталатын шығар деп күтесіз ғой. Алайда, байларды кәмпескелеу науқаны, шолақ белсенді кедейлердің, кедей болғанда тек материалдық жағынан ғана емес, жалпы рухани деңгейі мешеу, парасат-пайымы төмен, санасы саяз кедейлердің шектен шығуы – кезінде бір ауылға бас болған, пана болған, мал-мүлкі ғана емес-ау, рухани жандүниесі бай, санасы жоғары, елі мен жеріне, жетімі мен жесіріне қарасқан байларды, тіпті орташа байлардың өзін қиын жағдайға түсірген еді. Үкіметтің алым-салығы да шектен артып, оларды барлық жағынан кедей болуға мәжбүрледі. Міне, осындай жағдай Көпесбайдың бай ұлдары Хасан мен Асанның, бұлардың нағашысы Ералының да басына түсті. Олар кеңесе келе, осы өңірдегі байлардың біраз бөлігін Қытайға өтуіне көмектескен Кіндікбаймен байланысқа түсуді ұйғарады. Кіндікбай өте айлакер, жекпе-жек ұрыс тәсілдерін меңгерген, қырағы, сақ, кездік лақтырудың шебері, бір сөзбен айтқанда батыр туған азамат. Елде алмағайып заман басталғаннан-ақ Қытай жеріне өткен ол, бөтен жерде өз басының тірлігін күйттеп жата алмады. Қытайға өтуге ниет бұрған әр бай мен оның ауылы үшін басын қатерге тігіп, шекарадан сан мәрте кесіп өтіп, біраз бай-бағыланды арғы бетке аман-есен өткізеді. Кіндікбайды тұтқындау Кеңес үкіметінің милиционерлері, шекарашыларының арманына айналады. Қаншама айла-шарғы, тұзақ құрып көрсе де, ол бәрінде де сан соқтырып кетіп жүрді. Осы Кіндікбаймен байланысқа шыққан Хасан, Асан, Ералылар сәтті күні кездесіп, арғы бетке өту жоспарын мұқият құрған еді. Әйтсе де, бір ауыз андаусыз айтылған сөз бүтін бір ауылды қырғынға ұшыратты. Кеңес милиционерлері бұлардың жоспарын біліп қалып, түн ішінде қоршауға алып милиция бастығы, шолақ белсенді ауылды түгел атқылауға бұйрық береді. Кіндікбайды ұстай алмай жүргеніне жоғары жақтан сан мәрте сөз естіген болуы керек, әйтеуір аянып қалмайды. Бірақ, Кіндікбай қасындағы бір-екі жолдасымен, бұған дейін қайтыс болған Көпесбай байдың бәйбішесі Қарабәйбіше немересі Нұрмұқашпен (Асанның ұлы) қоршаудан шығып үлгереді. Қоршауға түскен Хасанның ауылы болатын, түн ішінде бәрін атқылағанда жазықсыз бала-шаға , ер-азаматтар түгел қырылады. Тек Хасан мен бір әйел және Хасанның баласы Баймұқаш қана тірі қалады. Ал Асанның ауылын да күні бұрын қарауылға алған милиционерлер Асанды атып өлтірген болатын.
Бұдан соңғы Зебиненің тағдыры өте аянышты өрбиді. Шығармада өзге де кейіпкерлердің тағдыры жеке-жеке баяндалады. Бірінің қайғысы бірінен, бірінің азабы бірінен асып түсіп жатқан заман, одан кейін келген аштық қазақ жұртын тіптен тұралатып кеткен еді. Бұл кезеңдегі оқиғалардың қасіретін толық сезіну үшін кітапты оқып шығуды ұсынар едім. Әйтпесе, бұл шағын мақалада оны оқырманға жеткізіп баяндау мүмкін емес.
Кейін колхоздастыру басталып, алғашқыда нормаға, аштан өлмеу қамы үшін жұмыс істеген ауыл тұрғындары айыр-күрекпен колхоздың егінін өсіріп, өздерін қынадай қырған үкіметін байлыққа кенелтті. Аш-жалаңаш жүріп, бәрін қолмен атқарып еңбек еткен сол уақыттағы адамдардың жанкештілігіне таң қалмасқа, тәнті болмасқа болмайды. Сондай қиын, кез келген уақытта аштықтан өліп кетуің мүмкін жағдайда да қаймана қазақтың жақсы күннен үмітін үзбей алға ұмтылғанын бүгінгі боркеміктерге, күн жаумай су болатын жігерсіздерге оқытса ғой… бүгінгі суицид сияқты пәлекеттер қазақ жастары арасында сап тыйылар еді. Тарихи деректі романда адам өміріндегі жақсы істердің із-түзсіз жоғалмайтынына бір жерде емес, бірнеше жерде көз жеткізіп отырасың. Соның бірін тілге тиек ете кетсек. Дүнгенеге апиын салуға келетін дүнген Оразақынды қасындағы серіктері тонап, бар апиынын алып кетпей ме. Оразақын жылап-еңіреп бар мұңын Көпесбайға келіп шағады.Өзінің тығырыққа тірелгеніне қапаланады ғой. Сол уақытта оңаша бір сәтте Көпесбайдың бәйбішесі Қарабәйбіше: «Қарғыс атқырлар, бейшараға обал жасапты. Өліп те қалатын қой ғой. Мынаған елудей қой берсең қайтеді?», – дейді. Көпесбай бәйбішесінің айтқанынан шыға алмай, Оразақынға елу қой, ақбөкеннің бірқоржынбас мүйіздерін беріп, шекараға дейін шығарып салған еді. Оразақын Құлжа жаққа барғанда мүйіздерді, қойларды сатып ең байлыққа кенеледі. Сол аумақтағы ең бай адамға айналады.  Атыс-қырғын ішінен немересімен аман-есен шығып, Кіндікбаймен шекара асқан Қарабәйбіше Құлжаға да жетеді. Кіндікбай түсірген үйге уақытша орналасқан олар үлкен уайыммен таң атырады. Қарабәйбіше «Е, Жаратқан, немеремді аман сақтай гөр!» деп Құдайға жалбарынумен болады. Бірде таңертең базар жақты бір шолып келе жатқанда алдынан кесіп өткен күйме асып барып тоқтай қалады. Мұның ішінде отырған сол баяғы Оразақын болатын. Ол Қарабәйбішенің өзіне жасаған жақсылығын есіне алып, соның арқасында байлыққа кенелгенін жеткізіп, немересі екеуіне бөлек үй, күтуші-қызметкерлерімен ұсынады. Сонда Қарабәйбіше қуанғаннан немересін құшақтай алып «Жарқыным-ай, көретін жақсылығың бар екен. Оразақынға кездестірген жаратқанға мың да бір алғыс, тәуба, тәуба!» – дейді.
Сондай-ақ, тағы бір кейіпкер Инаштың колхозда жүргенде жалаңаш жүрген татар жігіттерін киіндіруі де, кейін Ресей жерінде өзіне өлшеусіз жақсылық болып оралады. Ресейге әлдеқашан кетіп жергілікті болып кеткен татар жігіті Халил Инаш еңбек армиясына ілігіп сол жаққа барғанда қасындағы екі-үш серігімен осы Халилдің арқасында аштықтан ісініп-кебуден аман қалады. Нақты өмірде болған осындай оқиғалар, жақсылықтың түбі оралатыны шығармада ара-тұра көрініс тауып, оқырман жүрегіне жылы шуақ құйып отырады. Осы тұрғыдан алғанда, тәрбиелік мәні зор туынды десек, еш қателеспейміз.  Зебине Қарабәйбіше мен ұлы Нұрмықаштың тірі қалғанын білген жоқ. Сол қырғында тірі қалған Хасан да аз уақыт өтпей итжеккенге айдалып, жолда милиционерлер айдалушылардың бәрін қарақшыларға ақшаға сатып кетеді. Алатындарын алып, тонайтындарын тонаған олар бір қауым жұртты түн ішінде қынадай қырып салады. Хасан да осы қырғында көз жұмады. Ал оның кішкентай ұлы Баймұқаш балалар үйіне тапсырылған болатын. Ол өзінің кім екенін, туыстарының бар-жоғынан бейхабар өседі. Былайша айтқанда сол қырғынннан аман қалған адам барын ешкім білмеді. Милиция бастығы өз рапортында бүтін бір ауыл, бала-шаға, кемпір-шал, ер-азаматтар қырылған оқиғаны Кіндікбайдың бандасы жойылды деп қана тіркеткен. Ал Кіндікбай бұдан кейін де сан мәрте шекарадан өтіп, тағы бірнеше ауылды арғы бетке аман-есен өткізеді. Аштықтан қазақтың түгел қырылмай, Қытай жерінде жан сақтауына осы Кіндікбайдың сіңірген еңбегі зор. Кейін заман түзелгенде Қытайға өткен қазақтардың басым бөлігі кері оралып, өсіп-өнген екен. Кіндікбайдың милицияда істейтін туған жиені Мәлімбай оған жасырын кездесіп, енді қайтып келмеуін ескертеді. Бірақ, Қүреңбелде бір қазақ оның көмегіне мұқтаж болып жатса, Кіндікбай жайбарақат тыныш жата алмайтын. Сөйтіп жүргенде үлкен қуғынға ұшырап, Кіндікбай мен Мәлімбай, туған нағашы мен жиен шекарада жекпе-жек кездеседі. Біреуі жаралы, біреуі сау, біреуі мылтықпен, біреуі кездікпен… Ал Зебиненің кейінгі тағдыры қалай өрбіді, тағдыр тәлкегінен, аштық және басқа да себептермен бір-бірінен көз жазып қалған бауырлар кейін табысты ма? Күреңбелдегі әр қазақ үшін жанын шүберекке түйіп, қыл көпірден басын бәйгеге тігіп өтетін Кіндікбай ақыры қолға түсті ме? Тағы басқа бірнеше кейіпкердің тағдыры қалай болды? Мұның бәрін білу үшін, қазақтың басынан өткен мың-сан қасіретті сезініп, қазақы рухты қайрау үшін, жүрегі қазақ деп соғатын әр азамат кітапты оқып шыққаны абзал.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Түрмедегі теологиялық сауаттандыру: тәжірибе мен нәтиже

Дінді біз ұстараның жүзіндей өткір деп жатамыз. Расында солай. Діннің дұрыс бағытынан жаңылмай, имандылық соқпағынан …

7 Пікір

  1. Мейрам

    Сол заманның құлдары болдық, қазақ елі көптеген касірет кешті. Ал азаттық алғалы, көптеген жастар осы азаттықа қалай жеткенімізді де білмейді. Әуелі сырт елдерге қашқан қазақ көп.

    Бұл кітапты қайдан алса болар екен?

    • Рита Еспенбетова

      Бұл кітап менің әкемнің жазған кітабы.
      Астана қаласында
      – Сейфуллина 30, » Қазақ Кітап »
      – Бөкейхана 29, дом книги «Абай» дүкендерде бар.

      Талдыкорганда
      ТД «Даулет», 2 қабатында сатылады

  2. Алмагул

    Қаймана қазақ қандай қиындықты басынан өткермеді десеңізші. Ақтабан шұбырынды мен қолдан жасалған аштық, зиалы қауымды ату, одан қалса Желтоқсан қырғын осының барлығына шыдады, бәрібір сынбады. Өйткенә біз рухы биік, өр кеуделі Қазақ деген халықпыз. Ал мына кітаптың ішәнде киелі мекн Күреңбелдің басынан өткергені жазылыпты. Авторға мың алғыс, тарихтың ақтаңдақ тұстарын ашып жазған. Тарихи мәні жоғары кітап. Тек таралымы көп болып, оқырманның қолына тисе жақсы болғаны. Көрмеген, естімеген оқырман болса жақсы азықтан құр қалмайды деп ойлаймын. Жан жадыратар кітаптар көп болғай.

  3. Болат Сақалов

    «Күреңбел қасіреті» атты кітапты оқып шықтым. Авторы Құрманбай Еспенбетов. Автор өзі өскен өңір тарихын, сол уақыттарда өмір сүрген адамдардың жеке тағдыр тауқыметтерін, күнделікті өмір тіршіліктерін өз пайымдауымен суреттейді. Кітап жеңіл оқылады, баяндалған оқыйғалар қызықты, әрі тартымды, сондай-ақ нанымды.
    Тарихтың ақтаңдақ тұстары да ашып жазылған. Колхоздастыру, аштық жылдарындағы орын алған түрлі бассыздықтарды, автор назарынан тыс қалдырмай көрсеткен. Күреңбелдегі оқыйғалар қазақ арасында орын алған әлеуметтік тартыстың көріністері.
    Кітаптың басты кейіпкерлері Асан мен Зебиненің тағдыры нанымды және терең баяндалған, оқыйға қалай аяқталады екен дегізіп, кітапты әрі қарай оқуға жетектеп қызықтырып отырады.
    Оразақын мен Инаш туралы кітапта өте жақсы жазылған. Оразақын мен Инаштай ақ тиетті, үлкен жүректі азаматтар өмірге керек. Оразақын мен Инаштың адамға жасаған жақсылықтарын баяндау, кейін олардың жақсылықтарының қысылтаяң кезде өздеріне жақсылық болып оралуы, кітаптың тәрбиелік маңызын арттыра түседі. Жастарды өмірде дұрыс жолға бастау үшін, оң тәрбиелеу қажет қой.
    Кіндікбайдың трагедиясы бұл кітапта шынайы жазылған. Кіндікбай мен Мәлімбай, туған нағашы мен жиеннің шекарада жекпе-жек кездесуі, үлкен драма.
    Кітапта берілген суреттер де қазақ жерінің әсемдігін ашып көрсетіп, сағыныш тудырады.
    Құрманбай Еспенбетовтің қаламынан туған дүние, кітаптың тамыр төркіні ең алдымен оның өзінің жанынан орын алған күйден туғанын айқындайды. «Күреңбел қасіреті» оқырмандар арасында өзіне лайықты орын алатыны сөзсіз.
    Пайда ойлама, ар ойла,
    Талап қыл артық білуге.
    Артық ғылым кітапта
    Ерінбей оқып көруге деп Абай айтқандай, қазақ тілінде оқыйтын әр азаматтың осы кітапты оқып шыққаны дұрыс деп ойлаймын.

  4. Абдрахманова Әлима

    Курстасым Еспенбетов Құрманбайдың « Күреңбел қасіреті» атты кітабын қызығушылықпен оқып, Кеңес өкіметі құрылған жылдардағы бүкіл қазақ даласындағы қазақ халқының басынан сауатсыздық пен асыра сілтеушіліктен туындаған қайғы –қасірет пен өмір сүрудің азабы туралы үлкендерден естігендеріміз еске түсіп, келешек ұрпақтың өмірінде, тіптен жер бетінде мұндай сұмдық құбылыстардың қайталанбауын тіледім. Автордың жинаған деректері қазақтың әр отбасында болғанын жасымыздан естіп, біліп өстік. Осы қасіреттердің кесірінен ата –анасынан , бауырларынан көзжазап қалғандардың өмір бойғы қайғысына, өкінішіне ортақ болдық. Кітапта кейбір жағымсыз кейіпкерлердің бет –бейнесі озбырлығы, қатыгездігі, жауыздығы мен зұлымдығы өте қарапайым түсінікті етіп жазылған. «Адамның аласы да, құласыда болады» демекші адамгершілігі жоғары, мейрімді, қайырымды жандардың, халыққа деген қамқорлығы, қарапайымдылығы, тапқырлығы, батылдығы кейінгі ұрпаққа үлгі- өнеге болытыны анық. Халқымыздың «жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген қағидасы осы кітапты оқыған әрбір оқырманға ой салары сөзсіз. Кітаптатағы адал жар, айнымас дос, мейрімді ана, қайрымды бауыр, адамгершілігі өте жоғары аналар – қара бәйбіше, Зебине, Айсәуле,Айсұлу сияқты таза махаббат иелерінің бейнесі өте тартымды және шынайы түрде көрсетілген. Мен ұстаз болғандықтан кітап туралы оқушылардың пікірін білуді жөн көріп, «білесіңдер ме» деп сұрадым.Деншілігі кітапты таба алмай жүргендерін айтты. Ұрпақтың келешегінің қажетіне жарап, ой – өрістерінің дұрыс қалыптасуына үлес қосатын еңбек жазғанын мақтан тұтып , курстасым Құрманбайға рахметімді айтамын және шығармашылық табыс тілеймін.
    Алматы қаласы. 9. 02. 2014.

  5. Рита Еспенбетова

    19 ноября 2015 года состоится презентация Международного Литературного Фестиваля «Open Eurasia and Central Asia book forum and literature festival». Мероприятие организовано британским издательским домом Hertfordshire Press, совместно с Евразийским Национальным Университетом им. Гумилева.

    В рамках вечера состоится показ видеороликов о фестивале, презентация новых книг, в частности книги Еспенбетова Курманбая на казахском языке «Күреңбел қасіреті» , ставшего одним из победителей фестиваля, а также книги издательства Hertfordshire Press сборника стихов казахстанской поэтессы, члена союза писателей Раушан Буркитбаевой-Нукеновой – «Полынный ветер» («The wormwood wind»), которая была издана Hertfordshire Press осенью этого года, на английском языке.
    https://ru-ru.facebook.com/events/1667019180246638/

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған