Елін қорғау – ерге серт

Елін қорғау-ерге сертЕгеменді Қазақстан тарихында тұңғыш рет мемлекеттік мереке ретінде аталып өткен 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні бар өмірін әскери қызметке арнап, өз міндетін мінсіз атқарып келе жатқан жауыгерлер үшін ерекше мереке. Күн-түн қатып, ел тыныштығы үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан ерлердің мерейі үстем болып, абыройы асқақтайтын күн бұл.
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңістің 68 жылдығын атап өту шеңберінде Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, полиция генерал-майоры Марат Демеуов пен ІІМ ІІО және ІӘ ардагерлерінің қазақстандық кеңесі төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбековтің қатысуымен Астана қаласындағы «Отан-Ана» монументіне гүлдестелерін қою салтанаты өтті. Салтанатты рәсімге Ішкі істер министрлігінің басшылығы, Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлері, ведомствоның қызметкерлері, Ардагерлер кеңесінің өкілдері, полиция ардагерлері мен міндеттерін атқару барысында қаза тапқан полиция қызметкерлерінің туыстары қатысты. Жиынға қатысушылар сұрапыл Ұлы Отан соғысы жылдары ел болашағы үшін опат болған ерлер мен бейбіт күнде қызмет бабында көз жұмған қызметкерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алғаннан кейін, құрметті қарауыл ротасы салтанатты маршпен жүріп өтті. Қос мереке қарсаңында ұйымдастырылған шара кезінде ІІМ-де салтанатты жиналыс өтіп, мұнда қызметтерінде ерекше көзге түскен полиция қызметкерлері марапатталды. Атап айтқанда, жиында қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып, ерлік көрсеткен ІІМ Орталық аппараты мен ІІО аймақтың құрылымдарының 586 қызметкері марапатталып, бірқатар сақшылар кезекті арнаулы шенін мерзімінен бұрын алды. Сый-құрметке ие болғандардың ішінде ІІО-ның ардагері Қ.Жұмашев ҚР ІІМ алғыс хатына ие болды. Салтанатты жиында 6 мамыр күні Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан мемлекеттік награда алған полиция қызметкерлерінің есімдері аталды. Қызметтік міндеттерін абыроймен атқарған бұл сақшылардың ерен еңбегі ертеңгі жас ұрпаққа үлгі болары анық. Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген аталы сөз бар. Қазақстандық полицияның абырой-беделге толы тарихын жасап келе жатқан бұл азаматтардың ерен еңбетері мен ержүрек істеріне сай сый-құрмет көрсете отырып, олардан өнеге алып өсетін жас ұрпақ Отанына адал қызмет етеді деп сенеміз. Жиында сөз алған Марат Ғанұлы ішкі істер органдары Елбасының қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етуге және қылмысқа қарсы күресті күшейтуге қатысты қойған міндеттерін нәтижелі орындап келе жатқанын тілге тиек етіп, жиналған қауымды 7 мамыр – Отан қорғаушылар және Ұлы Жеңістің 68 жылдық мерекесімен күнімен құттықтады. «Адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс аяқталғанына 68 жыл өтсе де Ұлы Жеңісті жақындатқан батыр ерлеріміздің есімін ұмытпаймыз. Себебі, зарықтырып жеткен Жеңіс күнінің қадірі бәріміз үшін тым қымбат. Сіздер, құрметті ардагерлер сыйлаған бейбіт өмірдің бағасы шексіз, ал ерліктеріңіз мәгі болып қалмақ», – деді генерал-майор М.Демеуов құттықтауында. Жиын ішкі істер органдарының шығармашылық ұжымдары әзірлеген мерекелік концертпен жалғасты.

Бану РАХЫМБАЙҚЫЗЫ, сурет Серік ЖОЛДАСПЕКОВТІКІ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*