12 келі «ақ өлім» тәркіленген

40hMsBY4Соңғы апта ішінде республика аумағында 7029 қылмыс тіркелген. Полиция қызметкерлері жүргізген жедел әрі сапалы шаралар нәтижесінде 2992 қылмыстың ізі суымай ашылды. Сонымен қатар, осыған дейін жасалған 676, оның ішінде өткен жылдар санатындағы 23 қылмыстың соңына нүкте қойылып отыр. Қылмыскерлерді құрықтау бойынша фактілерді келтірсек, іздеу жарияланған 130 қылмыскер ұсталып, 5 қару тәркіленіп алынды. Ал есірткінің заңсыз айналымына қатысты 39 қылмыс анықталды, оның ішінде 17-сі сату фактісі. Нәтижесінде, 43 келі есірткі заты, оның ішінде 12 келіден астам героин тәркіленген. Бұл жөнінде ІІМ-де өткен апталық брифингте ІІМ-нің ресми өкілі Нұрділдә Ораз хабарлады.Қару тапсыру шарасы сәтті өтті
қару тапсыруҚараша айының 30-да ІІМ өткізген халықтан заңсыз сақталып келген атыс қаруларын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды сатып алу акциясы өз мәресіне жетті.
3 айға созылған, нақтыласақ 1 қыркүйек пен 30 қараша аралығында республика аумағы бойынша жүргізілген акция шеңберінде 6722 қазақстандық полицияға хабарласып, өтініш жасаған екен. Олар өз еріктерімен 8470 дана атыс қаруын тапсырған. Бұдан бөлек 772 мың шолақ мылтыққа арналған оқ және 50 жарылғыш құрылғы (граната, мина, снаряд) және 76 келі жарылғыш зат тапсырылды. Осы орайда, 4726 азаматқа жалпы көлемі 268 миллион теңге ақша төленді. Осы айдың 15-не дейін акция соңында өтініш білдіріп, қару тапсырған азаматтарға да тиісті сыйақысы төленетін болады. Айтар болсақ, Қостанай қаласының тұрғыны 1934 жылғы «ТТ» маркілі тапаншаны 133 оқ-дәрімен тапсырған. Оның айтуынша, атыс-қаруын үйді жөнге келтіру кезінде тапқан. Ал Семей қаласының тұрғыны тіпті жәдігер болып кеткен 1882 жылғы италияндық «Веттерли-Витали» атты мылтықты тапсыруды жөн көріпті. Аталған мылтық әкесінен қалған мұра ретінде сақталып келгенін де түсіндірді.
Қорыта айтқанда, заңсыз сақталып келген атыс-қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу акциясына мемлекеттік бюджеттен 309 миллион теңге бөлінген. Осы ретте, ІІМ-нің халыққа тиісті төленетін қаражаты 292,5 миллион теңгеге теңеліп отыр. Яғни, аталған іс-шара өзінің тиісті бағдарлама аясынан алыстамай, акцияның сәтті өткендігі дәлелденсе керек.

Қарызын қайтармау үшін
көзін құртқан
Өткен апта аясында Алматы қаласында криминалдық полиция қызметкерлері 33 жастағы танысын өлтіруге тапсырыс берген 29 жастағы қала тұрғынын құрықтады.
Оқиға құрбаны болған ер адам қараша айының басында өзінің ауласында атылған болатын. Жәбірленуші қалалық банктердің бірінде қызмет атқарған. Ал қылмысты ұйымдастырушы іске қатысы бар үшінші тараптағы сыбайласпен бірлесіп, алаяқтық жолмен пластикалық карточкалардан ақша алып отырған. Осылайша, жәбірленушіге 7 миллион теңге көлеміндегі ақша қарыз болады. Қарызды өтемей, танысының өмірін қию мақсатында опасыздыққа барған тұрғын 28 жастағы Павлодар облысының тұрғынына болашақ жәбірленушінің көзін құртуға тапсырыс береді. Осы ретте, тапсырыс беруші мен орындаушыдан бөлек, қылмысты ұйымдастырушы да анықталады.
Қазіргі таңда, үшеуі де қамауға алынып, тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Білгенін істеген соң, буындырып өлтірген
Осыдан екі апта бұрын Алматы облысында 23 жастағы қыз із-түссіз жоғалып кеткен еді. Жуырда осы оқиғаға байланысты шаралар нәтижесінде Еңбекшіқазақ ауданы Төле би ауылындағы бейіттің маңынан қыздың мәйіті табылған.
Осыған қатысты 25 жастағы Есік қаласының тұрғыны күдікті болып қамалып отыр. Полиция қызметкерлерінің түсіндіруінше, қылмыскер ауыл шетінде өзінің автокөлігінде жәбірленушіні зорлап, сосын мойынорағышпен буындырып өлтірген. Алайда, күдікті өзінің бұл қылмысқа қатысы жоқ екендігін дәлелдемек болған. Тергеу кезінде күдікті көлігі де арнайы тексеріліп, қылмыстың дәл сол көлікте болғандығы анықталды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды.

600 мың теңгені алып қаша алмады
Төртеу түгел болса...ұрлау міндет емесСоңғы аптада Алматы облысында Райымбек ауданы Нарынқол ауылы 33 жастағы тұрғынының үйіне қарақшылық шабуыл жасау фактісінің беті ашылды.
Төрт қарақшы түн ішінде бетперде киіп, кіреберіс есігінің құлпын бұзу арқылы үйге кіреді де, үй иесін қорқытып, оның 600 мың теңгесін иемденіп кетеді. Оқиға орнына «Тойота» автокөлігін мініп қашқан олар аудандық ІІБ жол-патрульдік қызметінің тергеу бөлімі қызметкерлерімен Кеген ауылында ұсталады. 23 пен 27 жас аралығындағы төрт күдікті оңай ақша табу жолын таңдаса керек. Полицияның айтуынша, олардың басқа да қарақшылық шабуылдарға қатыстылықтары тексерілуде. Себебі құрықталған қылмыскерлердің ұрлық жасауға «дайындығы мен шеберлігі» жоғарғы дәрежеде екен. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер қамауға алынды.

Қылмыстық топтың демеушісі құрықталды
Алматы қалалық ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ҰҚК департаментімен бірлесіп, ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін қаржыландыру фактісі жөніндегі жедел ақпараттың рас-өтірігін тексерген болатын.
Нәтижесінде арнайы қылмыстық топты қаржыландырумен айналысып жүрген Алматы тұрғыны ұсталды. Нұсқау берілген бетте, қала көшелерінің бірінде «BMW» автокөлігі тоқтатылады. Көлікте 33 жастағы жолаушы да болған. Салонды тінту кезінде 10,5 миллион теңге көлемінде ақша тәркіленіп алынды. Сол күні Алматы қаласында аталған іске қатысы бар тағы да үш тұрғын қолға түсті. Осы фактіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 235-4-бабы бойынша («Ұйымдасқан топтың, қылмыстық қоғамдастықтың немесе тұрақты қарулы топтың (банданың) қызметін қаржыландыру, сол сияқты мүлікті жинау, сақтау, бөлу, қаржыландыру арналарын әзірлеу») деген негізде іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасуда.

Есірткіні үйінде отырып сатқан
Өткен аптада Қостанай қаласындағы пәтерлердің бірінен облыстық ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері және «Арлан» арнайы мақсаттағы жасағы 41 мен 48 жастағы Жамбыл облысының тұрғындарын ұстады. Рұқсат етілген тінту кезінде пәтерден полиэтилен пакетке оралған екі келіге тарта героин мен үш келі гашиш табылып, тәркіленді. Әдеттегідей есірткіні қызметтік-із кесуші иттің көмегімен анықтау мүмкін болды. Сонымен бірге, полицейлердің тергеу жұмыстары нәтижесінде 44 жастағы Теміртау қаласының тұрғыны қолға түсті. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, ұсталған үш ер адам қамауға алынды. Оларға 15-тен 20 жылға дейін бас бостандығынан немесе мүлкін тәркілеу жолымен өмір бойына бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалуы мүмкін.
Аталған жедел іздестіру шарасы нәтижесінде героиннің 10 мың дозасын сату фактісінің жолы кесіліп, бірқатар есірткі қылмыстары әшкереленгенін атап өткен жөн. Қазіргі таңда есірткі заттарын тасымалдау арнасын анықтау мақсатында кешенді жедел іздестіру, арнайы және тергеу шаралары жалғасуда.

Қырғыздардың «наркоарнасы» жабылды
Қырғыздардың «наркоарнасы» жабылды3 желтоқсанда ІІМ-нің Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитеті Қырғыз Республикасынан Ресей Федерациясына есірткі тасымалдайтын трансұлттық арнаның жолын кесті.
Осы ретте екі ел арасындағы есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес қызметкерлерінің бірлесе атқарған жұмыстары оң нәтижесі берсе керек. Жедел іздестіру іс-шаралар кешенін жүргізу кезінде қазақстандық полицейлер Жамбыл облысы Шу стансасында «Бішкек-Свердловск» бағытындағы жолаушылар пойызынан 27 жастағы қырғыз азаматын қолға түсірді. Алғашында полицей қызметкерлерінен қашпақ болған күдікті пойыз есігінен ғана шығып үлгерді. Оны тінту кезінде 10 келіден аса героин тәркіленіп алынды. Алдын ала мәліметтер бойынша, күдікті есірткіні Ресейдің Қорған облысына апарып сатпақ болған. Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 259-бабының 4 тармағы («аса ірі көлемде есірткі заттарын заңсыз иелену, сақтау және тасымалдау») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жалғасуда.
Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстық ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Терең кентінің төрт бірдей тұрғынын құрықтады. Олардан 20 келіге тарта марихуана тәркіленді. Төрт полиэтилен пакетіне оралған есірткі жол сөмкесіне салыныпты. Ұсталғандарға қатысты «қамау» түрінде бұлтартпау шарасы белгіленіп, қылмыстық іс қозғалды.

Қашқындар құтылмады
35c9abb3d571d2214207e934d9649855Апта ішінде Көліктегі полиция қызметкерлері Шымкент стансасында іздеуде жүрген қылмыскер – 23 жастағы Өзбекстан тұрғынын қолға түсірді.
Осыған дейін бұл күдіктіге қатысты Ресей Федерацияның Санкт-Петербург қаласында 29 жастағы ер адамды аяусыз өлтіргені үшін мемлекетаралық іздеу жарияланған болатын. Бүгінде қылмыскер қамауға алынып отыр, алдағы уақытта бұл іс Ресей полицейлерінің қолына берілетін болады.
Сонымен қатар, дәл сол күндері Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД қызметкерлері қарақшылық шабуыл жасағаны үшін іздеуде жүрген 27 жастағы Сарыағаш ауданының тұрғынын ұстады. 2012 жылдың жазында күдікті сыбайластарымен бірге Шымкент-Сарыағаш тасжолының Құрама кенті маңында «Гольф» автокөлігін тоқтатып, оның иесін травматикалық тапаншамен қорқыту арқылы 70 миллионнан астам теңгені жымқырып кеткен болатын. Бір жылдан астам уақыт мемлекетаралық іздеуде жүріп ұсталған күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Қырғыз жолаушысынан тәркіленген 10 келі героин
2013 жылғы 3 желтоқсанда Көліктегі ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы мен Шу стансасындағы Желілік полиция бөлімінің есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімшесінің қызметкерлері Қырғызстаннан Ресей Федерациясына есірткі тасымалдау каналын анықтады.
Көлік сақшылары Шу стансасындағы темір жол вокзалының перронында Бішкек-Свердловск бағытындағы жолаушылар пойызына отырғызу кезінде 27 жастағы Қырғызстан Республикасының азаматын ұстады. Тексеру барысында оның жол сөмкесінен салмағы 10 келі 130 грамм болатын героин тәркіленген.
Қазір қырғыз жолаушысының үстінен ҚР ҚК-нің 259-бабының 3-бөлігімен («Есiрткi заттарды немесе психотроптық заттарды өткізу, дайындау, ұқсату, жөнелту мақсатында заңсыз иемденiп алуды, тасымалдауды немесе сақтауды не өткізуді, есiрткi заттарға немесепсихотроптық заттарға қатысты өте iрi мөлшер») қылмыстық іс қозғалды. Күдікті Уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Көліктегі ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*