Ары биік Азамат

Азамат екенОн сегізінші қазан. Түс кезі. Үй алдына жиналған біраз адам аңтарыла жоғары қарап қалған. Тоғызыншы қабатта өз өмірімен қош айтыспақ болып, төмен қарай құлдырағалы тұрған қыз бала…
Енді оқиғаның жай-жапсарына тоқталайық. Шет ауданына қарасты Дария стансасының тұрғыны, 16 жастағы Даша Қарағандының бір колледжінде оқиды. Оқиға болардан 3 күн бұрын өзі тұрып жатқан үйдегі туысқанымен ренжісіп, өз өміріне балта шаппақшы болған. «Қарағанды Су» компаниясының қызметкерлері үйлерді аралап жүріп, қыз баланың тоғызыншы қабаттан секіргелі тұрғанын байқап, айналасындағыларды көмекке шақыра бастайды. Алайда, бір қызығы, ешкім де көмекке келуге асықпапты. Осы сәтте Азамат есімді жігіт оқиғаның ушығып тұрғанын бірден сезіп, қолұшын беруге асығады. Басқа адамдар сияқты адамның тағдырына бейжай қарап, өте берсе де болатын еді. Бірақ, мұндайға Азаматтың ары да қызметтік міндеті де жол бермеді. Өз өміріне қауіп төнерін білсе де, оның ойында тек қана қыз баланы құтқарып қалу тұр еді. Тоғызыншы қабатқа тез көтерілген ол терезені сындырып, жақтауынан ұстап тұрып, бүкіл денесімен сыртта тұрған Дашаны кері тартып алуға үлгереді. Азамат Канафин – полиция аға лейтенанты, Қарағанды-Сұрыптау стансасындағы ІІЖБ әкімшілік полиция бөлімі ювенальды полиция тобының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспекторы. ІІМ-нің Алматыдағы Академиясында оқып шыққан. Отбасында төрт баланың бірі, Қарқаралының тумасы, 23 жастағы Азамат ағасының үйіне түскі асқа бара жатқанында жоғарыдағы оқиғаға жолығады.
Қазақтың қарапайым қара баласы Азамат спортпен айналысады, сурет салғанды жақсы көреді, негізінен әскери тақырыптағы кітаптар мен фильмдерді ұнатады. Атасы партияда болған, кезінде Қарқаралы ауданының әкімі қызметін атқарған. Марқұм әкесі баласының полиция қызметкері болғанын армандап өткен екен. Мұндайда Бұқар жырау бабамыздың «Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған» деген жолдары еріксіз есіңе түседі.
Ал, қиындыққа мойынсұнып, өмірімен қоштаспақ ниеттегі жастарға «Өмір бізге бір-ақ рет беріледі. Сол мүмкіндікті дұрыс пайдаланайық. Мұндай қателік жасамаңдар. Өмірдегі қиындықтардың бәрі уақытша», – дейді Азаматтың өзі. Шынымен де, бір қарағанда таусылмас ұзақ жолдай болып көрінгенімен, өміріміздің өзі бес күндік қана тірлік емес пе?! Сол тірліктің мәнін келтіретін де адамның адамдық қасиеті болар. Азамат, адамның бойында ең алдымен адамгершілік болуы керек, содан кейін тәрбие, әр адамның ерік-жігері мықты болуы керек деп ойлайды. Адамдық борыш, ар үшін қызмет етіп жүрген Азамат нағыз азамат екен. Қазақтың қайсар да батыл ұлдары аман болсын!

Г. ДҮЙСЕНОВА, Қарағанды-Сұрыптау стансасындағы ІІЖБ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*