Қуатты мемлекет, қуатты әскер – Елбасы еңбегінің жемісі

IMG_0128Биылғы 1 желтоқсан еліміз үшін елеулі оқиға – Тұңғыш Президент күнін атап өтеді. Сәл тарихқа шегініс жасар болсақ, 1991 жылғы 1 желтоқсанда алғаш рет жалпыхалықтық сайлау өтіп, егемен Қазақстанның негізін салушы – Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет Президент болып сайланды. Бұл жаңа мемлекет қалыптасуының өтпелі кезеңінде сенімді басшыға өз тағдырын тапсырған Қазақстан халқының жауапты таңдауы еді.
Шын мәнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында тәуелсіз Қазақ елі қалыптасып, тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз және діліміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды. Ұлтаралық татулыққа селкеу түспеді. Қазақстан тәуелсіздігін алған сәтте алғаш болып Түркия елі тәуелсіз ел ретінде мойындаған болатын. Бұл туралы Түркияның экс-мәдениет министрі, саясаткер Намық Кемел: «Қазақстан ең алғаш тәуелсіздігін алғанда біз Қазақстан үшін Түркия үлгі боларлық мемлекет болады дедік, ал 21 жыл өткен соң біз Түркия үшін Қазақстан үлгі боларлық мемлекетке айналды деп мойындауға мәжбүрміз», – дейді. Расында да Қазақстанды қазір әлем мойындайды. Найзаның ұшы, білектің күшімен ата-бабадан қалған еліміздің беделін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев асқақтатып, әлем танымастай етіп өзгертті. Елімізде өткен жылдан бері атап өтілетін бұл мерекенің тарихи маңызы орасан зор екені айдан анық. Ендеше Тұңғыш Президент күні Қазақстанның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жеткен жетістіктері мен әлем алдындағы жинаған абырой-беделіне тағы бір мәрте ой жүгіртіп, қорытынды жасайтын күн.
Иә, сонау ел егемендігін жариялағаннан кейін бір ай өтер-өтпес мерзімде, Тәуелсіздік декларациясы қабылданғаннан соң 26 күн өткенде, 1992 жылғы 10 қаңтарда Елбасының Жарлығымен мемлекетіміздегі алғашқы күш-қуат құрылымдарының бірі – ҚР ІІМ Ішкі әскері құрылған болатын. Сол сәттен-ақ, елдің ішкі тұрақтылығы, тату-тәтті өмір ырғағы мен қауіпсіздік мәселелері жіті назарға алынып, Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ішкі әскердің күш-қуатын жетілдіру мен дамытуға ұдайы көңіл бөліп келеді.
Ақбас тарих бетін парақтасақ, 1998 жылы 11 шiлдеде Елбасы Ішкi әскерлер Қолбасшылығының Бас басқармасында болып, астаналық гарнизонның екi әскери бөлiмiне Жауынгерлiк Туларын тапсырған болатын. Осы салтанатты шарада Мемлекет басшысы: «Бiздiң iшкi әскерлерiмiз аса жауапты мiндеттердi орындайды–олар елiмiздегi iшкi тәртiптi қамтамасыз етедi. Әскер елiмiздiң ұлттық қауiпсiздiгiн нығайтуға үлкен үлес қосуда. Мен, елiмiздiң Жоғарғы Бас Қолбасшысы ретiнде қызметтерiңiздiң жақсы жағдайда өтуiне және iшкi әскердiң қамтамасыз етiлуi лайықты деңгейде болуына қамқорлық жасауға тырысамын», – деп атап өтті. Ал 2001 жылы 22 маусымда өткен Қауiпсiздiк Кеңесiнiң кеңейтiлген мәжiлiсiнде Республика Президенті Ішкi әскердiң материалдық-техникалық жағдайын нығайту жөнiнде шаралар қабылдау үшiн Үкiметке нақты тапсырмалар берген болатын. Нәтижесінде Iшкi әскердi реформалаудың 2002-2005 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы жасалып, ол жемісті атқарылды. Мемлекеттің ішкі қауіпсіздік қалқаны саналатын ведомствоның әлеуеті артып, қуатты күш-қуат органына айналуына зор ықпалы болды.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан-2050 Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында мемлекеттілікті нығайтуда құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерді ары қарай реформалау – маңызды міндеттердің бірі деп атап көрсетілді. Маңызды құжатта көрсетілген бұл іс-шаралар жеке құрам тарапынан толықтай қолдау тауып, қазіргі уақытта жұмыс жүйесінің тиімділігі мен сапасын арттыруға баса назар аударылуда. Осыған орай әскердің басқару органдарына өзгерістер енгізілді. Бүгінгі таңда Ішкі әскерлер комитеті Ішкі әскерлер Бас қолбасшылығы ретінде қайта құрылып, әскердің бригадалық басқару жүйесі толық өңірлік қолбасшылықтарға көшірілді. 1997 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Петропавл қаласында IIМ Ішкi әскерлерiнiң арнайы оқу орны ашылып, білім ордасына Елбасы Н.Назарбаев өз қолымен Жауынгерлiк Туды табыс еткен болатын. Бүгінгі күні аталған оқу орнын 2 мыңнан аса түлек бітіріп шықты. Ал халықаралық ықпалдастық аясында бүгінгі таңда осы білім ордасында көрші Тәжікстан мен Қырғыз елдерінің азаматтары да офицерлік білім алып жатқанын айта кеткен орынды. Және бір қосары, осыдан 2 жыл бұрын біз әскерде академиялық білімі бар офицерлердің көп болғанын қалаушы едік. Мемлекет басшылығының қолдауы арқасында бұл мақсат та еңсерілді. 2010 жылы Үкімет қаулысымен Ұлттық қорғаныс университетінде Ішкі әскердің арнайы факультеті ашылып, онда Ішкі әскер офицер мамандары өз білімдерін лайықты жетілдіріп келеді. Мамандардың біліктілігін арттыру жайына баса назар аударған Ішкі әскерлер Бас қолбасшысы генерал-майор Руслан Жақсылықовтың бастамасымен жақында Ішкі әскерлер Бас қолбасшылығында әскери-білім орталығы ашылды. Орталық жұмысының негізгі мақсаты әскердің жауынгерлік-қызметтік әрекетін жетілдіру мәселелері бойынша оқыту-әдістемелік шараларды жандандыру.  Әскер сабында ұдайы назарда болуға тиіс мәселелердің бірі ол тәрбие ісі. Осы орайда Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге шақырылатын жастарға батыр бабаларымыздың жауынгерлік рухында тәрбиелеу, олардың бойына қазақстандық патриотизмді сіңіру бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп отыр. Мәселен, үстіміздегі жылы елордада ҚР ІІМ Ішкі әскерлері Бас қолбасшысының жүлдесі үшін өткен әскери оркестрлер арасындағы II «Әскери керней» ән байқауын айтуға болады. Бұл шара биылғы жылы Астана қаласының 15 жылдығына орай ұйымдастырылды. Осындай айтулы күн аясында Ішкі әскердің барлық әскери бөлімдерінде мерекелік шаралар ұйымдастырылмақшы. Таратып айтқанда, тақырыптық сабақтарда көпшілікке арналған көрме шарасы қолға алынып, онда Елбасының еңбек жолы мен тәуелсіздік жылдарындағы тарихи кезеңдер жайлы тұшымды мәліметтер мен фото және бейне материалдар ұсынылатын болады.

Мұхаметқали САТОВ,
ҚР ІІМ Ішкі әскерлер Бас қолбасшысының
тәрбие және әлеуметтік-құқықтық
жұмыстары жөніндегі орынбасары, полковник

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*