Ұрлық тауар иесін тапты

урлык тауарПетропавл қаласы базарларының бірінде қызық жағдай орын алды. Облыс орталығының кәсіпкері «102» пультына хабарласып, бейтаныс адамның оған өз бутиктерінің бірінен ұрланған тауарды сатып алуды ұсынғандығын айтты.
Оқиға былай болған. Жұмыс іздеп жүрген ер адам сауда нүктелерінің біріне кіріп, ашық сөреде жатқан балық аулау жабдықтарына тап болады. Оңай олжаға қызыққан ол жабдықтардың 4 қаптамасын және аңшылық пышақты қолды қылады. Қала тұрғыны ұрланған заттарды басқа базардағы дәл осындай тауарды сататын дүңгіршекке өткізбекші болады. Тауар қаптамасындағы өз қолын көрген бутик иесі мұндай жағдайға таңғалады. Петропавл қалалық ІІБ 2-полиция бөлімінің аға тергеушісі, полиция майоры Жомарт Елемесовтің айтуынша, жеке кәсіпкер қылмыскерді үркітіп алмау үшін тауарды сатып алуға келіскен, содан соң полицияға хабарлаған.
Тергеу барысында күдікті ең алдымен ұрлық жасағандығынан бас тартып, кейін толықтай мойындады. Ұрланған балық аулау жабдықтары иесіне қайтарылды. Іс сотқа дейінгі қарапайым түрде тергеледі. Жалпы жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының аумағында 5496 ұрлық фактісі тіркелді.

Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*