Кеңқияқ қаһармандары

Кеңқияқ қаһармандарыБиыл тәуелсіз Қазақстан тарихында 7 мамыр – Отан қорғаушылар мерекесі күні ретінде тұңғыш рет ресми түрде аталып өтті. Бұл күн еліміздің қорғаныс қабілетінің кемелденгенін білдіретін мереке ғана емес. 7 мамыр – Отан, ел күзетінде қыршыннан қиылған нағыз ерлердің рухына тағзым ететін күн. Іштен шыққан жауға тойтарыс беріп, сын сағатта сүрінбей, ерлік пен өр намыстың үлгісін көрсеткен бейбіт күндегі батырлардың бірі Кеңқияқта қаза тапқан қаһармандар. Олар – Нұрлан Алпысбай, Айдос Боранбаев, Руслан Жолдыбаев пен Айболат Иманбаев.
Елімізді елең еткізген Кеңқияқ оқиғасында ерлік көрсетіп, көз жұмған ақтөбелік полиция қызметкерлері қазақ халқының есінде мәңгілік қалады. Қызмет бабында көз жұмған төрт полицей де елдің есін шығарып, жұртшылықты шулатқан уахабшыларға қасқайып қарсы тұрды. 2011 жылы маусымның 30-ынан 1 шілдеге қараған түні Ақтөбе облысына қарасты Темір ауданының Шұбарши ауылында теріс пиғылдағы ағымның өкілдері түнгі кезекшілікте жүрген 2-патрульдік полициясына тұтқиылдан оқ жаудырып, қызметтік көлік ішіндегі полиция қызметкерлері – Нұрлан Алпысбай мен Айдос Боранбаевты өлтіріп кеткен болатын. Осы оқиғадан кейін барша ақтөбеліктер сең соққан балықтай абдырап қалды. Бүгін біз былтырғы дүйім халықтың үрейін ұшырған діни экстремистердің көзін жою барысында қаза болған қаһарман полицейлер жөнінде сөз қозғамақпыз. Еліміздің күш құрылымдарының қызметкерлерін аяғынан тік тұрғызған Кеңқияқ оқиғасы құқық қорғау органдарында жұмыс жасайтын азаматтар үшін сын сағаты болды. 2011 жылы 30-шы маусымның түнінде патрульдік 2 полицейге алдын ала дайындалып, шабуыл жасаған 10-ға жуық адамнан жасақталған қылмыстық топ түнгі кезекшілікте жүрген полиция сержанттары Нұрлан Алпысбай мен Айдос Боранбаевты оққа ұшырған еді. Сол ауылдағы кейбір куәгерлердің айтуынша, Нұрлан мен Айдостың рухын уахабшылар баса алмаған көрінеді. Көзі тірісінде Н.Алпысбай мен А.Боранбаев заңды белшесінен басып, діни наным-сенімді жамылған пиғылы бұзық экстремистердің жолына тосқауыл болған. Кеңқияқ кентінде өздерінің жымысқы ойларын іске асырып, мұнай ұрламақшы болған қылмыстық топтың қаһарына қарсы тұрып, қызметтік анттарынан аттамаған Нұрлан мен Айдос дәстүрлі емес діни ағымдардың саясатын жүргізбекші болған қылмыскер экстремистердің ажал оғына қасқайып тұрып, көкіректерін тосты. Олар туған елі, жерінің тыныштығы үшін құрбан болды. Темір ауданына қарасты Шұбарши ауылында болған қанды оқиға облыс халқына ашық күнде найзағай ойнағандай әсер етті. Жай ғана қылмыскер емес, айрандай ұйыған ұлтымызды іріткісі келген ойы бұзық экстремистердің қитұрқы іс-әрекеттері мен қызмет бабындағы полицейлердің ауыр қазасы естіген адамның жанын түршіктірді. Қандықол қарақшылардың қылмысын әркім әр саққа жорыды, түрлі болжамдар айтушылар да табылды. Ақтөбе облысының Темір ауданы аумағында ұйымдасқан қылмыстық топ діни сенімдерді жамылып, Кеңқияқ және Шұбарши ауылдарының маңындағы құбырлардан мұнай ұрлаған және басқа да қылмыстар жасап келген. Осы топты құрықтау мақсатында Кеңқияқ оқиғасынан 4 күн бұрын, 26 маусым күні Ақтөбе облыстық ІІД Ұйымдасқан қылмысқа және экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел операция кезінде Ақтөбе қаласында «Мерседес-бенц» үлгісіндегі автокөлікті тоқтатып, тексеру барысында көлік ішінен «Макаров» маркілі тапанша, 2 шолақ мылтық және бірнеше оқ-дәрі тәркіленген болатын. Тексеру кезінде темір тұлпардың жүргізушісі мен қасындағы жолаушылардың 8 ұрлық пен тонау дерегіне қатыстылығы анықталады. Сонымен қатар, бұл күдіктілердің 2 қылмыстық топпен байланысы бары белгілі болған.
Кейіннен полиция қызметкерлерін өлтірген қандықол қылмыскерлердің Шұбарши мен Құмсай ауылдарының маңында өскен қалың қамыстың ішін «паналағаны» белгілі болады. Қаскөйлерді дереу қолға түсіру үшін 3 шілде күні сол маңда арнайы операцияны іске қосқан Ақтөбе облыстық ІІД-нің «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімше қызметкерлеріне қылмыскерлер тұтқиылдан тағы шабуыл жасап, полиция қызметкері Руслан Жолдыбаевты атып өлтіріп, арнайы жасақтың үш қызметкерін жарақаттайды. Осылайша олар көмекке басқа полиция қызметкерлері жеткенше өздері бой тасалап үлгерген. Арнайы операция кезінде Ақтөбе облыстық ІІД «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімше қызметкері Руслан Жолдыбаев ерлікпен қаза болды. Оқиға былай басталған. Жедел іздестіру жоспарына сәйкес, «Арлан» арнайы жасағының басым бөлігі тікұшақпен елді мекеннің үстінен торуылдаса, арнайы жасақтың 7 сарбазынан құралған шағын топ «ГАЗель» автокөлігімен Кеңқияқтың шетіндегі қамыстың ішін сүзіп шығуды көздеген. Арнайы жасақ қамыстың адам бойынан асатынын, ит тұмсығы батпайтын қалың екенінен бейхабар болған. «ГАЗель» автокөлігі қамысқа кіргенде арнайы сарбаздар жол айырықта көліктен түсіп, екіге бөлінген. Сәлден сол арландық сарбаздарға жан-жақтан оқ қарша бораған. Қас-қағым сәтте өте шыққан тарс-гүрс аттыста арнайы жасақтың үш бірдей жауынгері жараланып, олар жол айырықта тұрған «ГАЗьелді» қалқалаған. 7 адамнан құралған шағын жасақтың командирі, полиция аға лейтенанты Руслан Жолдыбаев өздерінің экстремистер қоршауында қалғанын әп-сәтте түсінген. Бірақ Руслан жанындағы жолдастарының үрейленуіне жол бермей, жаралы әріптестерін автокөлікке мінгізіп: «Сендер көлікпен оң жақтағы жолмен тура жүріңдер» деп әріптестеріне бұйрық береді. «ГАЗельдің» уахабшылар құрсауынан босауына мүмкіндік туғызған командир өзіне бағынысты 6 жауынгер, 1 автокөлік жүргізушісі және 1 жол көрсетуші жергілікті ауданның полицейін қауіпсіз аймаққа шығартқан. Тағы бір ескерерлігі, «ГАЗель» сол жақтағы жолмен жүргенде тұйыққа тіреліп, барлық арнайы жасақ оққа ұшар еді. Қысыл-таяң шақта тығырықтан шығар жол сілтей білген командир Руслан өзгелердің амандығы үшін экстремистермен шайқаста көзсіз ерлікпен қаза тапты. Үш полиция қызметкерін өлтірген қылмыскерлер 1 апта бойы бой тасалап жүрді. Қылмыскерлер мінген «Митцубиси Делика» маркілі автокөлігі ауылдың сыртындағы қамыстың ішінен табылды. Өткен жылы шілденің 8-і күні ІІМ «Сұңқар», Ақтөбе облыстық ІІД «Арлан» арнайы бөлімшелерінен құрылған жедел топ Кеңқияқ ауылындағы үйлерді тексеру барысында полиция қызметкерлерін өлтірген күдіктілердің жасырынған ордасын анықтады. Нефтяник көшесіндегі №2 үйдің маңында ІІМ «Сұңқар» арнайы бөлімшесінің қызметкері, полиция майоры Айболат Иманбаев қылмыскерлерді құрықтау операциясы барысында көз жұмды. Ұйымдасқан топ мүшелері мұнымен шектелмей, полиция сержанты Тұрарбек Ешпағамбетов пен ішкі әскердің келісімшарт бойынша жұмыс жасайтын қызметкері Сейітжан Қалжановты да ауыр жарақаттады. Қылмыскерлер жасырынған үйді полиция қызметкерлері қоршауға алып, түнімен күдіктілердің іс-қимылын аңдыды. Таңсәріде 9 шілде күні полицейлердің «Беріл» деген талабына құлақ аспаған қылмыскерлер қарсы оқ жаудырған. Операция кезінде 9 қылмыскердің көзі жойылды. Оққа ұшқан 9 қылмыскердің ішіндегі алтауының бұрын іздеуде жүргендігі кейін белгілі болды. Темір ауданындағы оқиға орнында жедел тергеу тобы тексеру жұмыстарын жүргізіп, көз жұмған қылмыскерлер мүрдесіне медициналық сараптама жасалады. Сот медициналық сараптама қорытындысы үш қылмыскердің қанында есірткі заты табылғанын айғақтап берген. Кейін көзі жойылған 9 қылмыскердің тағы екі сыбайласы тірілей қолға түсті.
Ел тыныштығын бұзған қарулы қылмыскер экстремистерге қарсы тұрып, құрықтау кезінде ерлік көрсеткен Ақтөбе облыстық ІІД «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімше қызметкері, полиция аға лейтенанты Руслан Жолдыбаев пен ҚР ІІМ «Сұңқар» арнайы бөлімшесінің қызметкері, полиция майоры Айболат Иманбаевқа Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» ордені (қайтыс болғаннан кейін) берілсе, Ақтөбе облыстық ІІД патрульдік полиция қызметінің сержанттары Нұрлан Алпысбай мен Айдос Боранбаев Президент Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен (қайтыс болғаннан кейін) марапатталды.
«Сақшы» анықтамасы:
Нұрлан АЛПЫСБАЙ – 1980 жылы Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында дүниеге келген. Төрт ағайынды. Құқық қорғау саласындағы қызметін 2002 жылы патрульдік полиция батальонынан бастаған. Гүлназ, Шаһназ атты екі қызы бар.
Айдос БОРАНБАЕВ – 1972 жылы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданында дүниеге келген. Шаңырақтағы үш ұлдың кенжесі. Құқық қорғау саласындағы қызметін 2005 жылы бастаған. Арайлым, Әйгерім атты екі қызы бар.
Руслан ЖОЛДЫБАЕВ – 1976 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Құқық қорғау саласындағы қызметін 1998 жылы бастаған. Аида атты қызы бар.
Айболат ИМАНБАЕВ – 1981 жылы Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында дүниеге келген. Қарулы күштер қатарындағы қызметін 1998 жылы бастаған. 2007 жылдан бері «Сұңқар» арнайы мақсаттағы бөлімнің бастығы. Айбар, Әлихан есімді ұлдары бар.
Бақытгүл ДҮЙСЕНБАЕВА, Ақтөбе облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*