Жол жүгенсіздікті көтермейді

Жол жүгенсіздікті көтермейдіЖыл басынан бергі үш ай ішінде Солтүстік Қазақстан өңірінде 49 жол апаты болып, салдарынан 13 адам қара жол үстінде қаза тапқан. Ал, 72 жолаушы түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген. Өткен жылмен салыстырғанда апаттық көрсеткіш екі есеге азайған. Бұл жайында Петропавлда өткен Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД Жол полициясы басқармасы жанынан құрылған Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында белгілі болды.
Осымен екінші рет бас қосқан кеңес мүшелері аймақта жыл басынан бері тіркелген жол-көлік апаттары мен жол сақшыларының жұмыс нәтижелерін сарапқа салды. Сондай-ақ, жиында кеңес мүшелері қызмет куәліктерін алды. Кездесу аясында Қоғамдық кеңес мүшелері процессингтік орталыққа арнайы атбасын бұрып, жұмысымен жақынырақ танысты. 2011 жылдың қазан айында ашылған орталықтың көмегімен жылдамдықты асыруға байланысты 20 мыңға жуық құқық бұзушылық дерегі анықталған. Ал, айыппұл мөлшері 160 миллион теңгені құрайды. Кездесу барысында сөз алған облыстық ІІД Жол полициясы басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Айдар Совет: «Былтыр 3 ай ішінде жаяу жүргіншілердің қатысуымен 7 заң бұзу дерегі тіркелген болатын. Биыл бұл көрсеткіш азайып, 80-нен 42 пайызға төмендеді. Жол апаттарының басым бөлігі республикалық маңызы бар тас жолдарда тіркеледі. Басты себептердің бірі – мұндай аймақтардағы техника мен жол инспекторларының жетіспеушілігі», – деп қордаланған мәселелердің бірін алға тартты. Жиын барысында қаладағы жолдарды кеңейту мәселесі де сөз болды. Жол полицейлерінің мәліметтеріне сүйенсек, биыл қаладағы көлік 25 мыңға жетсе, облыс бойынша темір тұлпар саны 109 мыңға көбейген. Басқосу барысында кеңес мүшелері жол инспекторларының жұмысын қадағалау мақсатында да нақты іс-шараларды қолға алу қажеттігін айтты. «Біріншіден, бекеттерді бейнебақылауға алу керек. Жол жүгенсіздікті көтермейді2Бақылау камералары арқылы жұмысына салғырт қараған жол сақшыларды анықтауға болады. Екіншіден, жол полицейлерінің тек белгіленген жерлерде кезекшілік атқаруын қадағалау қажет. Қазіргі таңда олар өздері қалаған жерге тұра салып, еш себепсіз көлік жүргізушілерін тоқтатуды әдеттеріне айналдырған», – деп қалалық мәслихаттың депутаты Жаслан Ахметов өз ұсынысын ортаға салды. Кеңес мүшелері көтерген мәселелер аяқсыз қалмайтынын айтқан облыстық ІІД бастығы, полиция полковнигі Мұрат Ұрұмханов қаладағы мектептің бірінде автоқалашық салу жоспарланғанын мәлімдеді. Мұндай қалашықта бүлдіршіндер жолда жүру ережелерін үйренуге мүмкіндік алады. Жиын соңында облыстың бас полицейі Мұрат Ұрұмханов Қоғамдық кеңес мүшелеріне қызмет куәлігін табыс етті.

Ерлан МАХМЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*