Ел қорғаны – парасатты полицей

AZA_0223Тұрмыстың жақсы-жамандығына, көп балалы немесе аз балалы отбасынан, қандай мектептен білім алып шыққанына қарамастан, тәрбие көрген, әсіресе еңбекпен тәрбиеленген, басында санасы бар кез келген азамат өз елінің патриоты болып шығатыны анық. Ондай адам қашанда іс-әрекеті, адамгершілігі, шын жүрегімен қоғамның дамуына сәл де болса өз үлесін қосуға ұмтылады. Өз ісіне есеп береді, өзгеге жасаған жақсылығын ешкімге міндет етпейді, ізгі істеріне марқаяды.
Еліміздің тағдыры мен болашағы, көркеюі – кеудесінде отаншылдық сезімі бар, көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азаматты толғандырмай қоймауы тиіс. Бұл, әсіресе, құқық қорғау органдарында қызмет атқарып жүрген қызметкерлерге қатысты. Соның ішінде, ішкі істер органдарында қызмет ету асқан парасаттылықты талап етеді. Өйткені, басқаларға қарағанда ішкі істер органдарының қызметкерлері қылмыс, қылмыскерлермен жиі бетпе-бет келеді, кеуделерін оққа тосатын да солар. Оларға қылмысты ашу, қоғамның тыныштығын, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу сияқты атқаратын лауазымдарына сәйкес түрлі міндеттер жүктеледі. Қызметтік міндетін дұрыс және жауапкершілікпен атқара білген полиция қызметкері ғана парасатты полицей деген атаққа ие болады. Парасатты полицей деген сөздің мағынасының өзінде үлкен жауапкершілік жатыр. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген мақал бар, ендеше парасатты полицей бірінші кезекте қарапайым, үлкен адамгершіліктің иесі, өз Отанының патриоты болуы қажет. Бұл қызмет білімді болумен қатар, біліктілікті, құқықтық сауаттылықты, халықтың тілін таба білуді, дұрыс қарым-қатынас жасауды, ұстамдылық пен шыдамдылықты, ақ пен қараны айыра білуді, дер кезінде шешім қабылдай алуды, өзінің істеген іс-әрекетіне жауап беруді талап етеді. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2011 жылғы 28 мамырда бекіткен Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерлерінің Ар-намыс кодексіне сәйкес, ішкі істер органдарына қызметке қабылданатын Қазақстан Республикасының әрбір азаматы өз өмірін Отанына қызмет етуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға және қылмысқа қарсы күреске, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға арнайды. Ішкі істер органдарының қызметкерлері өзінің күн сайынғы қызметтік жұмысында, Қазақстан Республикасы Президентінің саясатын жақтауға және оны дәйекті түрде жүзеге асыруға, өзінің іс-әрекетімен мемлекеттік биліктің беделін нығайтуға, сол беделді түсіруге ықпал ететін іс-әрекеттер жасауға жол бермеуге тиіс. Мәселен, былтырғы жылы өз қызметінде жоғарғы нәтижеге қол жеткізіп, «Үздік учаскелік полиция инспекторы» атағын жеңіп алып, министрден марапаттау алған учаскелік полиция инспекторы «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында: «Мен артық ештеңе істеген жоқпын. Бар болғаны өзімнің қызметтік міндетімді жауапкершілікпен, ар-ұятыммен орындадым, – деген еді. Осындай өз ісіне берілген қызметкерлерді және Тараз қаласында орын алған оқиға кезінде ерлікпен өмірін қиған капитан Ғ.Байтасов сияқты, сондай-ақ, кеуделерін оққа тосып, соңына шиеттей бала-шаға, туған туысқандарын қалдырып кеткен еліміздегі қаншама азаматтарды неге «парасатты полицей» деп атамасқа? Алматы қаласында бүгінгі бейбіт заманда орын алған «Шаңырақ» оқиғасында бұзақылардың қолынан 22 жасында қаза тапқан тергеуші Әсетті қалай ұмытуға болады? Арнайы киімді кигеннен кейін полиция қызметкерлеріне халық үмітпен қарайды. Адамның жаны мұрнына келіп қысылған кезде, ең бірінші кезекте медицина қызметкерлері мен полицияға хабарласады. Бұл қалыптасқан жағдай. Егеменді елімізде қызметіне берілген, парасатты полицей деген атаққа лайықты полиция қызметкерлері бар және көп. Әрине, арасында заң нормаларын дұрыс қолдана білмейтін, құқықтық сауаты аз, мәдениеті төмен қызметкерлер де кездеседі. Көпшілігі адамдармен сыпайы қарым-қатынас жасауды білмейді, дөрекілік танытады. Осыдан барып заң бұзушылыққа жол беріледі. Сол себепті халықтың полицияға деген сенімсіздігі туындайды. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегендей, полицияның халық алдында беделін түсіретін де осындай қызметкерлер. Жүсіп Баласұғын «Құтты білік» дастанында адамның қоғамдағы орны мен қызметін түсінуге ұмтылып, мінсіз қоғам жайындағы өзінің философиялық мұраттарын баяндайды. Оның: «Ақыл-зерде әрқашан адамға қызмет етеді, оның жалғандығы жоқ» дей отыра, адамның адами жетілуі мен кісілік кемелденуі, сол арқылы мемлекет пен қоғамды қуатты, мықты, құтты ету; кісілік кемелдену жолына түскен адам-өзінің қасиетіне, қалыбы мен негізіне мейлінше жақындаған асыл жан екені туралы айтқан ойы бізді кішіпейілдікке, не нәрсені ақылға салуға тәрбиелейді. Міне, кейбір полиция қызметкерлеріне, әсіресе жас қызметкерлерге осы кісілік қасиеттер жетіспейтінін мойындағанымыз дұрыс. Қай қызметте жұмыс атқарса да нысандық киім кигеннен соң құқық қорғау органдары қызметкерлерінің барлығы азаматтардың құқықтарын қорғаулары, қажет болған жағдайда заңгерлік көмек көрсетулері керек. Барлығын полиция қызметкерлеріне жүктеп қоймай, қоғам алдындағы жауапкершілікті барлығымыз бірге сезінгеніміз дұрыс. Біз Алматы қаласында 15 жылдай тұрдық. Алғашқы жылдары жолдасым ІІМ Академиясының әкімшілік құқық және әкімшілік қызметі кафедрасында оқытушы болып қызмет атқарды, мен де сол мекеменің кітапханасында кітапханашы болып жұмыс істеп жүрдім. 1997 жылы ақпан айында қай күні екені есімде қалмапты, сағат түскі 11.00 шамасында «Көмектесіңдер» деген бір әйел адамның жан даусы 4-қабатқа естілді. Терезеден қарасам бір ер адамның қашып бара жатқанын, оның артында бір әйел адамның жылап келе жатқанын және аулада автокөлікті жуып жатқан менің жолдасымның, бәрін тастай салып, оны қуа жөнелгенін көріп, төртінші қабаттан төменге түстім. Көп уақыт өткен жоқ, жолдасым үйлерді, маңайдағы базарды шыр айнала қуып жүріп, ізін суытпай әлгі қылмыс жасаған күдіктіні ұстап әкелді. Ол бейтаныс екіқабат әйелді көше қиылысында соққыға жығып, 300 АҚШ доллары ақшасы мен әмиянын, бес төлқұжатын (оның ішінде екеуі шетел төлқұжаты) қол сөмкесімен қоса ашық тартып алып қашқан екен. Жолдасым қылмыскерді, куәні және жәбірленушіні өзіміздің көлігімізге салып алып, Ішкі істер басқармасына жеткізді. Артынан бұл күдіктінің бұрын қанішерлік қылмыс жасағаны үшін сотталғаны, Шымкент және Алматы қалаларында қылмыс жасап, іздестіруде жүргені анықталды. Жолдасым жедел әрекет жасап, ол азаматты ұстамаған жағдайда, оның әлі қаншама адамның обалына қаларын кім білсін… Қазіргі кезде халық арасында полицияның беделі түсіп кеткені барлығымызға аян. Себебі, ішкі істер органдары жеке құрамының қатарында біреуді қорғамақ түгілі, өзін қорғауға шамасы әзер келетін, өмірдің ыстығы мен суығын көрмеген, өрімдей жастар көбейіп кетті. Қызмет ету барысында, әрине олардың шыңдалатыны түсінікті. Дегенмен жауапкершілікті нақты сезіне білу, халық арасында беделге ие болу үшін біраз уақыт керек, олармен үнемі тәрбиелік жұмыстар жүргізілуі қажет. Бұрынғы кездері арнайы ведомстволық оқу орындарына Отан алдындағы парызын, яғни, екі жыл әскери міндетін өтегендер ғана қабылданатын. Қарулы Күштер қатарында екі жыл әскери міндетін өтеп, есейіп, шыңдалып келген азаматтар өзгелерден оқ бойы озық тұратын еді. Олар қызметтік жауапкершілікті де сезінеді. Арнайы оқу орындарына қабылдағанда осындай азаматтарға сәл жеңілдіктер жасалса, халықтың сенімін ақтар парасатты полицейлер қатары көбейер ме еді. Жалпы алғанда, салауатты өміріміздегі ішкі істер органдары қызметкерлерінің рөлі зор. Бұл қызметте уақытпен санаспай, кей кездері бала-шағасын иіскеуге де мұршасы келмей, күннің ыстығы мен суығында, әсіресе мереке күндері жұрт бейқам ұйқыда жатқанда жұмыс атқарып, оның қиындығы мен қауіптілігін өз басынан өткерген адам ғана түсіне алады. Дегенмен, полиция қызметкерлері қоғам тарапынан айтылған айтылған оң сын-ескертпелерді дұрыс қабылдап, оны өз қызметін жақсарту үшін пайдаланған жағдайда, әлі де халық арасында құрмет пен беделге ие болары сөзсіз. Елімізде парасатты полицейлердің көп екенін тағы қайталап айтқым келеді. Оларды халыққа таныту үшін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы полиция қызметкерлерінің оң жетістіктерімен қатар үлгілі отбасылар жөніндегі арнайы бағдарламалар жиі берілсе, ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерлерінің өмірі жайлы фильмдер түсірілсе, жұртшылық олардың қызметіне түсіністікпен қарар еді.

Әйгерім ӘБІЛҚАСЫМОВА,
ІІМ Б.Бейсенов
атындағы Қарағанды Академиясы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*