Қазақ тілі – менің де тілім

мақалаТәуелсіздік – тәуекел еткеннің ғана тағдырына бұйыратын бақыт. Егемендік алу оңай емес, ал еңсесін тіктеген ел болу тіпті қиын. Қазақстан халықтарының алдында тәуелсіздікті қорғау, татулықты сақтау, тұрақтылықты орнатумен қатар Тәуелсіздік құндылықтарын сақтау міндеті тұр. Соның бірі Қазақстан халқын біріктіретін қуатты құрал – біздің мемлекеттік тіліміз. Оны меңгеру, қолдану аясын кеңейту, насихаттау еліне жаны ашитын әрбір қазақстандықтың міндеті мен парызы.
«Дауға салса, алмастай қиған, сезімге салса, қырандай қалқыған, ойға салса, қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да, ойнақы Ана тілімнен артық не бар екен!» – деп, туған тіліне өз құрметін жеткізе білген Елбасы Н.Назарбаевтың бұл сөзінен кейін қазақ тіліне деген құрметіміз одан әрі арта түспек. Бүгінде қазақ тілінің аясы кеңейіп, өрісі өсіп, құлашы кеңге жайылып келеді. Бұл тәуелсіздігіміздің, қазақ тілінің мәртебе алғандығының арқасы. Мемлекеттік тілімізді тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындайтын, мемлекеттік тілдің үстемдігін мойындайтын уақыт келді. Мен Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданынының Құмсай ауылында дүниеге келгенмін. Біздің ауыл шағын болғанымен жергілікті ұлт өкілдерімен қатар немістер, орыстар,тағы басқа ұлт өкілдері тұрады. Менің атам Иван бұрыннан осы жердің тұрғылықты тұрғыны болған. Кіндік қаны қазақ жерінде тамып, өніп-өскен украин баласы. Ал Ира әжем – литва қызы. Ол Қазақстанға тыл көтеру кезінде келіп, атаммен дәм-тұзы жарасып, қосылған. Екеуінен бір қыз, үш ұл тараған. Осы үш ұлдың үшеуі де қазақ қыздарына үйленген. Менің әкем Василий мен шешем Гүлшат орыс мектебінде бір сыныпта оқыған. Екеуі де қазақ, орыс тілдерін қатар жетік меңгерген. Анам орыс мектебінде ағылшын тілінен сабақ береді. Солай бола тұра, олар мені заман талабына сай қазақ мектебінің бірінші сыныбына берген. Марқұм әкем үнемі: «Қызым, қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Қазақ тілін жетік білгенің өз болашағың үшін қажет. Қазақ тілін жақсылап үйрен», – деп отырушы еді. Менің өзіме де қазақ тілі жаныма жақын тұратын. Жалпы қазақ халқының әдет-ғұрпы, тәрбиесі, қыз балаларына берер тәлім-тәрбиесі маған ұнайды. Менің достарымның барлығы қазақ қыздары. Қазақ тілін жетік меңгеруіме де осы дос қыздарымның әсері мол. Мен үшін әлемде бірнеше жүз тіл болса да, соның ішінде қазақ тіліндей сұлу, шұрайлы тіл жоқ шығар. Сөздік қоры көп, ең бай тіл де – қазақ тілі. Мен қазақ тілін үйрену арқылы қазақ халқының тарихымен, мәдениетімен, әдебиетімен сол тілде танысуға мүмкіндік алдым. Қазақтың жанын бір кісідей ұғына аламын. Қазақ тілі мен үшін өзімнің ана тіліндей болып кетті. Қазақстан – менің Отаным! Қазақ тілі – менің де тілім! Бала кезімнен қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларын қызығып оқыдым. Соның ішінде Абай атамыздың философияға толы өлеңдері, М.Мақатаевтың, Ф.Оңғарсынова сынды ақындардың сезімге толы өлеңдері қатты ұнайды. Көркем шығармаларды оқыған сайын сөздік қорың молайып, қазақ тілінің сырларын ұғына түсесің. Бұл менің ойымды қалыптастырумен қатар, қанатымды қатайтып келеді. Мектеп қабырғасында жүрген кезімнен мектепішілік, аудандық олимпиадаларға, сайыстарға белсене қатысып, мемлекеттік тілдің мерейін көтеруге ат салысатынмын. Бала кездегі арманымның бірі – полиция қызметкері болу еді. Осы арманның жетегімен облыс орталығына келіп, ІІМ Ақтөбе заң институтына түсіп, қазақ тобында білім алып жатырмын. Заң институтында үш курста 28 топ бар, оның 19-ы қазақ тобы. Мен осы оқу ордасында білім алған үш жыл ішінде мемлекеттің тілдің қадір-қасиетін жете ұғынумен қатар, оның мәртебесін заң тұрғысынан да түсіне бастадым. Қазақстанның Тіл туралы заңында «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының міндеті делінсе, Ата Заңымызда «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» делінуі, біздің алдымызға айқын мақсат, нақты міндет қойып отыр. Еліміздің елдігі – ділін, тілін, дінін оқып үйрену, сол елдің азаматы ретінде басты міндеттердің бірі болып табылады. Заң институтына түскеннен кейін де бұрынғыша Тіл туралы сайыстарға қатысудан тыс қалған жоқпын. Айталық, бірінші курста өзге ұлт өкілдері арасында өткізілетін облыстық «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты сайысқа қатысып, мақтау қағазына ие болдым және сол жылы желтоқсан айында Астана қаласында ІІО-ның қызметкерлері арасында өткізілген «Жан жүрегім – Қазақстан» атты патриоттық әндер сайысына қатысып, 3-орынды иелендім. Сонымен қатар, ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Қ.Қасымовтың грамотасымен марапатталдым. Екінші курста, яғни ағымдағы жылдың мамыр айында «Мемлекеттік тіл – ұлт тірегі» атты облыстық байқауға қатыстым. Институт бастығының алғыс хаттарына ие болдым. Бұл мен үшін үлкен мәртебе, ата-анам үшін мақтаныш деп білем. Елбасы Н.Ә.Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында қазақ тілін дамытудың нақты бағыттары және қоғамдағы рөлі мен орнын анықтап көрсетіп берді. «2017 жылы мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың саны кем дегенде 80 пайызға, ал 2020 жылға қарай кем дегенде 95 пайызға жетуі тиіс. Енді 10 жылдан кейін мектеп бітіруші түлектер 100 пайыз мемлекеттік тілді білетін болады», – деп біздің алдымызға нақты міндеттер қойды. Қазір байқасаңыз, қазақ тілін бар ынтасымен үйренуші өзге ұлт өкілдерінің саны артуда. Өзге ұлт өкілдерінің балабақша жасындағы, бастауыш сыныптарда оқитын балалары таза қазақша сөйлеп жүргені ешкімді таң қалдырмайды. Бұл көңіл қуантарлық жағдай. Өз елімізде, өз жерімізде қазақ тілінің ертеңі жайлы ойлау, ол үшін тер тегу-бүгінгі ұрпақтың негізгі міндеті. Уақыттың талабы сол – мемлекеттік тіл үстем болуы қажет. Әлемнің дамыған елдерімен иық тірестіріп отырған жағдайда тілдің мәселесі бірінші кезекке қойылуы шарт. Қазақ тілі – қоғамның барлық салаларында қолдануға лайықты, заман талабына жауап бере алатын тіл. Ұлтына, сеніміне, жасы мен дүниетанымына, білім деңгейіне қарамай, туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, халықаралық қоғамдастықта абыройының өсінуіне адал қызмет ету, мемлекеттік тілімізді мақтаныш ету – әрбір Қазақстандықтың парызы.

Н.ЩЕРБОВАЯ, ІІМ Ақтөбе заң институтының
3-курс тыңдаушысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*