Жаза бастырмайтын Жандарбек

SONY DSCЖиырма жыл аз уақыт емес. Оның үстіне бір салада осынша жыл қызмет атқарған адам майталман маман, өз ісінің білгірі болып қалыптасары анық. Тәжірибе – табанды еңбекпен, тыңғылықты ізденіспен келеді.
Біз әңгіме еткелі отырған Жандарбек Ахметжанов тәжірибеге де, біліктілікке де бай көрінді. Ол Зырян қаласы және Зырян аудандық ІІБ Жол полициясы бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны. Біз онымен Зырян қаласына барғанда арнайы танысқан едік. Қырықтың екеуін меншіктеген жігіт ағасы қарбалас жұмыс үстінде екен. Қызмет жағдайы солай. Дегенмен, ол алтын уақытын бөліп, бізбен дидарласуға ниет білдірді.
– Шығыс Қазақстан облысының Самар ауылында туғанмын, – дейді Жандарбек Рахметқалиұлы, – бір кездегі балалық арман мені осы салаға алып келді. Әуелі Семей қаласындағы ҚР ІІМ-нің Заң колледжінде білім алдым. Содан кейін Шығыс Қазақстан аймақтық Заң университетінде құқықтану мамандығы бойынша білімімді толықтырдым. Ішкі істер саласындағы алғашқы еңбек жолым қарапайым инспекторлықтан басталды. Көп уақыт өтпей аға инспектор болдым. Біраз тәжірибе жинағаннан кейін мені басшылық ШҚО ІІД Жол полициясының №1 жеке батальонының взвод командирі етіп тағайындады. Тағы біраз жыл өткенде, яғни 2010 жылы осы қызметке тағайындалдым, – дейді Ж.Ахметжанов.  Жандарбек Рахметқалиұлының айтуынша, Зырян қаласында 13 мың көлік құралы бар екен. Бөлімдегі бес қызметкер қала ішіндегі жол қатынасын ғана қадағалап қоймай, жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында әртүрлі шаралар өткізіп тұрады. Қала ішіндегі, аудан көлеміндегі мектептер мен балалар мекемесіне барып, оқушылар мен тәрбиеленушілердің жол ережесіне қатысты білім-біліктерін тексеріп отырады. Жол ережелерін сақтауға шақырған үн парақтар таратады. Бұған қоса, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жол ережелерін сақтауға қатысты арнайы материалдар жариялайды. Сондай-ақ осы тақырыпқа орай, лекциялар оқып, түрлі кездесулер де өткізеді. Құқықтық шара қолдану бағытында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде биылғы жылдың 8 айында ішімдік ішіп автокөлік рөліне отырған 87 жүргізуші тиісті жазасын алған, ұялы телефонмен сөйлескен 11, көліктің жылдамдығын арттырған 33, жаяу жүргіншіге жол бермеген 2, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен 5 жүргізуші анықталып, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жыл басынан бергі сегіз ай ішінде 3213 іс қаралса, соның түгелге дерлігіне айыппұл айыппұл өндіру қарастырылған. Нәтижесінде отыз миллионға жуық айыппұл қаржысы мемлекет қоржынына аударылған. Сөйтіп айыппұлдарды өндіру көлемі 95,1 пайызды құрапты. Былтырғы жылы бұл көрсеткіш 89,6 пайыздан аспаған. Осылайша қызметті өнімді ұйымдастырып жүрген азаматтың еңбегі басшылық тарапрынан да жоғары бағаланып келеді. Қызметте елеулі жетістіктерге жеткен Жандарбек бақытты отбасының отағасы. Үлкен ұлы Рәмет пен кішкентай қызы Ясмин бұл отбасын қуанышқа бөлеп отырады. «Балалы үй базар» деп қазақ атамыз тегін айтпаса керек.

Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ,
Шығыс Қазақстан облысы,
Зырян қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*