Едірестің ерлігі

БКО Отанына адал ЕдиресКүндіз де, түнде де, ыстық пен суықта да тұрғындардың тыныштығын сақтау мен қорғау жолында қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан тәртіп сақшылары екені баршаға мәлім. Тәртіп сақшысы қазіргі қоғамда көп сын садағына ілінетін мемлекеттік қызметкерлердің қатарына жатады. «Адамдар полиция қызметкерлерін өздерінің қорғаушысы ретінде танып, өз қауіпсіздіктерін сезінулері тиіс», – деп Елбасымыз айтқандай, адам өмірінің қауіпсіздігі басты мәселе болып табылады. Жұртшылық полицейлердің жұмысын жіті біле бермейтіндіктен жансақ пікір айтып, даттауға бейім тұрады.
Бірақ, сол ішкі істер органдарындағы қызметкерлердің арасында өз ісіне адал, елі үшін аянбай еңбек етіп жүрген, сайдың серке тасындай іріктелген майталман жігіттер бар екенін байқай бермейді. Оны тек істеген ісі мен ерекше ерлігіне қарап қана анықтауға болады. Міне, сондай қызметіне адал, ісіне тиянақты, ұтқыр қызметкерлердің бірі – Батыс Қазақстан облысына қарасты Сырым аудандық ІІБ Әкімшілік полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Едірес Зейнуллиннің жасаған ерлігін айтпай кетпеске болмайды. Азаматтың ерлігі жөнінде белгілі айтыскер ақын, журналист Бауыржан Халиолла Ішкі істер департаментіне жолдаған хатында былай деп жазады: «Сырым ауданының Қособа ауылында той жасауға лайықты орын болмаған соң ауыл адамдары қонақтық шараларын көбіне аудан орталығындағы мейманханаларға келіп жасайды. Сәуір айының алтыншы жұлдызында «Жұлдыз» кафесінде немере інімнің тойы өткен болатын. Той қамымен жүргенде кішкентай бауырымыз Ерхаттың кафенің лас қалдықтар төгетін құдығына түсіп кеткенін бірге ойнап жүрген балалар үлкендерге дер кезінде айтып үлгерген. Сол тойға қонақ ретінде келіп тұрған Қособа ауылының учаскелік инспекторы Едірес Зейнуллин деген азамат еш ойланбастан киімімен бірден сол құдыққа түсіп, батып кеткен баланы құтқарып қалды. Осы хатты жаза отырып, бауырымызды аман-есен алып қалған Е.Зейнуллинге ағайындарымыздың атынан шексіз алғысымызды білдіремін». Бұл жөнінде Едірес Сағидоллаұлының өзінен сұрағанымызда: «Той басталғанша таныстарыммен әңгімелесіп есік алдында тұрғанымда кенеттен аспаз қыздардың артқы жақтан айқайлаған «құтқарыңдар!» деген дауысы естілді. Сол мезгілде барлығымыз солай қарай жүгірдік. «Жұлдыз» дәмханасының артында қараңғы жерде жуынды құятын құдықтан баланың дауысы шығып жатты, содан қасымдағылардың қалтасынан біреуі ұялы телефонының, екіншісі тұтатқышының жарығын түсіргенде құдық ішінде лайлы суға бір батып, бір шығып тұншыққан баланы көрдік, баланың жан даусы шығып, шыңғырып жылағанына шыдай алмадым. Үстімдегі киіммен құдыққа түстім, ересек адамның бойы жетпейтін құдықтың жуындысына бала бұл сәтте түгелдей батып кеткен болатын, содан боқтықтың ішінен баланы қолынан тартып алып шықтым. Қараңғылықтан шыққанда ғана бұл сол той иесінің кенже ұлы Ерхат екенін көрдік. Бала бұл кезде құсып, жағдайы нашарлай түскен еді. Содан дереу ауруханаға алып бардық, жуынды қалдықтарды жұтып, шашалған бала ақ халатты абзал жандардың көмегімен аман қалды. Әйтпесе, той қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін еді, – деп еске алды сол оқиғаны. – Мұндай жағдайда кімге болса да көмектесуді өзімнің азаматтық парызым деп санаймын. Өйткені, мен өмірімде және қызметімде өз Отаным – Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге ант берген болатынмын және сол антыма қашан да берік боламын». Енді ғана мектеп табалдырығын аттағалы отырған Ерхаттың ата-анасы ауылдық учаскелік тәртіп сақшысына үлкен ризашылықтарын білдіре отырып, әкесі Ернар Халиуллин: «Баламызды ажал ауызынан аман алып қалған тәртіп сақшысына алғысымыз шексіз. Оған еңбегі жемісті болып, ұрпағының қызығын көрсін дегіміз келеді», – деген тілегін жеткізді. Ал, Қособа ауылының әкімі Мейрбол Ахметқалиев: «Ауылымыздың учаскелік инспекторының осы ауыл тұрғандары үшін жасап жатқан еңбегі көп. Ол қолға алған әрбір іс қашанда өз нәтижесін беріп жатады. Ауыл ақсақалдары мен азаматтары оны «ауылымыздың Едіресі» деп айтып жүреді. Тұрғындармен, әріптестерімен жақсы қарым-қатынаста, өз ортасына сыйлы адам. Жергілікті учаскелік полиция инспекторы Едірес Сағидоллаұлына барша ауыл атынан ризашылығымызды білдіріп, алдағы уақытта еңбегіңізге толағай табыстар тілей отырып, зор сенім білдіреміз», – деді. Дегенмен, сол тойға шақырылған Едірес, әрине, аз ғана кешіккенімен киімін қайта ауыстырып, тойдың аяғына дейін қатысқан. Қызметтен тыс уақытында осындай өзінің мамандығына деген адалдығын қалтқысыз дәлелдеген полиция аға лейтенанты Едірес Зейнуллин Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2013 жылғы 30 сәуірдегі №138 бұйрығына сәйкес «Құрмет грамотасымен» марапатталды. «Өжеттілік, қайсарлық – жауынгерлік тіпті мүмкін емес деген жағдайдың өзінде, өз өмірін абыроймен өлімге бас тігуге тәуекел етушілік, игілікті құлшыныс», – деген екен даңқты қолбасшымыз Бауыржан Момышұлы. Осыдан кейін Едірес Сағидоллаұлының кәсіби шеберлігіне, білікті маман екендігіне ешкім шүбә келтіре қоймас. Едірес Зейнуллин 1981 жылғы мамырдың 7-сі күні Батыс Қазақстан облысына қарасты Сырым ауданының Алғабас ауылында дүниеге келген. 1999-2001 жылдары Қазақстан Республикасы Ішкі әскерлерінің Шымкент қаласындағы №6506 әскери бөлімінде әскер қатарында болып, 2002 жылы ішкі істер органдарына қызметке жолданған. 2008 жылы М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Ішкі істер органдарындағы қызметін патрульдік полиция қызметкері болып бастаған жас офицер бұған дейін де құқық қорғау саласындағы қызметінде бірнеше марапатқа ие болған. Соның ішінде Қазақстан Республикасы ІІМ-нің 2010 жылғы 16 маусымдағы №368 бұйрығымен «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» ІІІ дәрежелі медалімен мадақталған.
Атап кетер жайт, жақында Павлодар қаласында ішкі істер бөліністері арасында әскери қару атудан өткен Қазақстан Республикасы ІІМ мен «Динамо» спорт қоғамы чемпионатынан батысқазақстандық полицейлер жақсы көрсеткішке қол жеткізіп, олжалы оралған болатын. Жарысқа ел өңірлерінен барлығы 17 команда қатысты. Батысқазақстандық полицейлерінің құрамасымен облыс жеңімпаздары Бауыржан Оспанов, Вадим Бекчентаев, Шолпан Рашитова және әңгімеміздің кейіпкері Едірес Зейнуллин де қатысты. Олар АК-74 автоматы мен Макаров тапаншасынан нысана көздеуден сынға түсті. Бұл сайыста БҚО құрамасы жалпыкомандалық үшінші орынды иеленіп, кубок, диплом, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бүгінгі күні жігерлі полиция қызметкері Едірес Зейнуллин сол ауылда балабақшада тәрбиешілік қызмет атқарып отырған жары Айнұрмен бас қосып, Ерасыл есімді баланы дүниеге әкелген бақытты шаңырақтың отағасы. «Ерім деген ел болмаса, елім деген ер болмас» деген өмірлік қағиданы ұстанған Едірес Зейнуллин әлі де талай ерлігімен елді таң қалдырар деген ойдамыз және осындай ерлеріміз көп болса екен дейміз.

Асылай ҒҰБАШЕВА, Батыс Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*