Шерзод ПУЛАТОВ: Бірлік пен ынтымақ – дамудың басты кепілі

Шерзод Пулатов – Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласының «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы және «Дустлик» республикалық өзбек қауымдастығы Дін мәселелері жөніндегі сарапшысы, кәсіби медиатор.
Қазіргі таңда қазақ және өзбек халықтары арасындағы мәдени және білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға зор үлесін қосып келеді.
Шерзод Аббозұлымен болған бүгінгі сұхбатымызда ел бірлігі, қоғам тыныштығы бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды жан-жақты сараладық.
Ассамблея – елдегі бірлік пен қоғамдық келісімнің бастауы болып отыр. Әрі ел бірлігін нығайту жолындағы бірегей институт. Жалпы бүгінде елімізде қанша этнос өкілдері мекен етеді және олардың ұлттық болмысын сақтауда нендей тірліктер атқарылып жатыр?
– Бүгінгі таңда елімізде 1025 этномәдени бірлестік жұмыс істейді, оның ішінде 28 ұйым республикалық мәртебеге ие. ЭМБ (этномәдени бірлестіктер) активі ¬¬– 408 мың адам. «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес биылғы жылы алғаш рет этномәдени бірлестіктерді қоғамдық тіркеу рәсімі өткізілді. Барлығы 368 ЭМБ аккредиттелген, оның 15-і – республикалық. Этномәдени орталықтардың жанында «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысына біріктірілген 138 жастар ұйымы, яғни 6,7 мыңнан астам жас жұмыс істейді. Ассамблеяның көпфункционалды ресурстық орталығы ретінде 40 Достық үйі халыққа қызмет көрсетуде. Ал Алматы қаласында республикалық Достық үйі бар. Осының барлығы жастардың ортақ мекеніне айналып отыр.
Қазақстан халқы Ассамблеясының ең басты мақсаты – халқымыздың бірлігін сақтау, сонымен бірге, жастарды дұрыс бағытта тәрбиелеу.
Ассамблеяға жүктелген міндет бүгінде абыроймен атқарылуда. Өткен жылды қорытындылап, алдағы жұмыс жоспарларыңызбен таныстырып өтсеңіз.
– Өткен Жастар жылы аясында Ассамблеяда арнайы «Жол картасы» қабылданып, оны іске асыруға ҚХА «Жаңғыру Жолы» жастар қозғалысы, бірлестіктер жанындағы жастар қанаты тартылды. Жалпы, 5 мыңнан астам адамды қамтитын 29 республикалық іс-шара, өңірлік деңгейде 200 мың адамды қамтитын 2400-ден астам түрлі форматтағы іс-шара өткізілді.
Мысалы, биыл атқарылған істердің қатарында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасын ілгерілету шеңберінде «Көшбасшы бол», «Новая волна 100+», «BIRLIK-2019» жазғы лагері және «100 жаңа есім: қалай табысты болу керек» жазғы мектебі секілді іс-шараларды да ұмытпай айта кеткен жөн.
Ассамблея шеңберіндегі Жастар жылының биылғы алдын ала қорытындысы 29 қазанда «Social Assembly» республикалық жастар форумында көрсетілді.
Сонымен бірге, ҚХА-ның биылғы жылы басымдық берілген мына бір бағытын да баса айтқым келеді. Бүгінде барлық өңірде Ассамблеяның қамқорлығындағы 2789 Қоғамдық келісім кеңесі бар. Олар облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық деңгейлерде, сондай-ақ, ірі кәсіпорындар ұжымы базасында құрылған. Кеңестер 3485 іс-шара өткізді, олардың аясында 165 мың адам қамтылды.
Сондай-ақ, республика көлемінде 1793 Аналар кеңесі құрылды. Ол кеңестер жастарды тәрбиелеу, қайырымдылық, елде жүргізіліп жатқан реформаларды іске асыру мәселелерінің кең ауқымы бойынша 2000-ға жуық іс-шара өткізді. Айталық, қазан айында Қостанай қаласында ҚХА Аналар кеңесінің республикалық форумы өтті. Кеңес мүшелері жергілікті жерлерде халықтың өзекті мәселелерін шешуге белсенді қатысып, кез келген дау жанжалдың алдын алу саласында жұмыс істеп келеді.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында Ассамблея қандай жұмыстарды қолға алып отыр?
– Жуырда «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы өтті. Бұл форум ең бірінші Ассамблеяға жүктелген тапсырмалардың қандай дәрежеде орындалып жатқанын, сонымен бірге, түрлі этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді іс жүзінде қаншалықты меңгергенін нақты дәлелмен көрсету мақсатымен ұйымдастырылды.
Шынын айтқанда, ҚХА аясында мемлекеттік тілге және қазақ салт-дәстүрлерін өзге этнос өкілдердің арасында насихаттау мақсатында әртүрлі іс-шаралар өткізілуде. Ұйымның қазақтану жобасы негізінде ел аймақтарында жыл сайын лекторийлер өтеді. Меніңше, осы жұмыстар өз нәтижесін көрсете бастады. Жоба аясында қазақ халқының тарихын, дүниетанымын, мәдениеті мен дәстүрлерін насихаттау бағытында да біраз шаруалар атқарылды. Рухани жаңғыру, Ұлы даланың жеті қыры – осының бәрі Ассамблея жұмысының негізгі басымдықтары.
«Мұсылман болу әсте-әсте» дегендей, әрбір жұмыстың іргетасы дұрыс қаланып, біртіндеп жүзеге асса, берері мол болады. Осы ретте Ассамблеяның жұмысы өз деңгейінде барынша жүйелі жүріп келеді. Оның нәтижесі қазір айқайлап тұрмағанымен, болашақ өмірімізге ықпал ететін болады.
Қазақ халқының мейірімді мінез-құлқының арқасында өзге этностардың қазақ тіліне ерекше құрмет көрсетіп келе жатқанын көріп отырмыз және мемлекеттік тіліміз ғана ұлтаралық тіл болу керек деген ұстанымды жүрегім толық қабылдайды. Айтылған мәлімдеме – негізді мәлімдеме!
Сіздің кәсіби медиатор екеніңізді білеміз. Жалпы Медиация институты туралы айтып берсеңіз?
– Бәрімізге белгілі, 2015 – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланды. Осы жылы Ассамблеяға медиация бағыты жүктелді. Мен болсам, жаңа бағытты үйрену үшін АҚШ-тың Нью-Йорк «Peace» институтында және «Planning Change» дайындау орталығында медиацияны оқытудың бір жылдық курсынан өттім. 2016 жылы Медиация магистрі дәрежесіне ие болып елге оралдым. Сонымен бірге, этносаралық және дінаралық медиация бойынша арнайы курстардан өттім. Қазір Қазақстанда медиация саласына өз үлесімді қосып, медиатор-тренер ретінде ізбасарлар тобын баулып келемін.
Ассамблея жұмысының бір бағыты – медиация. Мәселен, әрбір Достық үйінің аясында медиация кабинеттері ашылған. Онда жұртшылық арасында туындаған әртүрлі мәселелер бойынша мәмілелер жасалады. Шын мәнінде, адамдар дауға ашық диологтың, еркін пікір алмасудың болмауынан ұрынады. Оның соңы сот әурешілігне дейін соқтырып жатады. Ассамблея сондай жандардың өзара пікірлесіп, мәселені бітімгерлікпен шешуіне алаң ұсынып отыр. Бұл елдегі қоғамдық істің берекелі болып, келісімнің орнығып, татулықтың, бірліктің нығаюына оң ықпал ететін бірден-бір фактор. Ал бірлік, ынтымақ – елдегі әлемуеттік-экономикалық дамудың басты кепілі.
Кәсіби медиатор ретінде қандай даулардың шешілуіне ұйытқы болдыңыз?
– Жоғарыда айтып өткендей, негізінен мен медиаторларды дайындаумен айналысамын, дегенмен, маған да дауларды шешуге тура келеді. Медиация қағидаттарының бірі – құпиялылық, сондықтан сізге нақты бір жағдайды айта алмаймын. Олар көп жағдайда тұрмыстық түсінбеушіліктер, егер олар маған жүгінсе, мен әрқашан кез келген мәселелерді шешуге көмек көрсетемін.
Қазіргі күні Ассамблея аясында 1 республикалық, 28 аумақтық медиация кеңесі өз жұмысын атқарып келеді. 503 медиация кабинеті ашылған. Ассамблеяның қамқорлығымен 4 мыңға жақын қоғамдық медиатор дайындалған, олардың ішінде 926 медиатор жұмыс істейді. 2019 жылы олар 23,5 мыңнан астам дауды шешті, оның ішінде 8 мыңы консультация деңгейінде шешілген болатын. Жыл сайын өткізілетін бірыңғай республикалық Медиация күні аясында елімізде шамамен 16 мың адамды қамтитын 625 іс-шара өтті.
Баршамызға белгілі «Жусан» операциясы туралы айта кетсеңіз, жалпы елге неше адам оралды және олардың қазіргі жағдайлары қандай?
– «Жусан» гуманитарлық операциясын Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған болатын. Жыл басынан бері қақтығыс аймағынан Қазақстанға 520 бала мен 142 әйел оралған. Қазақстанға оралған балалар оңалтудан өтіп, арнайы бейімдеу орталығына орналастырылған. Қазір педагогтарды, психологтар мен басқа да мамандарды тарту арқылы ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі мәлімдеген болған.
Еліміздегі ұлтаралық және дінаралық қауіпсіздікті сақтаудағы ішкі істер органдарының қызметіне көңіліңіз толады ма?
– Еліміздегі қоғамдық келісім мен ұлтаралық және дінаралық қауіпсіздікті сақтауға жолында тек ішкі істер органдары жауапты емес. Бұл жұмысты қолға алып жүрген ең біріншіден – ҚХА. Сондықтан қауіпсіздікті бірлесіп жұмыс істегенде сақтай аламыз деп ойлаймын.
Менің ойым бойынша елдегі діни ахуал тұрақты. Бүгінгі күні біз еліміздегі бірлікті сақтаудың маңыздылығын жақсы түсінеміз, өйткені, ол – елдің тұрақтылығы мен дамуының негізі.
Сонымен қатар, елімізде өз дінін еркін ұстану үшін барлық жағдай жасалуда. Мешіттер, шіркеулер және басқа да ғибадат ету орындары салынуда. Қазіргі күні діни қызметкерлердің білімі жақсы деңгейде және олар сеніп тапсырылған міндеттерді жақсы орындап келеді. Діни негіздерді оқығысы келетін азаматтар үшін арнайы курстар бар, медреселер ашылған және басқада мүмкіндіктер жасалған.
Бұл бағытта қандай ұсыныстар айтар едіңіз?
– Еліміздің ең басты байлығы – халықтың бірлігі. Осы баға жетпес байлықтың арқасында бізде ынтымақтастық, тыныштық пен тұрақтылық қалыптасқан. Бұл маңызды негіздер Қазақстанның дамуына жол ашуда. Еліміздің дамуы халықтың жағдайының жақсаруына тікелей байланысты. Осындай керемет мемлекетте өмір сүруді нәсіп еткендіктен Жаратушы иемізге шүкіршілік келтіру біз үшін міндет деп білемін және де әрбір ел тұрғыны бірлігімізді сақтау жолында өз үлесін қосуы керек.
Қоғамдық жұмыстарға көп араласасыз ба?
– 2007 жылдан бастап қоғамдық жұмыстарға атсалысып келемін. 2010 жылы елордалық қандастар мені астаналық өзбек этномәдени орталығының төрағалығына лайық көріп, қазіргі күнге дейін орталықты басқарып келемін. Сол жылдан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясының және «Nur Otan» партиясының мүшесімін, 2016 жылдан ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі, 2017 жылдан бастап СІМ Қоғамдық Кеңесінің мүшесі, сонымен бірге, өзбектердің «Дустлик» қауымдастығы жастар қанатының жетекшісі лауазымын да атқарудамын.
2019 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, яғни Елбасының қоғамдық орынбасары болып тағайындалдым. Өте үлкен жауапкершілік және елеулі жұмыс жүктеледі. Халықпен тікелей байланыста болғандықтан, біз ҚХА-ның Хатшылығына кеңестерді және ұсыныстарды беріп келеміз.
Жалпы ҚХА-ның іс-шаралары өте көп, олардың барлығына бір адам үлгере алмайды. Сондықтан Ассамблея атынан қоғамдық орынбасарлар қатысуға тиісті. Мен өзім аумақтарда болатын шараларға қатысқанды ұнатамын. Басты мақсатым – қарапайым халықтың жағдайын біліп, Президент Әкімшілігіне жеткізу. Өткен жылы еліміздің 16 аумағында болдым. Көп жағдайларды көзбен көріп, арнайы ұсыныстарды дайындадым.
Абай Құнанбаев «Өзбек – өз ағам» деп айтып кеткен. Ал өзбек халқында «Досың қазақ болса, өмірде ешқашан адаспайсың» деген дана сөз бар. Мұнда бұрыннан ауылы аралас, қойы қоралас жатқан көрші екі елдің бір-біріне деген достық адал ниеті жатыр. Жалпы, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың артуына, одан әрі нығаюы бағытында қандай жұмыстар жасалып жатыр. Осы жөнінде кеңірек айтып берсеңіз?
– Қазақстан халқы Ассамблеясы 2018 жылы Өзбекстанның Министрлер кабинеті жанындағы ұлтаралық қарым-қатынас және достық байланыс жөніндегі комитетпен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойған болатын. Ассамблеяның тікелей бастамасымен және қолдауының арқасында ҚР МСМ жанындағы сирек кітаптар және қолжазбалар Ұлттық орталығы мен Әбу Рейхан Беруни шығыстану институты және Өзбекстанның Халықаралық ислам Академиясының арасында келісімге қол жеткізілді. Бұл жұмыстар біздің халықтар арасындағы достықтың негізін бекітіп, мемлекет арасындағы мәдени гуманитарлық байланысқа жаңа серпін беретіндігіне сенімдімін.
Ташкент қаласына жұмыс сапары кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев «Орталық Азия – біздің ортақ үйіміз» халықаралық конференциясына қатысып, қазақстандық қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік моделін таныстырды. Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында «Қазақстанда тұратын өзбек халқының фольклоры» кітабының тұсаукесерін өткізді.
Біздің бауырлас елдер арасындағы достық көпіріне айналған «Дустлик» өзбек этномәдени бірлестіктерінің қоғамдық қауымдастығының қызметін де атап өтуге болады. ҚХА аясында «Дустлик» қауымдастығы Қазақстанда ғана емес, Өзбекстанда да достықты дәріптеуге арналған түрлі іс-шаралар өткізіп келеді.
Біздің мақсатымыз – өзбек халқының тілі мен мәдениетін сақтау, дамыту және түркітілдес халықтардың әдеби мұраларын жаңғыртып, халық ішінде тарату. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен елордалық өзбек этномәдени орталығы жыл сайын өзбек ақыны Әлішер Науаи шығармашылығына арналған «Шығыс жұлдызы Науаи» халықаралық әдеби кешін ұйымдастырады. Мұндай шаралар еліміздің басқа да аймақтарында өткізіліп тұрады. Бұл қазақстандық этностардың өзара байланысын нығайтып қана қоймай, олардың өз тарихи отандарымен қарым-қатынасын жолға қоюдың жақсы мүмкіндігі деп ойлаймын.
2018 жылы Қазақстандағы Өзбекстан жылы атап өтілген болатын. Ал 2019 жыл Өзбекстандағы Қазақстан жылы ретінде жарияланды. Тарихы тамырлас екі елдің мәдени-гуманитарлық байланысы жылдан-жылға нығайып келеді. Жалпы аталған екі жыл ішінде қандай жұмыстар жүзеге асты?
– Өткен жыл бойы Өзбекстанда Қазақстанның мәдениетін, тарихын дәріптейтін 150-ден астам іс-шара өтті. Бұл Қазақстанның мәдениетін, тарихын тануға өзбекстандықтардың үлкен қызығушылық, қолдау білдіргендігінің дәлелі деп білеміз.
Соның ішінде, әсіресе Қазақстан халқы Ассамблеясы көптеген маңызды жобалар мен іс-шаралардың жүзеге асырылуына мұрындық болғанын айта кету керек. Өзбекстанда өткізілген іс-шаралар негізінен екі бауырлас елдің саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық өзара ынтымақтастығын арттыруға, нығайтуға бағытталды.
Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында мемлекеттік деңгейде ғана емес, түрлі министрліктер мен ведомстволар деңгейінде де диалог алаңдары құрылып, әр салада екіжақты келісімдер жасалды. Шекаралық және аймақаралық байланыстар нығая түсті. Экономикалық серіктестікті жандандыру механизмдеріне жаңа леп берілді. Екі ел арасындағы сауда қатынасында толыққанды еркін сауда режимі қалыптасты.
Бүгінде, сандық дәйектер мен деректерді назарға алар болсақ, Өзбекстанда қазақстандық капиталдың қатысуымен 712 кәсіпорын жұмыс істеуде, Қазақстанның 14 компаниясының өкілдігі ресми аккредиттелген. Олардың ішінде «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ-ның, «Қазинформ» АҚ-ның, «AirAstana» әуе компаниясының өкілдіктері бар.
Жалпы Өзбекстан нарығын қазақстандық кәсіпкерлер сауда, көлік-логистика, құрылыс материалдарын, тұрмыстық тұтыным тауарларын шығару секілді салалар бойынша игеруде.
2019 жылы Ташкентте «ЭСК «KazakhExport» және «Халық Банкі» АҚ-ның филиалдары ашылды.
Ал Қазақстан аумағында Өзбекстанның қатысуымен 416 бірлескен кәсіпорын құрылған.
Әсіресе, еркін сауда аймағын дамыту, көрші мемлекеттердің нарығын бірлесіп игеру, өндірістік кооперацияны тереңдету, ауылшаруашылығы, өндіріс, энергетика және телекоммуникация салаларында өзара тиімді ынтымақтастық түрлерін дамыту, көлік және транзит дәліздерін кепілді дамыту, инновациялық және білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша көптеген жобалардың жүзеге асырылып жатқанына куә болып отырмыз.
Естуімізше, Сіз көп тілді меңгерген екенсіз. Тіл үйрену қиын ба?
– Қазақ, өзбек, орыс, ағылшын және араб тілдерін жетік меңгергенмін. Осы тілдерде кітап оқып, хат жазу да қолымнан келеді. Алдағы уақытта тағы да қосымша бір-екі тілді меңгерсем деген жоспарым бар.
Жалпы тіл үйрену қиын емес. Алдымен ынта керек, содан соң еңбектену қажет.
Өткен жылы «Qorgau» атты жоба бойынша жұмыс істедіңіздер. Жоба аясында қандай жұмыстар жүзеге асты?
– 2019 жылы мен «Qorgau» деп аталатын үлкен жобада адам құқықтары жөніндегі кеңесші болдым. Жоба аясында алғашқы құқықтық кеңес беру орталықтарының ұлттық желісін құру бойынша үлкен жұмыс жасалды. Республиканың барлық аймақтарында «Qorgau» жастар орталықтары ашылды. Ресурстық орталықтар мен Еуразиялық сарапшылар кеңесі қорының кеңсесі ел азаматтарының құқығын қорғау мәселелері бойынша ақысыз заңгерлік кеңес берді.
«Qorgau» заңгерлері мен орталықтардағы қызметкерлердің біліктілігі мен тәжірибесін көтеру мақсатында адам құқықтары саласындағы танымал сарапшылардың қатысуымен онлайн-тренингтер-вебинарлар, оқыту семинарлары өтті. Мәселен, Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы, Қазақстан Республикасының құрметті заңгері, з.ғ.д., профессор Марат Шекішұлы Қоғамов, «Генералдар» қоғамдық кеңесінің төрағасы, әділет генерал-майоры, жуырда ғана өмірден озған марқұм Рүстем Есімханұлы Хайдаров, халықаралық адам құқықтары мен заңдылықтың халықтық бюросының Қазақстандағы төрағасы Евгений Александрович Жовтис, Қазақстандағы паламеризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Қабылбекқызы Батталова және басқалар оқыту семинарларына қатысты.
«Qorgau» орталықтарының адвокаттары 19886 азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда тегін заңгерлік кеңес берді. Азаматтардан кері байланыс алынды, халыққа құқықтық көмек көрсетудің неғұрлым өзекті бағыттары туралы білім базасы қалыптастырылды.
www.qorgau.kz сайты мен мобильді қосымшасы іске қосылып, жұмыс істеуде. Бұл бағытта арнайы нұсқаулықтар әзірленді, «Qorgau» заңгерлері мен орталықтары үшін электронды кабинет ашылды.
Instagram, Facebook, YouTube-та парақшалар мен каналдар ашылды. Оларда 130 видео материалдардан тұратын арна, жоба туралы ақпарат, азаматтардың құқығын қорғау алгоритмдері, тәжірибелі заңгерлерден, адвокаттардан, отбасылық медиаторлардан, адам құқықтары жөніндегі сарапшылардан алынған 101 түсіндірме бейне сабағы орналастырылды. Ең өзекті мәселелер бойынша халықтың құқықтық сауаттылығы арттыру бойынша кеңестер берілді.
Қазақстанның 298 мектебінде отбасы мен некенің жағымды имиджін қалыптастыру мақсатында республикалық сынып сағаты өтті.
Адам құқықтары саласындағы қызметке университеттер мен колледждердің ресурстары тартылды. Қазақстанның университеттері мен колледждерімен 175 меморандумға қол қойылды. Жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары азаматтардың құқықтарын қорғау саласында тәжірибелерін шыңдады. Волонтер студенттер практикалық сабақтарды аяқтап, жаңа білім, дағдылар алды.
Жоба аяқталғаннан кейін азаматтардың құқықтарын қорғау саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге мүмкіндік беретін консультациялар нәтижелері бойынша ұсыныстар жасалып, 5 мемлекеттік органға жіберілді.
Отбасыңызға тоқталып өтсеңіз?
– 1978 жылы Өзбекстан Республикасының Әндіжан қаласында дәрігерлер отбасында дүниеге келдім. Мен туған кезде ата-анам студент болғандықтан шығар, осы жасқа жеткенше ізденуден, ілім үйренуден жалыққан емеспін. Әрине, олар оқуды бітіріп елге оралған соң, балалық шағым бұрынғы Жамбыл, қазіргі Тараз қаласында өтті. Елордаға 2008 жылы отбасыммен бірге көшіп келдім. Жаратушыға шүкір, қазір төрт балам бар. Менің анам мен жұбайым негізінен үй шаруаларымен және балалардың тәрбиесімен айналысады, олардың түсінуі мен қолдауының арқасында мен алға қарай батыл қадам басып келемін.
Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатасқан Индира АХМЕТОВА,
суреттер автордікі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*