«Жолда қабылдаудың» тоғызыншы кезеңі

Желтоқсанның 20-21 күндері ішкі істер органдарында дәстүрге айналған «Жолда қабылдау» акциясы тоғызыншы мәрте өтті. Осы жылдың соңғы қабылдауы барысында ел азаматтары тәртіп сақшыларына өздерін толғандырған сауалдарын қойып, жауап алды.

Солтүстік Қазақстан облысы ПД
«Жолда қабылдау» республикалық акция аясында Петропавл қаласының тұрғыны полицейлерге Алтынсарин көшесі бойына қозғалысты шектеу белгісін орнату өтінішімен жүгінді.
Ильина Попованың айтуынша, бұл жерде балабақша, естімейтін мылқауларға арналған мекеме бар, ал соңғы кезде қозғалыс тіпті жиілеген, сондықтан жолдың аталған учаскесі қауіпті болып отыр. Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері сол күні аталған жол-көше желісі учаскесін тексеруге шықты. Өкілетті органдарға «Жаяу жүргінші өткелі», «Жылдамдықты шектеу», сондай-ақ, «Назар аударыңыз: балалар!» жол белгілерін орнату қажеттілігі туралы ақпарат жолданды.
Облыс аумағында «Жолда қабылдау» республикалық акциясының тоғызыншы кезеңі бастау алып, екі күн бойы полиция бөліністерінің басшылары алдын ала жазылусыз азаматтарды қабылдады. Акция аясында басшылар мен күн сайын халықпен тығыз қарым-қатынас жасайтын тәжірибелі қызметкерлер азаматтарды қабылдауды жүргізеді.
«Жолда қабылдау» акциясы полиция бөліністерінің фронт-кеңселерінде, «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдау орындарында, сондай-ақ, учаскелік полиция пункттерінде өтті. Акцияға облыстық полиция ведомствосының басшысы, полиция полковнигі Марат Төлебаевтың қатысуы дәстүрге айналған. Қалалық полицияның фронт-кеңсесінде Марат Сағынтайұлы кеңес алу мақсатымен, нақты сұрақтарымен жүгінген азаматтарды қабылдады.
«Азаматтардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне бейжай қарамайтыны қуантады, сондай-ақ, кездесу кезінде ұсыныстар да айтылады. Азаматтардың көкейінде жүрген мәселелерді тыңдау мақсатында осындай ашық форматтағы іс-шараларды өткізудеміз. Жол қозғалысын ұйымдастыруға өзгерістер қоғамның пікірін ескерумен, техникалық нормаларға сәйкес енгізіледі. Біздің басты мақсатымыз – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – деп атап өтті облыстық полиция ведомствосының басшысы.
Айта кететін болсақ, акция сәуір айынан бастап жаңа форматта өтуде. Полицейлердің айтуынша, жұмыстың бұл форматы жағдайды бақылауға, ал ең бастысы – азаматтардың көптеген проблемалық мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді.
Call-орталық пен мессенджердегі «тікелей эфирден» басқа, азаматтардың өтініштерін қабылдау үшін тәртіп сақшылары белгілі әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін пайдаланады: Facebook және Instagram-дағы ведомстволық аккаунттарда тікелей эфирлер ұйымдастырылып, келіп түскен пікірлер бойынша түсінік пен құқықтық кеңес беріледі.
Қалалықтарды көбіне автокөлікті тіркеу, сондай-ақ, жол инфрақұрылымы мәселелері қызықтырады. «Жолда қабылдау» жұмысы басталғаннан бері жаңа форматта солтүстікқазақстандық полицейлерге 3 200-ден астам түрлі сұрақ келіп түскен. Олардың барлығына жауап беріліп, назарға алынды.

Шымкент қаласы ПД
20 желтоқсан күні басталған «Жолдағы қабылдау» республикалық акциясының бірінші күні 681 адам келіп, өз сұрақтарына қажетті жауаптарын алды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауатын және олардың жол қауіпсіздігі ережелерін сақтаудағы жауапкершілігін арттыру, тұрғындарға құқықтық көмек көрсету, қоғам мен билік арасындағы байланыс алаңын кеңейту, азаматтардың жеке түсініктері мен жауапкершіліктерін сезіндіру, жол апаты келеңсіздіктерін алдын алып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, миграциялық заңдылықты сақтау, азаматтардың полицияға деген сенімін арттыру болып табылады.
Екі күнге созылған «Жолдағы қабылдау» республикалық акциясы аясында жергілікті тұрғындар тәртіп сақшыларына көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, қанағаттанарлық жауаптарын алды

Жамбыл облысы ПД
«Жолда қабылдау» акциясының бірінші күні полицейлерге 1300-ден астам өтініш келіп түсті.
20-21 желтоқсан аралығында Жамбыл облысы аумағында «Жолда қабылдау» және «Аулада қабылдау» республикалық акциялары өтті. Қабылдаулар полицияның он екі фронт-кеңсесінде, модульдік үлгідегі екі стационарлық полиция бекетінде және жиырма учаскелік полиция пунктінде ұйымдастырылды.
Шараның алғашқы күні облыстық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі М. Смайылов, Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Р. Әшкеев, Көші-қон қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі А. Турдалиев және қалалық, аудандық бөлім бастықтары мен әкімшілік полиция, жергілікті полиция қызметінің бөлімше басшылары тұрғындарды қабылдады.
Полиция қызметкерлері қабылдау барысында тұрғындарға әкімшілік құқық бұзушылық үшін айыппұл төлеу, көлікті тіркеу, жүргізуші куәліктерін беру, көлік құралдарын қайта жабдықтау, жол белгілерін орнату, азаматтыққа және уақытша тұруға рұқсат алу, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тіркеу, жол-патрульдік қызметі мәселелері бойынша сұрақтарға түсініктеме берді.
Акция кезінде Тараз қаласы бойынша бірінші күні 287 адам, аудандарда 693 адам өтініш білдірсе, оның ішінде кейбір тұрғындар бірнеше мәселемен шағымданған. Жалпы алғанда, Жамбыл облысының тұрғындарынан «Жолда қабылдау» акциясы аясында барлығы 1300 өтініш келіп түскен. Ал «Ауладағы қабылдау» бойынша 476 өтініш түсіп, барлығына сол жерде түсініктемелер беріліп, шешімдері табылған.

Қызылорда облысы ПД
Сыр өңірінде өткен «Жолда қабылдау» акциясы барысында оқушылар жол ережесін сақтауға шақырды.
Қызылорда облысы көлемінде бастау алған республикалық «Жолда қабылдау» акциясына мектеп оқушылары да белсене атсалысты.
Полиция қызметкерлерімен бірге олар облыс орталығындағы көшелерге шығып, жол ережесі жазылған парақшаларды таратумен қатар, көлік тізгіндеген жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жолда мұқият болып, жол ережелерін сақтау туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Бұл шараға қатысқан оқушылар тәртіп сақшыларына осылай өз көмектерін көрсетті.
Айта кетерлігі, тұрғындарға заң тұрғысынан көмек беру, құқықтық сауаттылықты арттыру және полицияның ашықтығын көрсету мақсатында ұйымдастырылған бұл акцияның бірінші күнінде полиция қызметкерлерінен 300-ге жуық облыс тұрғыны құқықтық кеңес алды.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*