Есірткі – іріткі

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері есірткі заттарының айналымы саласындағы бұзушылықтарды анықтауға бағытталған «Допинг» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.
Бұл есірткі заттары, психотроптық заттар мен прекурсорларды сатып алу, сақтау, есепке алу, пайдалану және жою қағидаларына қатысты болды. «Өткізілетін іс-шараның мақсаты – құрамында есірткі заттары мен прекурсорлар бар дәрілік заттардың заңды айналымы саласында қолданыстағы заңнаманы бұзуды анықтау», – деп тоқтала кетті облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жандос Басыбаев.
Бес күннің ішінде полицейлер 16 есірткі құқық бұзушылығын, оның ішінде есірткі заттарының заңды айналымы саласындағы 4 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Петропавл қаласы ПБ жедел уәкілдері мекемелердің бірінде психикалық белсенді компоненттері бар дәрілік заттарды сақтайтын сейфтің техникалық нығайтылу талаптарының бұзылуын анықтады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 427-бабымен 63 мың теңге мөлшерінде айып түріндегі жаза көзделген. Бұл бір ғана факт емес. Осыған ұқсас құқық бұзушылық облыс орталығындағы басқа да мекемеде, сондай-ақ, Ғ. Мүсірепов атындағы аудандағы кәсіпорында да анықталды. Уәлиханов ауданында құрамында есірткі заты бар дәрі-дәрмектің бос ампуласын жоймау фактісі анықталды, бұл әкімшілік заңнаманы бұзу болып табылады.
Бес күннің ішінде заңсыз айналымнан 94 грамнан астам түрлі есірткі заттары алынды. Сонымен қатар, полицейлер 2,5 мыңнан астам таблетка, 1,5 мыңнан астам құрамында психотроптық компоненті бар дәрілік заттар ампуласы, 3,2 литр прекурсорды тәркіледі.

Солтүстік Қазақстан облысы ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*