Сот үкімі – әділ жаза

Адамды түзеу оған көмектесуден басталады. Оған заң тарапынан жаза берілді екен деп кім-кімді де өз проблемасымен жалғыз қалдыруға болмайды. Бұл – пробация қызметкерлері өз қызметінде басшылыққа алатын қағиданың бірі. Атырау облысына сапарымыз кезінде де біз осы бағыттың дұрыс екендігіне көз жеткіздік.
Атырау облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің Пробациялық қызметін басқару басқармасының қармағында 8 пробация қызметі бар. Олар – 7 аудандық және 1 қалалық пробация қызметі бөлімдері. Оның ішінде, 1 пробация қызметі – Атырау қалалық ПҚ ҚАЖ Департаментінің ғимаратында, қалған 7 аудандық пробация қызметі жергілікті полиция бөлімшелерінің ғимараттарында орналасқан. Олар – Индер, Исатай, Қызылқоға, Құрманғазы, Жылыой, Мақат және Махамбет аудандары.
2019 жылдың 11 айында облыстық пробация қызметінің есебінен қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаларға сотталғандардың жалпы саны шамамен 1930 адамды құраған. 2018 жылы бұл көрсеткіш 1870 адам болатын. Қазіргі уақытта есепте тұрған сотталғандар саны шамамен – 1103 адам. 2018 жылы – 1182 адам. Атырау қалалық пробация қызметінде сотталғандар – 657, аудандық пробация қызметтерінде – 446.
«Пробация қызметі өз есебіндегі қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаға сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуде жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыстар жүргізуде. Сотталған адамның денсаулық жағдайы, оның білім деңгейі, жұмыспен қамтылуы, тұрғылықты мекенжайының бар болуы сынды критерийлерді анықтай отырып, ол адамның жеке басы мұқият зерделенеді. Оған ұсынылатын қажетті әлеуметтік-құқықтық көмектің көлемін анықтау арқылы аумақтық жергілікті атқарушы органдарға тиісті хат-хабарламалармен шығамыз», – дейді Атырау облысы бойынша ҚАЖД Пробация қызметіне басшылық ету бөлімшесінің бастығы, әділет майоры Нұрлан Қабдолов.
2019 жылдың ақпан-маусым айлары аралығында облыс әкімдігінің қатысуымен консультативтік-кеңесші органның бірнеше отырысы өткен. Ол отырыстарда 2018 жылы пробация қызметі есебінде тұрған және түзеу мекелерінен босатылған адамдарды жұмыс орындар квотасы бойынша жұмыспен қамтамасыз етпеген мекемелерді әкімшілік жауапқа тарту мәселесі қозғалды. Мәселен, 2018 жылы бұл тұрғыда 20 мекеме әкімшілік жауапқа тартылған екен. Соның нәтижесінде биылғы жылдың 11 айында былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда жұмысқа орналасқандардың саны өскені байқалады. Оның ішінде, 167-сі тұрақты жұмысқа орналасса (квота бойынша 91 адам), қоғамдық жұмысқа – 25, қайта даярлау курстарына – 29 адам жолданды.
«Осы ретте ерекше атай кететін бір жетістігіміз бар. Әкімдікпен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, Президенттің «Шағын несиелендіруді кеңейту» бастамасын орындауда пробация қызметінің есебіндегі адамдарға қатысты жеке бизнесті дамыту мақсатында шағын несие алу мәселесін көтердік. Оны қарастыру барысында «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамтудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес «Атамекен» ҰКП ұйымдастырған «Бастау-Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасы бойынша есепте тұрған 16 адам оқып шықты. Нәтижесінде солардың біреуі, «Атамекен» ҰКП-ның қаржылай емес қолдау операторы ретінде ұйымдастырған «Бастау-Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасы бойынша оқытуды аяқтаған (15.04.2019 жылы №48957-ші сертификаты) жазасын өтеуші З. Ибрагимова өз жеке кәсібін ашу идеясын жүзеге асыру мақсатында 252 мың теңге көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант алып, өзінің жеке кәсібін бастап, балмұздақ жасайтын аппарат құралын сатып алып, сауда нарығына қосылды. Болашақта кәсібін одан әрі үлкейтуді жоспарлап отыр», – дейді әділет майоры.
Пробация қызметі есебінде тұрғандардарды «Енбек-Атырау» РМК-на орналастыру да қолға алынған. Биыл олардың саны 29 адам болса, былтыр тек 2 адамды жұмыспен қамту мүмкін болған екен. Ал жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарлама қызметтеріне жолданған өтінімдер нәтижесінде 148 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіби мамандық игергеннен кейін жұмысқа 9 адам орналастырылыпты. 2 жазасын өтеушінің құжаты қалпына келтірілген. Сондай жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарлама қызметтерінің ықпал етуімен 48 адам арнайы кәсіби мамандық (сертификат) алып шықты. 68 жазасын өтеушіге бір жолғы материалдық ақшалай көмек берілді. Бұл көрсеткіш былтыр 16 адам болатын. Денсаулық сақтау органдарына пробациялық бақылау тарапынан жолданған 1232 сотталғанға тұрғылықты мекенжайлары бойынша ауруханаларға жолдама беріліп 850-не көмек ретінде медициналық тексеріс жүргізілді. Есепте тұрған 310 тұлғаға психологиялық көмек көрсетілді.
«Барлық атқарып жатқан шаруаларымыздың ішінде біз жұмыспен қамту мәселесіне басымдық беруге тырысамыз. Пробация қызметі есебінде тұрған азаматтармен өткізілген түсіндіру жұмыстарының арқасында «Тең-теңімен» қағидаты бойынша жұмыстар қолға алынды. Мәселен, есепте тұрған Ж. Тұтқабаев деген азамат қазіргі уақытта туған ағасымен бірлесіп «Версаль-Бизнес» ЖШС-ін ашып, мекемеге қажетті мамандық иелерін пробация қызметі есебіндегілердің арасынан қарастырған. Осылайша, қазіргі уақытта есепте тұрған, ҚК 188-бабы 3-бөлігімен 3 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған, бірақ ҚК 73-бабы қолданылып, жазасының қалған бөлігі, яғни 1 жыл 10 ай 30 күні бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылған 1991 жылғы Аслан Рысмағамбетов аталған мекемеге «Газель» автокөлігінің жүргізуші ретінде жұмысқа қабылданды», – дейді Нұрлан Қалимұқанұлы.
Пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету және қайта қылмыс жасау мен құқық бұзудың санын азайту мақсатында ҚАЖ департаменті, Полиция департаменті, облыс әкімдігімен 2020 жылға арналған бірлескен кешенді іс-шаралар жоспар жасақталуда. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдар өз тарапынан сотталғандарды жұмыспен қамтуды, материалдық қолдау және кәсіби білім беру бағытында жұмыстарды тиісті дәрежеде жалғастырса, Полиция департаменті бөліністері қылмысқа және құқық бұзушылыққа бейім сотталғандармен мақсатты түрде жұмыстар жүргізуде.
«Сот үкімі – әділ жаза» демекші, ҚАЖ және пробация тарапынан сот үкімін орындау жұмыстары жалғаса беретін болады.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ
Нұр-Сұлтан – Атырау – Нұр-Сұлтан

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*