Дәрігерлер допша домалатқан науқас

Тағдырдың жазуымен дерт тауқыметін бастан кешіп, аурумен арпалысып, қамкөңіл күйде өмір сүріп жатқан жандар аз емес. Сырқатына ем іздеп, аурухана табалдырығын тоздырған адамдар өмірін бірінші бір Аллаға, екінші ақ халатты абзал жандарға сеніп тапсырады. Сол сенген дәрігерлер кейде адам өміріне селсоқ қарағанда көңілің құлазитыны анық.
Түркістан облысының Сайрам ауданында тұратын Қуаныш Исабеков қазіргі таңда өте ауыр халде жатыр. Қауіпті дерттің шырмауына түсіп қатты қажыған науқас отыз бір жаста. Бұл жігітті 2 күнде дәрігерлер 3 ауруханаға ауыстырған. Дертіне ем іздеген шарасыз жанды ауруханадан ауруханаға допша домалатқан ақ халатты абзал жандардың ісіне қайран қалған әйелі Жанерке Есеева Түркітілдес журналистер қорының мүшелеріне хабарласып, араша іздеген болатын. Журналистердің араласуымен Қуаныш Шымкент қаласындағы Эндокринологиялық орталықтың жансақтау бөліміне орналастырған болатын.
Қуаныштың әйелі Жанерке «күйеуім тірідей шіріп барады» деп дабыл қағуда. Ол бір айдан бері мүлде жүріп-тұрудан қалған. «7 желтоқсан күні кешкі сағат 21:00 шамасында күйеуімді Шымкент қаласындағы Тері-венерологиялық ауруханаға өзіміз апардық. Дәрігерлер консилиум жасаймыз деген болатын. Ол жерде хирург, кардиолог, онколог, ревматолог, нефролог және басқа да бірнеше дәрігер болды. Бірақ, бәрі де «бұл менің ауруым емес» деп бастарын ала қашты. Негізі, бұл тері ауруы ғой. Күйеуімді Шымкент қаласының Облыстық клиникалық ауруханасының 7 корпусының жансақтау бөліміне жатқызды. Гемоглобині 50-ге түсіп кеткендіктен, ол жерде 650 мл қан құйған. Ал ертеңіне оны осы аурухананың «Қатын көпір» жақтағы филиалына ауыстырыпты. Ол жақта ревмотология бөлімшесінің жансақтау бөліміне жатқызған. Дәрігерлерден, әр аурухананың жансақтау бөліміне ауыстыруының себебін сұрасам, олар маған: «Сіздің күйеуіңіздің дерті бізің ауруханаға ешқандай да қатысы жоқ. Тері ауруларын емдейтін ауруханада жансақтау бөлімі болмағандықтан осында жіберді» дейді. Өзі жүріп-тұруға жарамай жатқан адамды осылай ауруханада, ауруханаға ауыстыра беруге болады ма? Бұл барлық дәрігерлердің емдейтін дерті болмаса, сонда кім емдеуі керек?», – деп Жанерке екі көзіне ерік берді.
Әрине, жанашыр жақыны шырылдап жүгірмегенде, кім жүгірер дейсіз?! Отыздан енді ғана асқан арыстай азаматының көз алдында тірідей шіріп, өлімші болғанына ана мен әйелінің жүрегі қалай шыдасын?!
«Қуаныштың аузына, яғни тілінің жан-жағына өңешіне дейін ет өскен. Ас тұрмақ, қара судың өзін ішуден қалды. Жұтынған кезде қанап та кетеді. Сол артық етті отта жасап алып тастаса, дұрыстап демалып, ас-суын қиналмай ішер еді деген үміт бар. Бірақ, менің бұл үмітімді еститін дәрігерлер бар ма екен?! Дәрігерлердің бірі, «бұл онкологиялық өскін болуы мүмкін, ол қауіпті» деп бізді қатты шошытты. Ал анализдерін тексерген кезде, онкологиялық көрсеткіштің белгілері жоқ екенін айтты. Онколог «біздің ауру емес» деп, дерматолог «ешқандай асқыну жоқ» деп отыр. Сонда Қуаныштың аузына өскен артық етті кімге көрсетеміз? Күйеуім тері аурумен ауырса, оны неге басқа ауруханаға жатқызады?
Қуанышқа «Вульгарная пузырчатка» деген диагноз қойып отыр. «Бұл дертті біздің елімізде емдей алмаса, әлемнің қай елінде емдеуге болады? Мемлекеттен шетелге барып емдетуге квота беріледі ме?» деген сұрақтарға дәрігерлер жауап бере алмай отыр», – дейді шарасыз күйде жүрген Жанерке.
Қуаныштың жағдайы күнен-күнге нашарлап барады. Сөйлесе, тамақ-су ішсе аузы қанап кетеді. Қазір табандарына дейін түйінді жара шығып кеткен. Сол түйіннің салдарынан жүруден қалған. Қуаныштың қатты қиналып жатқаны айтпаса да түсінікті. Ол ата-анасының үміт артқан жалғыз ұлы. Осы дертпен үш жыл арпалысып келеді. Соның салдарынан жұмысқа да жарамсыз болып қалған. Ал жұбайы Жанкере болса жұмыс істемейді. Үш баланың тәрбиесі мен екі рет инсульт алған қайын атасының және Қуаныштың күтімімен үйде отыр. Отбасында тек Қуаныштың анасы ғана жұмыс істейді. Тек бір ғана кейуананың жалақысы қайда жетсін?!
Қуаныш Исабеков 1988 жылы Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Ақсукент ауылында дүниеге келген. Бұл дерт Қуанышқа 3 жыл бұрын жабысқан. 2016 жылдың сәуір айында оның аузы ойылып, стоматит белгілері байқалған екен. Көп ұзамай денесі бөртіп, қызарып, жаралар пайда болған. Сол жылдың мамыр айынан бастап қырқүйек айына дейін бес ай Шымкент қаласындағы тері аурулар ауруханасында жатқан. Жанеркенің айтуына қарағанда, сол кезде ол емделіп, жазылып шыққан екен. Бірақ, көп ұзамай араға екі жыл салып, 2018 жылдың желтоқсан айында Қуаныштың аузы ойылып, қайтадан стоматит белгілері пайда болған. Бірнеше рет Шымкент пен Алматыда ем алғанымен, беті бері қарамай, күннен-күнге нашарлап, осындай халге түскен. Бір айдан асыпты, Қуаныш жүріп-тұрудан қалып, төсекке таңылып жатыр.
Ал дәрігерлердің айтуына қарағанда, «Вульгарная пузырчатка» – өте сирек кездесетін қатерлі дерттің бірі. Аутоиммундық кеселдің бір түрі. Яғни, адамның иммунитеті өзіне шабуыл жасайды, ішкі органдары зақымданып, теріні, асқазан, ішек жолдарын бүлдіреді. Қуаныш бұл ауруға ауыр стресс алғаннан кейін тап болғанға ұқсайды.
Журналистердің араласуымен Қуанышқа дәрігерлер де жылы қабақ таныта бастапты. Түркістан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының берген жауабына сүйенер болсақ, «Қуаныш Исабеков облыстық клиникалық аурухананың ревматология бөліміне ауыстырылыпты. Онда науқасқа реанимациялық бөлімше жағдайында гемоглобин мен ағзаның қорғаныш күштерін арттыру мақсатында қан компоненттерін құюды қамтитын қарқынды терапия жүргізілуде. Жалпы аутоиммундық процесс – ревматологиялық аурулары, оның ішінде көпіршік ауруының (вульгарная пузырчатка) белең алуына түрткі болатын басты себептердің бірі. Сондықтан науқасты облыстық клиникалық аурухананың ревматологиялық бөлімшесінің жансақтау бөліміне ауыстыру туралы шешім қабылданды. Күрделі көпіршікті емдеу шаралары Қазақстан мен шет мемлекеттерде бірдей. Тек науқастың өмірін сақтауға негізделген ұзақ мерзімді терапия қолданылады. Алайда, осы ауру кезінде пайда болатын тері мен шырышты қабықтардың зақымдануы ағзадағы зат алмасудың барлық түрлерінің бұзылуын тудырады: сулы-тұз, көмірсулар, ақуыз, бұл барлық органдар мен жүйелердің жұмысына теріс әсер етеді. Науқастың жансақтау бөліміне жатқызылуы да сол себепті. Қазіргі уақытта Қуаныш Исабековтың жағдайы қарқынды терапияны талап етеді. Науқасты квота бойынша республикалық орталықтардың біріне ауыстыру жалпы жағдайы тұрақтанғаннан кейін ғана мүмкін», – деген ақпаратты жіберді.
Жоғарыда айтқанымыздай, Қуаныш қатты стресс алғаннан осындай дертке шалдыққан. Осы тұрғыда психолог маманының кеңесіне де жүгініп көрдік. Сонымен қатар, бұл дерт емдік шараларды уақытылы қабылдап жүрген жағдайда ғана қайталанбайды екен. Жанеркенің жанайқайын естіген бойда, қарап отыра алмай қолыма қалам алып, мақала жазуға кіріскен едім. Әлеуметтік желі арқылы осы дерттен жазылған адамдар да пікірін қалдырыпты. Енді психолог-маманның кеңесіне құлақ түрелік.
ІІМ Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкінің инспектор-психологы, полиция капитаны Мақпал Оңдасынова осы дертке байланысты өзінің психологиялық көзқарасымен бөлісті.
– Адамның бойындағы көптеген дерттер жүйке жүйесінің зақымдану, түрлі психологиялық күйзелістер мен стресс туғызатын жағдайлардың салдарынан туындайтыны көпшілікке мәлім. Дәрігер болмағандықтан «Вульгарная пузырчатка» диагнозы жайында талдау жүргізе алмаймын. Сонымен бірге, адамды жекелей білмегендіктен және сұхбаттаспағандықтан, қандай стресс салдарынан пайда болғандығын тұжырымдап айту қиынға соғады. Дегенмен, психогендік, психосоматикалық аурулар жайлы қысқаша атап өткенді жөн көрдім.
Психосоматикалық ауруларға қазір көптеген ғалымдар қызығушылық танытып, белсенді зерттеуде. Психологиялық тұрғыдан аутоиммундық ауруларға психогендік стресс əсер етуі əбден мүмкін. Оның үстіне өмір салтының дұрыс болмауы, яғни, дұрыс тамақтанбау, демалу режимінің бұзылуы, алкоголь, шылым шегу және тағы да басқа факторлар қосыла отырып, аурудың одан əрі өршуіне əкеліп соқтырады.
Зерттеулерге сүйенсек, кез келген стресс нәтижесінде бөлінетін гормондар мен нейромедиаторлар аутоиммундық зақымданудың дамуына əкеле отырып, «вульгарная пузырчатка», тері және өзге де ауруларға шалдықтыруы мүмкін. Мұндай жағдайлар адам ағзасының тітіркендіргіштермен күресе алуына да байланысты. Адамға қатты əсер еткен стресс бірнеше жыл бұрын басталып, 1-2 жылда қайталана берсе, сондай-ақ, оның əсері адамға қатты тисе, аутоиммундық жəне басқа да ауруларға əкеліп соқтырады. Бұл факт. Ал осындай дерттерге ұшыраған адамдар аурудың қарқынды дамуы кезеңінде психологиялық күйлері мен процесстері түбегейлі өзгеруі мүмкін. Ұйқылары бұзылады, терең күйзеліс пен депрессияға ұшырауы, психоз симптомдары байқалуы мүмкін. Сондықтан науқастың жақындарына айтар кеңесім, сырқат адамға үнемі моральдық қолдау көрсетіп, барынша аурумен күресуге ұмтылуға қолдау көрсету керек. Сонымен қатар, дерт туралы мүмкіндігінше айтпауы қажет, көңілін басқа нәрселерге аударып, көңіл көтеруге тырысқан абзал. Енді дертіне ем іздеген арыстай азаматтың тезірек сауығып кетуіне тілектеспін!
Роза Бектаева, Түркітілдес журналистер қорының мүшесі, журналист:
– Біз бірнеше күннен бері Қуаныш Исабековтың ауыр жағдайы жайында әлеумет желі арқылы пост жариялаған болатынбыз. Қуаныштың жұбайы Жанерке Түркітілдес журналистер қорына хабарласып, күйеуін екі күннің ішінде 3 ауруханаға ауыстырғанын айтып шағымданған болатын. Осы қордың мүшесі әрі сенімді өкілі ретінде жағдайды зерттеп-зерделеу маған жүктелді. Бұл мәселе қазір осы қордың төрағасы Нәзия Жоямергенқызының да, аталған қорға мүше журналистердің де бақылауында. Қуаныш Исабековтың жағдайы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі Ерлан Каринге де, баспасөз хатшысы Берік Уәлиге де ескертілді. Денсаулық сақтау министрлігі де бұл мәселеден хабардар. Яғни, бұл жігіттің денсаулығы мен ем алуы толық бақылауға алынды.
Қазір оның жағдайы бірқалыпты. Түркістан облысының Қоғамдық даму басқармасы тарапынан шұғыл көмек ұйымдастырылып, ем-шараларын жасап жатыр. Жағдайы тұрақталғаннан кейін Алматы қаласындағы Тері ауруларын ғылыми-зерттеу институтына жіберіледі. Ол жақта да аталған қордың журналистері бақылауда ұстайды. Енді кеше ғана елеусіз, қараусыз болған Қуаныштың жағдайына алаңдайтын жанашырлар көбейді…
Гүлбахрам Дүкенбаева есімді тұрғын: «Менің сіңлім де 2005 жылы бір жылдай «Вульгарная пузырчатка» дертіне шалдыққан болатын. Алғашында тері ауруханасында, одан кейін жұқпалы ауруларды емдейтін ауруханада жатты. Қазақы ем де жасадық. Емшіге де бардық. Оның да денесіне түгел сулы жара шығып, ол жарылып, ішінен қанды іріңді су шығып, орны ойылып қызарып тұратын. Аузы ойылып, іріңнен ашылмай, тамақ-су да жұта алмай қалған еді. Содан сәті түсіп Қарағанды қаласының облыстық тері ауруларын емдейтін ауруханаға апардық. Ол жер сіңлімді ауруханаға жатқызып, өңешіне бір поцедуралар жасап, қанды іріңді алғанда, алдындағы ыдыс толып кетті. Жараның аузы ашылып, терісі кесек-кесек болып түсті. Содан кейін ғана сіңлім сұйық тамақ іше бастады. Бір жарым ай сол ауруханада ем алып, қазір денсаулығына байланысты ІІ топтағы мүгедек.
Қазір жағдайы жақсы. Анда-санда аузы ойылып кетеді. Бірақ, денесіне жара қайтып шықпады, – деп сіңлісінің басынан өткен қиын жағдайымен әлеуметтік желі арқылы бөліскен еді.
Түйін.
Өмірлік жан жарының жаны қиналғанына бейжай қарай алмай, дабыл қағып, әлеуметтік желіні дүр сілкіндірген Жанеркенің дауысын халық та естіді. Қайырымды жандар қолдарынан келген көмегін аямай, моральдық және материалдық тұрғыдан қолдау көрсетуде. Қарап отырсам, дертіне дауа іздеген жандарға дәрігерлер дұрыстап қарауы үшін міндетті түрде әлеуметтік желіні немесе жоғарыда отырған бастықтарға хабарласуы керек секілді. Дәрігерлер, дертке шалдыққан әрбір жанды жылы қабақпен емдеуі керек емес пе?! «Мына адамның дерті мүшкіл екен, оған жақсылап қарағаным үшін қолыма бір нәрсе қыстырады ма екен» деген ойда жүретін дәрігерлерден қашан құтыламыз?!
Сондай-ақ, соңғы жылдары дәрігерлердің білім алатын оқуы да көңіл көншітпей кетті. Ақылы оқуда білім алатын студенттер, «бармақ басты, көз қыстымен» білім алатынын да естіп жүрміз. Кейбір студенттер апталап, айлап сабаққа бармай жұмыс істеп жүреді. Білім алмаған студент қандай білім алмақ?! Білімсіз дәрігерлердің көбеюінің салдарынан соңғы кездері жаңа туған баладан бастап, қартымызға дейін дұрыс диагноз қойылмауы салдарынан ажал құшып отыр. Осындай олқылықтың орнын толтыру үшін біздің елімізде дәрігерлерді ақылы оқытпай, тек грант ұтып алған үлгілі студенттердің ғана білім алуына мүмкіндік жасағанымыз дұрыс болар. Сонда ғана қоғамды білімсіз дәрігерлерден тазартармыз деген үміттеміз…

Раушан НАРБЕК

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*