Үш буынға жалғасқан полиция әулеті

«Өмір сүрудің мағынасы – оның қанша жылдан тұрғаны емес, әрбір өмір сүрген жылдарыңда қаншама өмір болғанында» деген екен бұрынғы ғұламалар. Бердалы ағамыз – атақты, текті тұқымның ұрпағы. Алла Тағала берген ғұмырында өнегелі өмір сүрген, ата-бабалардың салған сара жолына лайықты бола білді.
Өзі өмірден өткенмен, ел-жұрты, қызметтестері, шәкірттері жиі еске алып, әрбір ісін мақтанышпен айтып отыратын адамдар болады. Олар туралы айтылмаған естеліктер шындықтан ауытқымай, барынша құнды дүниеге айнала береді. «Алаштың анасы» атанған ежелгі Сыр бойы мыңдаған ардақты асыл азаматтардың алтын бесігі, құтты мекені, қияға ұшар қанаты, асқар асуы, алар қуаты болып келген және әлі де бола беретініне сенім мол.
Бұл тарихи мекен бұрынғы келбетін сақтай отырып, рухани ажарынан айныған емес. Осындай сұлу сырдың сырбаз асыл азаматы – Бердалы Ысқақов. Ол өз қатарында өзгеше бітім-болмысымен, парасаттылығымен, биік адамгершілігімен, аз сөйлесе де нық сөйлеп, көпшілікті қарата алатын, кесек көсемділігімен жұрттан айрықша бөлек тұратын. Тұла-бойы оның бекзат болмысын, асыл текті тұрпатын көз алдыңа әкеліп, ерге тән мінезін айқындап тұратын. Ол сөйлер сөзі мен лебіздері сыпайы-шынайы, үлкен-кіші адамдармен өзара қатысты ізетке толы өнегелі еді.
Бердалы Ысқақов 30 жыл бойы ішкі істер саласында қызмет атқарды. 1959 жылы әскери борышын өтеп келгеннен кейін, Алматыдағы Ішкі істер министрлігінің Милиция мектебіне түсіп, 1961 жылы оқуды бітіреді.
1962 жылы сол кезеңдегі Қызылорда, Шымкент, Жамбыл облыстарының біріккен Оңтүстік аймақтық ішкі істер басқармасына ауысты. Социалистік меншікті жымқыруға қарсы күрес бөлімінде инспектор болып қызмет атқарады. Кейін өз өтініші бойынша Қызылорда облысы Ішкі істер басқармасына ауысып, он жылдан аса уақыт қылмыстық іздестіру саласындағы аға жедел уәкілден аудандық Ішкі істер бөлімі бастығының орынбасарлығына дейін көтеріліп, 1974 жылға дейін қызмет атқарды. Бұдан соң, облыстық Ішкі істер басқармасының бұйрығымен облыстық күзет бөлімінің бастығы болып ауыстырылды. Бұл қызметте 11 жылдан аса еңбек етіп, зейнетке шықты.
Оқу бітіріп келген соң, Ақтай Айқожақызымен бас қосады. Дүниеге Ермек атты ұлы дүниеге келді. «Жарық дүние» деп аталатын жалған өмірге адам болып шыр етіп келгеніңмен, өмір бойы адам болып өту оңай емес. Өмірдің сан қилы сынағы мен өткелдерінен сүрінбей өту керек. Мақсат-мұрат жолында қызмет деген мансаптың жоғары дәрежесіне жетіп, биікке көтерілу үшін аянбай тер төгіп, бойындағы күш-қуатты жанып еңбек ету керектігін ол түсіне білді.
Жер бетіндегі пендеге өмір – сынақ. Адам тек қиындықта емес, басына бақ қонғанда да сыналады. Полиция подполковнигі Бердалы Ысқақов өзінің саналы ғұмырын, білім-білігін, қажыр-қайратын, бай тәжірибесін Сыр елінің құқық қорғау саласына арнап еңбек етті. Ақты ақ, қараны қара деп дөп басып тануға қарымды қабілет, даңғайыр дарын керек шығар-ау. Бердалы Ысқақов әділдіктің жолынан өмірінің соңғы сәтіне шейін айнымай өткен асыл азамат еді. Сірә, қазақтың «Асыл адам айнымас» деген мәтел полиция подполковнигі Бердалы Ысқақовқа арналғандай.
Бердалы ағамыздың жары Ақтай Айқожақызы мекемелерде есепші болып еңбек етті. Бүгінде немере-шөберелерінің ортасында 85 жасқа толып отыр. Бердалының баласы Ермек те әке жолын қуды. 1971 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында туған оның біілімі – заңгер. ІІМ-нің Қарағанды жоғары мектебін бітірген. 1993 жылдың желтоқсан айынан бастап, 1995 жылдың желтоқсан айына дейін Қызылорда облыстық ІІБ-ның қылмыстық іздестіру басқармасының 3 бөлімінің жедел уәкілі қызметінде болды. 1995-1996 жж. Қызылорда облыстық ІІБ-ның ҚІБ-ның 1 бөлімінің аға жедел уәкілі санатында қызмет атқарды.
1996-1997 жж. аралығында Қызылорда облыстық ІІБ-ның есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінде аса маңызды істер жөнінде аға жедел уәкіл; 1997-1998 жж. Қызылорда облыстық ІІБ-ның криминалды полиция қызметінің жедел уәкілі; 1998-2000 жж. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасында аға жедел уәкілі; 2000-2001 жж. аралығында Қызылорда облыстық ІІБ-ның КПҚ-нің 4-басқармасында аға жедел уәкіл; 2001-2004 жж. Қызылорда қалалық ІІБ-нің қылмыстық іздестіру бөлімше бастығының орынбасары, ал 2004-2006 жж. бастығы болып қызмет атқарды.
2006 жылдың желтоқсан айынан Қызылорда қалалық ІІБ-нің №1 «Ақсай» ПБ-нің бастығы лауазымына тағайындалды. 2008-2009 жж. Қызылорда қалалық ІІБ бастығының орынбасары болып жұмыс атқарып келді. 2009-2011 ж.. Қызылорда облыстық ІІД Криминалды полиция басқармасының бөлім бастығы; 2011-2012 жж. Қызылорда қалалық ІІБ-ның Есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімшесінің бастығы; 2012-2015 жж. Қызылорда облыстық ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы; 2015-2017 жж. Сырдария аудандық Ішкі істер бөлімінің бастығы; 2017-2018 жж. Қызылорда облыстық ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы қызметтерін атқарды.
2019 жылдың сәуір айынан бастап осы уақытқа дейін Қызылорда қалалық Полиция басқармасының «Ақсай» полиция бөлімінің бастығы болып жұмыс атқарып келеді. Отбасылы, үш баласы бар.
«Армандар орындалады» деген ұғымға көп адам сене бермейді. Әрине, еңбексіз көздеген мақсатқа жету мүмкін емес. Дүние есігін ашқалы Бердалы ағамыздың немересі Алтынайдың көріп өскені полиция формасын киіп, құқық қорғау органдарында жұмыс атқарған атасы мен әкесі. Кішкентайынан форма киюді армандап, барлығына «Мен де осы салада жұмыс атқарамын» деп мақтана айтушы еді. Бұл мамандық иесі көбіне ер азаматтар екеніне баршамыздың көзіміз үйреніп қалғаны сөзсіз. Алайда, қазіргі таңда бұл мәртебелі мамандыққа қыз балалардың қызығушылығы күн санап артып келеді. Бұл өте қуантарлық жайт.
Ата жолын қуған немересі Алтынай Ермекқызы 1990 жылы 9 сәуірде Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1996 жылы №235 мектеп табалдырығын аттап, 2005 жылы бітіріп, Қызылорда медицина колледжіне түскен. Колледжді фельдшер мамандығы бойынша бітіріп шығып, әрі қарай «Құқықтану» факультетіне түсіп, 2013 жылы бітірген.
Еңбек жолын Сырдария аудандық Полиция бөлімінде ювеналды полиция инспекторы қызметінен бастады. Қазіргі таңда Қызылорда облысының Полиция департаментінде ақпараттандыру және байланыс басқармасының инженері қызметін атқарады. Шені – аға лейтенант. Отбасылы, екі баласы бар. Жолдасы Олжас Құрманбаев та Сырдария аудандық Полиция бөлімінде учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарады.
Үш буынға жалғасқан Ысқақовтар полиция әулетінің жалпы еңбек өтілі 60 жылды құрайды.

Қызылорда облысы ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*