Қос полицей – жыл үздігі

Облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен облыс әкімдігінің қолдауымен Орал қаласындағы Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында дәстүрлі «Жыл үздігі-2019» байқауы өтті.
Бұл байқау 2008 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келеді. Мақсаты – қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген, сондай-ақ, өз қызмет саласында кәсіби шеберлігімен ерекшеленген жас буын өкілдерін қолдау. Елдің экономикалық, саяси және мәдени өмірінде жастардың белсенділігін арттыру, патриоттық сезімдерін нығайту.
Байқауда 12 аталым бойынша жастар сыйлығы анықталады. Айта кету керек, осы 11 жылда 560 жас «Жыл үздігі» атанған.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Нәжімеденұлы бастаған белгілі тұлғалар табыс еткен сыйлық иелері қатарында Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі, актёр Жасқайрат Сәбитұлы («Үздік жас өнерпаз»), «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің редакторы, ақын Бауыржан Ширмединұлы («Үздік жас журналист»), Жұбан Молдағалиев атындағы кітапхана кітапханашысы Фариза Айтымова («Үздік жас маман») және басқалар бар.
Марапатталушылардың қатарында облыстық Полиция департаменті Орал қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының взвод командирлері, полиция аға лейтенанттары Нұрболат Смағұл мен Нұржан Ғұмыров да болды. Іс-шарада жігіттер «Батырлық пен қайсарлық» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, облыс әкімдігі атынан алғыс хат пен ақшалай сыйлыққа ие болды.
Еске салар болсақ, 3 мамыр күні кешке таман «102» қызметіне әлдебір бойжеткеннің ғимарат төбесінен секіргелі жатқаны туралы хабар келіп түседі. Бұл ақпарат жақын маңда патрульдік кезекшілікте жүрген полиция қызметкерлеріне жіберіледі. Сол кезде оқиға орнына келген тәртіп сақшылары еш ойланбастан ғимарат шатырына көтерілген. Бірінші болып шыққан Нұрболат есімді полицей қыздың назарын аудару үшін онымен келіссөз жүргізе бастайды. Бірақ, қыз оған мүлде жауап бермейді. Дегенмен, полицей әңгімені жалғастыра отырып, ақырындап қызға жақындап, оның қолынан ұстап алады. Сөйтіп, әріптесі Нұржан екеуі қызды төменге түсірді.
Қызды аман алып қалғаннан кейін полицейлер оны бөлімшеге алып келіп, қажетті түсіндіру жұмыстары жүргізілген соң, оны туыстарына табыстады.
Екеуі де ішкі істер органдарына 2012 жылы келген. Осы оқиғадан кейін қос батыр ІІМ атынан «ІІІ дәрежелі құтқарушы» төсбелгісімен марпатталды.

Батыс Қазақстан облысы ПД
Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*