Болашақ тергеушілерге арналған бағдарлама

Жақында Ішкі істер министрлігі және М.С. Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университетінің базасында азаматтық жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Тергеуші» атты бірлескен сертификаттау бағдарламасы ашылды.
Іс-шараға ІІМ Тергеу департаментінің бастығы, полиция полковнигі Санжар Әділов, М.С. Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ Жоғарғы құқық мектебінің директоры Сергей Пен, ҚазГЗУ Тәрбие ісі жөніндегі проректор Мирас Дәуленов, Нұр-Сұлтан қаласы ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ғазиз Нұрқаев, сондай-ақ, Тергеу бөлімдерінің қызметкерлері мен студенттер қатысты.
Бағдарлама қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу жөніндегі оқу курсы болып табылады, оны астананың тергеу бөліністерінің басшылары оқымақ. Азаматтық заң жоғарғы оқу орны мен ІІМ-нің бірлескен бағдарламасы теориялық сабақтарды студенттердің практикалық дайындығымен үйлестіретін дуалдық білім беруді енгізу арқылы қазақстандық полиция үшін білікті тергеушілерді, криминалистер мен басқа мамандықтар бойынша мамандарды дайындауға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, осы бағдарлама бойынша тек ҚазГЗУ студенттері ғана емес, сонымен қатар, өз өмірін құқық қорғау саласымен байланыстырғысы келген басқа да жоғарғы оқу орындарының студенттері де оқи алады. Одан әрі олар ІІО-ға жұмысқа орналасу кезінде артықшылықтарға ие болады.
Аудиторияға арнаған сөзінде Сергей Пен ҚазГЗУ құқық қорғау саласы бойынша студенттерді даярлауды жалғастырып жатқан аз ғана жоғары оқу орындарының бірі екенін атап өтіп, олардың түлектері өз ісінде сұранысқа ие және білікті мамандар болатынына сенім білдірді.
– Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын толық көлемде қорғай алуы үшін тергеушілерді дайындау сапасын жақсарту міндетін қойды, – деп атап өтті ІІМ Тергеу департаментінің бастығы С. Әділов.
Нұр-Сұлтан қаласының жедел-тергеу бөлімшелерінде ҚазГЗУ түлектері табысты жұмыс істейді, олар жоғары теориялық және практикалық дағдыларды көрсетіп жүр. Олардың кейбіреулері өз жұмысы туралы ойларымен бөлісті. Осы уақытқа дейін алған білімдерін осылайша іс жүзінде жүзеге асырып келе жатқандарына риза.
Тергеушінің түрлі тергеу әрекеттері, қылмыстарды ашуға және тергеуге, оқиғаның барлық мүмкін болатын тергеу болжамдарын тексеруге бағытталған еңбек күндері бейнероликте көрсетілді.
Шара соңында ІІМ Тергеу департаментінің бастығы С. Әділов пен ҚазГЗУ Жоғарғы құқық мектебінің директоры С. Пен «Тергеуші» бірлескен сертификаттау бағдарламасы туралы Ережеге қол қойды.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ
Суретті түсірген Медет ӘШІРБЕКОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*