Пәтер ұрлықтарының жартысы ашылмаған

Елордада өткен брифинг барысында ІІМ Қылмыстық полиция департаментінің басқарма бастығы Нұржан Рахметуллаев Елдегі барлық ұрлық түрінің ішінде пәтер ұрлығының үлесі 22,5 пайызды құрайтынын тілге тиек етті.
– Пәтер ұрлығының залалы шамалы болған күнде де тура осы қылмыс мүлік иелеріне айтарлықтай материалдық және моральдық зиян келтіреді. Азаматтардың қауіпсіздігі мен өмір сүру жайлылығының жалпы деңгейіне жағымсыз әсер етеді, – деді Н. Рахметуллаев баспасөз мәслихатында.
Құқық қорғау органдарына қылмыстың осы түрінің алдын алу бойынша ерекше міндеттер жүктеліп отыр.
– Криминогендік жағдайға жасалған талдау көрсеткендей, соңғы 4 жылда республика бойынша пәтер ұрлығының үштен бірге төмендегені байқалады. Осылайша, соңғы 11 айдың қорытындысы бойынша 30 мыңға жуық пәтер ұрлығы тіркелген. Бұл былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 7,5 пайызға төмен. Мұндағы қылмыстың жартысы ашылмай қалған. 6733 қылмыскер ұсталды, – деп мәлімдеді.
ІІМ өкілінің айтуынша, жалпы саны 150 адамнан тұратын 43 қылмыстық топ ұсталған. Яғни, Алматы қаласында жылдың басынан бері Алматы, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының тұрғындарынан тұратын 7 қылмыстық топ құрықталды. Олар 31 пәтер ұрлығын жасаумен әшкереленген. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды Шығыс Қазақстан облыстарынан «ұры-гастролерлерден» тұратын және жалпы алғанда 50 пәтер ұрлығын жасаған 9 қылмыстық топтың қылмыстық әрекеті әшкереленген.
Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында құрамына бойжеткен қыз да кірген 4 адамнан тұратын топ ұсталған. Олар шет жатқан аудандарда әрекет еткен. Маңдайшасы бар үйлерді таңдап, ашық тұрған желкөздер арқылы немесе пластик терезелерді ебін тауып ашып пәтерге енген. Осы орайда қыз бен жігіт ғашық жұптың рөлін ойнап, сақтық шарасы үшін кіре-берісте тұрған. Олардың 12 пәтер ұрлығын жасағаны дәлелденген.
Ильинка кентінде елеусіз болу мақсатында тек қаланың шетінде әрекет еткен және пәтер иелері кешке қарай өз тұрғын үйін тастап кеткен уақытты аңдыған пәтер ұрылары тобының әрекеті тоқтатылды. Осы орайда, олар үнемі қылмыс жасайтын орынға дейін бағдарлық автобуспен барып отырған. Коттедждер мен жеке үйлерден 10 ұрлықтың жасалғаны дәлелденген.
Ұсталғандардың жалпы санынан алғанда 12 қылмыскер ТМД елдерінің азаматтары (Өзбекстан Республикасы – 8, Ресей Феерациясы – 3, Қырғыз Республикасы – 1).
Осылайша 6733 қылмыскердің 4120-сы ұрлық жасауды қайталағаны үшін ұсталды, сәйкесінше олар қоғамнан алшақтатылып, енді олардың жәбірленуші тараппен мәмілеге келу және әділ жазадан құтылу мүмкіндігі жоқ.
Қол сұғушылықтың негізгі нысаны – зергерлік бұйымдар, тері бұйымдары, түрлі аппаратура, яғни айналадағыларға өзімен бірге жылдам алып шығуға және өткізуге болатын заттар болуына байланысты Ішкі істер министрлігі Ұлттық банкпен бірлесіп ломбардтардың қызметін ұйымдастыру қағидаларын әзірледі және бекітті. Мұнда ломбардта заттарды сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша талаптарды анықтау және ломбард жайларын техникалық бекемдеу мәселелері, ломбардтарда заңсыз табылған заттарды айналдыруға қарсы іс-қимыл бойынша шаралар көрсетілген.
Енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап ломбардтық ұйымдар микронесиелеу ұйымдарына жататын болады. Осы қағидаларға сәйкес ломбардтар несие бюросына барлық кепілдік мүлік туралы мәлімет беруге міндетті болады, ал полиция бөлімшелерінің жымқырылған мүлікпен қойылған кепіл нысанын тексеру үшін осы бюроға қолжетімділігі болады.
Мұнымен қоса, полицияның аймақтық департаменттері жергілікті атқарушы органдарымен бейнебақылау жүйелерін кеңейту бойынша бірлескен жұмыс жүргізуде.
Қазіргі кезде елімізде 60 мыңнан астам бейнебақылау камерасы, оның ішінде 6 мың ЖБО бейнебақылау жүйесі, «Қауіпсіз аула» бағдарламасының аясында орнатылған 55 мың және тұрғындардың бастамасымен орнатылған 15 мың бейнебақылау камерасы бар. Бейнекамералармен 13 мыңнан астам аула, 17 мыңнан астам тұрғын үй қамтылған, бұл қылмыстың осы түрін азайтуға айтарлықтай ықпал етті.
Ұрылардың әлеуметтік желілерді пайдалану деректері мол, ол жерде азаматтардың өздері ұрылардың тура солардың үйіне келуіне итермелейді, себебі онда көп ақпарат салады, мысалы: «Желтоқсанның 15-нен 17-не дейін отбасыммен Бурабайға кетемін», «31 тамызда әйеліммен Түркияға ұшып бара жатырмын!» немесе шет елде, қаланың сыртында жүргені туралы онлайн бейнежазба немесе суреттерді шығарады. Осы деректер әлеуетті қаскүнемдерге белгілі бір уақытқа тұрғын үйдің қараусыз қалатыны туралы ақпарат береді.
Жыл сайынғы пәтер ұрлығының төмендеуіне қарамастан, қылмыстың нақ осы түрі кең қоғамдық резонанс тудырып келеді.
– Биыл бөтеннің мүлкін ұрлауға, оның ішінде пәтерден жасалған ұрлыққа қарсы іс-қимыл және оларды жасағаны үшін жауапкершілікті күшейту бойынша бірқатар шаралар жүргізілді. Кейбір ТМД елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, мәселені шешудің ықпалды құралдарының бірі – жасалған ұрлықтың қайталануы үшін заңды күшейту. Осыған байланысты министрлік бірнеше мәрте жасалған ұрлықты ауыр қылмыстар санатына жатқызуды көздейтін (ҚК бір бабымен көзделген екі немесе одан астам әрекетті жасау) заңға тиісті түзетулер енгізуге бастамашылық етіп отыр, – деді ІІМ өкілі.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ
Суретті түсірген Медет ӘШІРБЕКОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*