Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс

Еліміздің егемендік алған күні – Қазақстан жерін мекен ететін әрбір азамат үшін басты мереке. Сол азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін күзететін тәртіп сақшылары 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнін кең көлемде атап өтеді. Биыл да дәстүрден жаңылмай, барлық полиция бөліністерінде құтты мейрам тойланып, жыл бойы үздік қызметімен, ерлігімен, жетістіктерімен көзге түскен қызметкерлер марапат алды. Сол салтанатты шаралардың бір тобын ұсынып отырмыз.

Көліктегі ПД
Көлік полицейлері Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жастар» театрында өткізген Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты іс-шараға департамент басшылығы, жеке құрамы мен ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.
Шараны ашқан департамент бастығы Оңал Бекеев: «Тәуелсіздік – мемлекеттіліктің негізі, халықтың әл-ауқатының кепілі. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында Қазақстан қысқа мерзім ішінде мықты мемлекетке айналды», – деді.
Бас көлік полицейі жиналғандарды мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтап, оларға денсаулық, отбастарына амандық және Отанымыздың гүлденуі жолындағы қызметтеріне табыс тіледі.
Салтанатты шара барысында көлік полицейлері бейбіт уақытта көрсеткен ерліктері мен батылдықтары үшін Арыс стансасындағы Желілік полиция бөлімінің үш полицейін марапаттады. Олар Арыстағы әскери бөлімнің жарылысы кезінде 79 жастағы Пернебек Махамбетовты құтқарған.
Бірінші топтағы мүгедек қария үйде өзі жалғыз болғандықтан, жарылысты естімеген. Полиция подполковнигі Алтай Орманов полиция майоры Марат Мақұлбеков және полиция аға лейтенанты Асқар Тұрарбековпен бірге үй ішін қарап-тексеріп, зейнеткерді тауып алып, оны қауіпсіз жерге көшірген.
Қарт адамды қатерден құтқару кезінде көрсеткен кәсіби шеберліктері мен міндеттеріне деген адалдықтары үшін олар «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Полицейлердің бұл ерлік істері Көліктегі Полиция департаментінде қиын сәттерде өз өмірлерін қауіп-қатерге тіге отырып, кез келген адамға көмек қолын соза білетін батыл да ержүрек сақшылардың бар екендігін дәлелдеді.
Бұған қоса, Тәуелсіздік күні қарсаңында өз қызметтерін адал атқарғандары және жедел қызметтік жұмыста жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгендері үшін 50-ден астам қызметкер марапатталды.
Салтанатты жиын соңы «Жастар» театры әртістерінің қатысуымен мерекелік концертке ұласты.

Нұр-Сұлтан қаласы ПД
Астаналық Полиция департаментінде өткен мерекелік іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысып, полиция қызметкерлерін Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Ескендір ТАСБОЛАТ
– Мен өзім де милиционердің баласымын. Әкем сіздер секілді қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, бар өмірін осы салаға арнаған адам. Сондықтан полиция қызметіне әрдайым көңілім бұрып тұрады. Бұл салада болып жатқан проблемалар мен келеңсіздіктерге ешқашан бейжай қараған емеспін.
Біріншіден, тәртіп сақшыларын әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз ету мәселесі бойынша бүгінде біз жұмыс жүргізіп жатырмыз. Күні кеше ғана Тұрғынүйқұрылысжинақ банкімен қаламыздағы әлеуметтік қорғауды қажет ететін сала өкілдері үшін тұрғын үй салу келісіміне қол жеткіздік. Бұған полиция қызметкерлері де кіреді.
Екіншіден, елордалық Полиция департаментіне жаңа ғимарат қарастыру үстіндеміз. Сіздерге кеңірек, заманға сай ғимарат дайындасақ, қазіргі мына ғимаратты Сарыарқа аудандық ПБ-не береміз.
Үшіншіден, Тәуелсіздік мерекесіне байланысты полиция қызметкерлеріне премия беріледі. Біз департамент бастығы Саденов мырзамен осындай келісімге келдік, – деді Алтай Сейдірұлы.
Құттықтау сөзінен кейін қала әкімі бірқатар үздік қызметкерге мерекелік марапаттар тапсырды.
Айта кетсек, осы күні ІІО ардагерлері Данияр Әділов пен Қанат Жаманжігітовке, Жедел басқару орталығының кезекші-инспекторы, полиция капитаны Дина Байдүйсенова мен Есіл ауданы ПБ тылдық қамтамасыз ету бөлімінің старшинасы Сағадат Бекеновке қолсағаттар табыс етілді.
Сондай-ақ, 6 қызметкер ПД грамотасымен және 6 қызметкер ПД алғыс хатымен марапатталды.

Түркістан облысы ПД
Түркістан қаласының Мәдениет үйінде облыс полицейлерінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздік күніне арналған кең ауқымды мерекелік іс-шара өтті.
Облыстық ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бағлан Халықов: «Ұлы мерекеміз – Тәуелсіздік күні баршаңызға құтты болсын. Елімізде тыныштық пен бейбітшілік болып, Көк Туымыз көкте қалықтап, мәртебеміз асқақтай берсін. Алдағы уақытта да жұдырықтай жұмылып, Түркістан облысы Полиция департаментінің жеке құрамы, алдына қойылып отырған міндеттерді және Тәуелсіздігіміздің одан әрі нығаюы мен берік болуына бағытталған шараларды абыроймен атқара береміз деген сенімдіміз», – деді.
Іс-шара барысында қызметінде абыройлы және кәсіби біліктілігімен танылған 60-тан астам полицей марапатталды. Оның ішінде Президент Жарлығы бойынша «Ерлігі үшін» медалімен полиция полковниктері Ұ. Мылтықов пен А. Тастанбеков және полиция майоры Б. Набиев марапат алды. ІІМ-нің бұйрығымен полиция майоры М. Чилтанбаев кезектен тыс «полиция подполковнигі» арнаулы атағын алды. Сондай-ақ, ІІМ Құрмет грамотасымен полиция полковнигі Е. Бекмұратов, ІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» кеуде белгісімен 3 және ІІМ Грамотасымен 1, ІІМ Алғыс хатымен 2 қызметкер, облыс әкімінің Грамотасымен полиция полковнигі М. Қожабаев, облыстық ПД Грамотасымен 5 қызметкер, Алғыс хатымен 45 полицей марапатталды.

Шымкент қаласы ПД
Департамент бастығы, полиция полковнигі Е. Жұмаханбетов мерекелік іс-шараны ашып, жеке құрамды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, барлығына зор денсаулық және жедел-қызметтік істеріне табыс тіледі.
Тәуелсіздік күні қарсаңында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, халықтың құқығы мен бостандығының қорғалуы жолында ерекше көзге түсіп, үздік нәтижелерге қол жеткізгені үшін 70-ке жуық ішкі істер органдарының қызметкері, оның ішінде Ішкі істер министрінің бұйрығымен 11 қызметкер, департамент бастығының бұйрығымен 58 қызметкер марапатталды.
Сондай-ақ, іс-шара аясында департамент бастығы ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашуға көрсеткен көмегі үшін суретші Нұрсейіт Ибрагимовты мақтау қағазымен және №4 балалар үйінің директоры Нұрсәуле Тастыбаеваны тәрбиеленушілерге деген шексіз қамқорлығы мен олардың шығармашылық дамуына жақсы жағдай жасағаны үшін алғыс хатпен марапаттады.
Іс-шара №4 балалар үйінің өнерлі тәрбиеленушілері, полиция қызметкерлерінің және цирк әртістерінің қатысуымен мерекелік концертке ұласты.

Ақмола облысы ПД
Ел Тәуелсіздігінің 28 жылдық мерекесімен жеке құрамды Ақмола облысының бас полицейі, полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин құттықтады.
Департамент бастығы өз сөзінде бүгінгі күні құқық қорғау органдарының алдында жоғары стратегиялық мақсаттар тұрғанын, оларға тек бірлікте ғана қол жеткізуге болатынын атап өтті.
Іс-шараның ресми бөлімінде әскери және қызметтік борышын үлгілі орындағаны үшін ерекше көзге түскен қызметкерлерді марапаттау рәсімі өтті. Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен Ақмола облысы ПД-нің 11 тәртіп сақшысы марапатталды.
Бұдан әрі Тәуелсіздік күнін мерекелеу шеңберінде департамент бастығы заңдылықты, құқықтық тәртіпті сақтауда, қызметтік міндеттерін адал орындауда, сондай-ақ, жедел-қызметтік қызметтегі жоғары көрсеткіштері үшін үздік полицейлерді жеке өзі марапаттады.
Ақмола полициясының жеке құрамына тарих ғылымдарының кандидаты, Ш. Уәлиханов атындағы университеттің доценті Ардақ Қапышев құттықтау сөз сөйлеп, қазақ халқына ұлттық қадір-қасиетін сақтау және дамыту үшін, тәуелсіздік, мемлекеттілік және бірлік үшін тұрақты күрес жүргізуге тура келгенін атап өтті.
Салтанатты шара полицейлер ұйымдастырған патриоттық концертпен жалғасты.

Ақтөбе облысы ПД
Департамент ғимаратының кіре-берісінде ел Тәуелсіздігінің жетістіктеріне арналған көрме ұйымдастырылып, шараға келген қонақтар мен ардагерлер архив құжаттары мен фото суреттерді тамашалады.
Салтанатты шарада Ақтөбе облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Мұрат Жақыпбеков жеке құрам мен ішкі істер органдарының ардагерлерін мерекемен құттықтады.
«Ата-бабамыз ғасырлар бойы еліміздің тәуелсіздігін арман етті. Биыл егемен ел атанғанымызға 28 жыл толып отыр. Еліміздегі бірлік пен ұлттар арасындағы татулық бүгінде барша әлем қауымдастығына үлгі болып отыр», – деп атап өтті Мұрат Жақыпбеков.
Салтанатты шарада ІІМ бұйрығымен қызметтегі жетістіктері үшін Ақпараттық жүйе басқармасының бастығы Анар Қрымқұловаға «полиция полковнигі» шені берілді.
Жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы Динара Баймұхановаға «майор» шені табысталды.
Жедел-криминалистикалық басқармасының бастығы Қайрат Ділмағамбетов «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марпатталды.
Сонымен қатар, 3 қызметкер ІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» кеуде белгісімен, 1 қызметкер ІІМ Құрмет грамотасымен және 1 қызметкер ІІМ Алғыс хатымен марапатталды және екі қызметкерге алғыс жарияланды.
Сонымен қатар, департамент бастығы атынан мыңнан астам қызметкер марапатталды.
Салтанатты іс-шара соңы облыстық ПД қызметкерлері дайындаған концертке ұласты.

Жамбыл облысы ПД
Облыстық Полиция департаментінде Тараз қалалық Полиция басқармасының ұйымдастыруымен салтанатты іс-шара өтті.
Салтанатты шара Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиевтің құттықтау сөзімен басталды.
– Егемендік алған уақыттан бері біздің полиция қызметкерлері азаматтардың қауіпсіздігін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге зор үлес қосты. Осындай жауапты жылдары Жамбыл облысы Полиция департаментінің 73 қызметкері қызмет бабында әртүрлі жарақат алып, 7 полиция қызметкері аса ауыр қылмыскерлерді құрықтауда өмірлерін құрбан етті. Оның ішінде Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлігі бүгінгі ұрпақ үшін өлшеусіз өнеге, – деді Арман Молдиярұлы.
Салтанатты рәсім барысында міндеттерін адал атқарып, қызметте жеткен жетістіктері үшін бірқатар полиция қызметкері марапатталды. Атап айтсақ, Тараз қалалық ПБ 2-полиция бөлімінің тергеу бөлімшесінің аға тергеушісі, полиция капитаны М. Борчашвилиге «полиция майоры» атағы мерзімінен бұрын берілсе, Тараз қаласы ПБ Жедел басқару орталығының бастығы, полиция подполковнигі Ә. Мұхамеджанова «Құрмет грамотасына» лайық деп танылды. Сондай-ақ, 2-полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің аға инспекторы, полиция капитаны Ж. Керімбеков ІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» кеуде белгісіне, ал ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Н. Сон Ішкі істер министрінің Алғыс хатына ие болды.
Сонымен қатар, мерекеге орай ішкі істер органдарының ардагерлері мен Полиция департаментінің 60-тан аса қызметкеріне арнайы грамота мен алғыс хаттар беріліп, 8 қызметкердің бұрын берілген жазасы алынды.
Іс-шара Жамбыл облыстық филармониясы әншілерінің патриоттық әндерімен жалғасын тапты.

Нұр-Сұлтан қаласы МКҚБ
Ұлттық музейде «Тәуелсіздік тірегім – соғып тұрған жүрегім!» атты 3бөлімнен тұратын мерекелік іс-шара өтті.
І-бөлімде мерекеге орай қызметін мінсіз әрі адал атқарған қызметкерлерді ұлықтау рәсімі өткізілді.
Ішкі істер министрінің бұйрығымен полиция капитаны М. Ахынов ІІ дәрежелі «Ішкі icтep органдарының үздігі» кеуде белгісімен, полиция старшинасы Р. Мыжымов «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Жеке құрамның елеулі еңбектерін бағалау мақсатында біздің ұсынысымызбен Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті бастығының құзырымен 10 қызметкер гармотамен, 10 қызметкер алғыс хатпен, 10 қызметкер бағалы сыйлық – қолсағатпен көтермеленді.
Ал МКҚБ бастығының бұйрығымен 16 қызметкер грамотамен, 13 қызметкер алғыс хатпен марапатталса, 9 қызметкерге алғыс жарияланып, 1 қызметкердің тәртіптік жазасы мерзімінен бұрын шешілді.
Іс-шара барысында барлығы 71 қызметкер марапатталды және марапат иелеріне салтанатты түрде табысталды.
Мерекелік шараның 2 бөлімі концерттік бағдарламаға ұласты. МКҚБ-ның өнерлі қызметкерлері, полиция аға лейтенанты Б. Нұрманов «Байтақ елім», полиция сержанты А. Сабыр «Қазақ қыздары», полиция лейтенанты К. Жаннұр мен полиция кіші сержанты Д. Сәрсенбаев «Алға, қазақ жігіттері» әндерін орындаса, іс-шараның құрметті қонақтары, №1 музыкалық мектептің «УНИСОН» тобы «Тек алға», Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясының классикалық және эстрадалық бөлімінің әншісі Д. Асылхан «Туған жер», «Хабар» телеарнасында өткен «Топжарған» музыкалық байқауының жүлдегері, халықаралық конкурстардың лауреаты С. Шәріпова «Туған жер» әндерін тамылжыта шырқап, көрермендердің үлкен қошеметіне ие болды.
Мерекелік шараның 3 бөлімінде жеке құрам мен іс-шара қонақтарына «Қазақстан Тәуелсіздік жолында» атты хроникалық-деректі фильм көрсетілді.

ІІМ Қостанай Академиясы
Ұлық мерекеге орай ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясында салтанатты іс-шара өтті.
Академиясы бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Ербол Қаппасов оқу ордамыздың құрметті ардагерлерін, профессорлық-оқытушылық құрамын, жеке құрамды, магистранттар мен курсанттарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Мерекеге арналған бейнеролик көрсетілді.
Іс-шара барысында жас қызметкерлерді қазақстандық патриоттық рухта, Отанын мақтан тұту, азаматтық сезімдерін қалыптастыру бағытында тәлім-тәрбие беруде зор үлес қосқандары үшін оқу ордамыздың ардагерлері құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар, қызметтік міндеттерін адал орындап, қол жеткізген жетістіктері үшін бірқатар қызметкер құрмет грамотасы, грамота, алғыс хаттармен марапатталды.
Қостанай қалалық «МИРАС» мәдениет сарайының әншілері және халықаралық, республикалық сайыстардың жүлдегерлері, «Тарлан» би ансамблі өз өнерлерін ортаға салып, мейрамның шырайын кіргізді.

Павлодар облысы ПД
Мерекелік шараға департаменттің жеке құрамы, аймақтық полиция бөліністерінің ардагерлері, т.б. қатысты.
Іс-шараның ресми бөлігінің басында Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың құттықтау жеделхаты оқылды.
ПД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Жасқайрат Каиров құттықтау сөз сөйледі.
– Тұңғыш Президент күні – шынымен ұлттық мереке. Бұл күні біз Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мақсатқа жетудегі дарындылығы, парасаттылығы мен табандылығының арқасында тәуелсіздік пен республикамыздың қалыптасу тарихы басталғанын біз ерекше мақтан тұтамыз. Елбасы бастаған Қазақстан халқы қысқа тарихи кезеңде демократиялық, құқықтық және экономикалық тәуелсіз мемлекет құрды. Тәуелсіздіктің қазіргі кезеңі жаңа талаптарды алға тартады, көптеген мақсаттар мен міндеттер өзгерді, бірақ құқық қорғау органдарының басым бағыттары өзгеріссіз қалады – бұл азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдық тәртіпті және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Өзінің әріптес – полицей қызметкерлеріне адалдық пен беріктік, адамдарға сезімталдық, амандық және Отанымыз – Қазақстан Республикасының игілігі үшін қызмет етуде табыс тілеймін, – деді ол.
Іс-шара аясында Жасқайрат Иманбекұлы үздік қызметкерлерді аймақтағы заңдылықты қамтамасыз ету мен қылмысқа қарсы күресуде қол жеткізген жетістіктері үшін марапаттады.
Қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, жұмыста жоғары көрсеткіштер көрсеткені үшін Ішкі істер министрінің бұйрығымен Көші-қон қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Арман Уәлиевке мерзімінен бұрын «полковник» атағы берілді.
Қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, жұмыста жоғары көрсеткіштер көрсеткені үшін және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеумен байланысты Ішкі істер министрінің бұйрығымен ПД Жедел-криминалистикалық басқармасының криминалисі, полиция майоры Бейбіт Жуаспаевқа мерзімінен бұрын «подполковник» атағы берілді.
Успен ауданы ПБ бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Әсет Садықов «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.
ІІМ Құрмет грамотасымен криминалдык полициясы басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Арман Сабиев марапатталды.
Сонымен қатар, ішкі істер органдарында көп жылдар атқарған қызметі мен қосқан үлесі, жас қызметкерлер қатарын тәрбиелеуде атқарып жатқан қызметтері үшін облыстық ПД бастығының бұйрығымен 6 ардагер грамота мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.
18 полиция қызметкері ІІМ әртүрлі марапаттарына ие болды.

Қызылорда облысы ПД
Шара салтанатты әнұран ырғағымен ашылып, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Заманбекұлының арнайы құттықтау жеделхаты оқылды.
Министр бұйрығымен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, халықтың құқығы мен бостандығының қорғалуы жолында ерекше көзге түсіп, қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып жүрген 9 қызметкер марапатталса, департамент бастығы, полиция полковнигі Бектөре Жеңісбайұлының бұйрығымен 90-нан астам қызметкерге марапаттар мен жаңа шендері табыс етілді.
Атап айтқанда, Қызылорда облысының Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының инспекторы, полиция капитаны Думан Досмахан ІІ дәрежелі «ІІМ-дегі Үздік қызметі» кеуде белгісімен марапатталса, Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Рауан Альдешов арнайы марапатқа ие болды.
«Тәуелсіздік күні – еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке. Көк байрағы желбіреген, бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болсын. Халықтың қауіпсіздігін биік қойып, асқақ мұраттар үшін адал қызмет ету жолында сәттілік тілеп, азаматтық борышын өтеу жолында аянбай еңбек ете берулеріңізге тілектестік білдіремін», – деді департамент бастығы.
Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік іс-шара полиция қызметкерлері дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Тәртіп сақшылары рухты патриоттық әндер шырқап, сахнаны өнермен көркемдеді.

Алматы қаласы бойынша ҚАЖД
Тәуелсіздіктің 28 жылдығына арналған салтанатты жиынды Алматы қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары, әділет полковнигі Азамат Ізтілеуов ашып, жеке құрамды еліміз егемендік алған күнмен құттықтады және Ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаевтың құттықтауын жеткізді.
Сондай-ақ, жеке құрамды Ұлы Отан соғысы ардагерлері, әскери қызмет және тыл еңбеккерлері Алматы қалалық кеңесі қоғамдық бірлестігінің төрағасы Көпесбай Жампейісов құттықтады. «Тәуелсіздік мерекесі – қазақ халқының тарихындағы ең құрметті мейрам. Қазақ халқы азаттық жолында небір қиыншылықты бастан кешті. Бірақ, қайсар халық барлық нәубетті жеңіп, егемендікке қол жеткізді. Сіздердің жұмыстарыңыз жауапты әрі қиын жұмыс. Еліміздің тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қорғау жолындағы жауапты жұмыстарыңызға табыс пен абырой тілеймін», – деді ол.
Жиналғандар алдында сөз сөйлеген Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкерлері, тарих ғылымдарының докторлары А. Құдайбергенова мен З. Сәдуақасова, А. Арепова еліміздің тәуелсіздікке дейінгі тарихына жан-жақты тоқталып, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен келген қасиетті Тәуелсіздіктің тұғырлы болуына полиция қызметкерлерінің де қосатын үлесінің зор екенін атап өтті.
Мереке қарсаңында Алматы қаласы бойынша ҚАЖД жас мамандары салтанатты түрде ант қабылдап, департаментке қарасты түзеу мекемелерінің бірқатар қызметкерлері мерекелік марапатқа ие болды.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА
Суреттерді түсірген автор

ІІМ Ақтөбе заң институты
Тарихымыз бен келешегіміздің қадірін біліп, қолдағы бар қастерлі байлығымызды өскелең ұрпаққа мінсіз күйінде қалдыру, жастарға ұлттық рәміздеріміз бен кең байтақ жеріміздің қасиетін түсіндіру, болашаққа бағдар беру – біздің міндет. Осыған орай ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында Тәуелсіздік күні салтанатты түрде аталып өтті.
Мерекелік шараны ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының бастығы, полиция полковнигі Ақан Есетұлы Қабдуев ашып: «Бүгін айтулы мереке, Тәуелсіздігіміздің 28 жылдығын тойлап жатырмыз. Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. Бұл – бабаларымыздың бізге тарту еткен үлкен сыйы. Оны қастерлеп, өскелең ұрпаққа мұра ету, еліміздің жылдан-жылға көркеюіне әрқашан атсалысу – міндет», – деп атап өтті.
Салтанатты кешке ішкі істер органдарының құрметті ардагерлері қонақ ретінде қатысты. Сондай-ақ, іс-шара барысында Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың және ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының бастығы, полиция полковнигі Ақан Қабдуевтің құқығымен офицерлерге арнайы шен, грамота марапаттау рәсімі өтті.
Шара мерекелік концертке ұласты.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*