Ел сеніміне еңбек жеткізеді

Бала кезінде тәуелсіздіктің не екенін сезбесе де, Аслан егемен елмен бірге есейіп, бой түзеді. Ол «өз еліме, тәуелсіз жұртыма менің тиер пайдам қандай?» деген сауал қойып, бағындырар биікке ұмтылуды өзіне мақсат етті.
Талапты жас – Ақтөбе қаласы Полиция басқармасының №1 полиция бөлімінің анықтаушысы, полиция капитаны Аслан Көптілеуов: «Тәуелсіздік – еліміздің ең басты мұраты, біз оның қадірін бағалай білуіміз керек», – дейді.
Ол Ақтөбе қаласында дүнеиге келген. Жоғарғы оқу орынын бітірген соң, 2014 жылы ішкі істер органдарына өз жүрек қалаумен жұмысқа орналасты.
– Біз сияқты жас мамандарға тәуелсіздік ұғымын шын сезіну оңай емес. Бізден үлкен аға буын еліміздің талай қиын кезеңдерден тұратын аумалы да өтпелі өмірін көрді. Халықтың әл-ауқатын арттыру, жұмыссыздық мәселесін шешу, ел экономикасын дамыту секілді алуан белестерден еліміз абыроймен өте білді. Біз ол қиындықтарды ата-аналарымыздан естіп өстік. Бүгін, міне, әлем таныған мемлекетке айналдық.
Біздің елімізде жастарға білім алып, қалаған мамандығын таңдап, жұмыс істеуіне мүмкіндік мол. Менің ұққаным: алдыңа биік мақсаттар қойып, ерінбей-жалықпай, қиындықтарға төзіп, еңбек етуге талпынсаң, жетістікке жетесің.
Мен қазіргі таңда анықтаушы болып еңбек етемін. Міне, 5-ші жыл қатарынан тәжірибе жинақтап келемін. Жұмыста алғаш тұрғанда мені баулып, үйреткен тәлімгерім Лаура Құлашева болды. Тәжірибелі маманнан көп нәрсе үйрендім. Бүгінде жаңа замануи технологиялармен жұмыс істеуді игере бастадым. Мысалы, «е-қылмыстық іс» жобасын үйрене бастадым. Ол өте тиімді. Істер электронды форматта қаралады. Ол біріншіден ашықтықты қамтамасыз етеді, екіншіден көп уақыт алмайды.
Міне, осындай жаңашылдықтар біздің одан әрі жақсы жұмыс істеуімізге септігін тигізеді. Құқық қорғау органдарында қызмет атқару – мен үшін үлкен абырой. Бұл саланың қызметкерлері ел басына қиындық туған кездері кеуделерін оққа да, отқа да тосады. Біз өз қызметімізде үлкен жауапкершілікті сезінеміз, – дейді полиция капитаны.
Тәуелсіз мемлекетіміздің айбынын асырып, халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етуді басты парызы санайтын тәртіп сақшысының алдағы қызметіне табыс тіледік.

Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*