Әкеме қарап бой түзедім

Түркістан облысы Полиция департаментінде 130-дан астам тәртіп сақшысы Тәуелсіздікпен түйдей құрдас. Олар бұл салаға әр жылдары келгенімен, бәрінің ұстанымдары бір: еліміздің ішкі тәртібіне жауапты. Қарап отырсақ, 28 жыл бұрын яғни, еліміз тәуелсіздігін жариялаған кезде дүние есігін ашқан нәресте – бүгінде бір мамандық иесінің тізгінін ұстаған егемен елдің еркін азаматы. Тәуелсіздігіміздің құрдасы.
Жүз отыздан астам қызметкердің арасынан ерекше атағым келіп отырған қызметкер де бар. Осыдан 28 жыл бұрын Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігін жариялап, азаттықтың ақ таңы арайлап атқанда дүние есігін ашқандардың бірі – Елбасымен аттас Нұрсұлтан Түймебаев. Ол қазіргі таңда Түркістан облысы ПД КСБ қызмет өткеруді ұйымдастыру жөніндегі аға инспекторы болып қызмет атқаруда. Оның әкесі Дүйсенғали «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев секілді ел тізгінін ұстаған көшбасшы болсын» деген ниетпен ұлының есімін Нұрсұлтан деп қойған екен.
«Тәуелсіздіктің құрдасы атану – мен үшін үлкен мәртебе, әрі мақтаныш. Мен Тәуелсіз Қазақ елінің топырағында дүниеге келдім, ашық аспан астында, бейбіт күнде өмір сүрудемін. Кезінде ата-бабамыз сан мыңдаған жылдар бойы егемендікті аңсап, найзаның ұшымен, білектің күшімен күресіп жеткенін бала кезімде тарихи кітаптардан көп оқитынмын. Сонда, қазақ елінің қандай қиын кезеңдерді басынан өткізгенін оқып, олардың жанкештіліктеріне қайран қалатынмын. Қарап отырсам, осы күнге жетуімізде әрбір кезеңі жанқиярлық ерлік, батырлық, ержүректік екенін байқауға болады.
Бала кезімде әкем секілді халқымыздың қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғасам, тәуелсіздігіміздің қорғаны, еліміздің мықты қалқаны болсам екен деп армандаушы едім. Міне, бүгін балалық арманым орындалып, елімнің тыныштығын қорғау жолында еңбек етіп келемін», – деп әңгімесін бастасы Нұрсұлтан.
Ол 1991 жылы 16 наурызда Тараз қаласында дүниеге келді. Бала кезінен әкесіне қарап бой түзеді. Әкесі Дүйсенғали ішкі істер саласында көп жылдан бері еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда Түркістан облысы, Созақ ауданы ПБ бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі.
Ал Нұрсұлтан бала кезден құқық қорғау саласында қызмет етуді армандап өсті. Себебі, ол жастайынан әкесінің қылмыскерлерді құрықтаған қызықты әңгімелерін естіп жүретін. Бала кездегі арманына қол жеткізу мақсатында ол 2007 жылы Шымкент қаласындағы «Болашақ» колледжіне «құқықтану» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2010 жылы оқуын үздік бітіреді.
Сол жылы әскер қатарына шақыртылып, Қарағанды облысы, Теміртау қаласындағы №5516 әскери бөлімде Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, туған жеріне қайтып келеді. Әскерден келген жас жігіт, орта білімін шыңдау мақсатында 2011 жылы Шымкент университеті «құқықтану» факультетінің сырттай бөліміне оқуға түседі. Оқуда жүріп қарап отырмай қызметке араласып кетеді.
2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы МКҚБ полиция батальонының полицейі лауазымына жұмысқа орналасады. Осы жерден Нұрсұлтанның алғашқы еңбек жолы басталады. Жас маман бұл жерде қызмет етіп жүріп көп тәжірибе жинайды. Теория жүзінде алған білімін тәжірибе түрінде көрсетуге бар жігерін салады. Тәлімгерінен білмегенін үйреніп, өзінің біліктілігін арттыра бастайды.
Ол мұнан әрі сөзін былайша сабақтады: «Алғаш қызметімді бастаған уақытта аталған қызмет саласы үлкен жауапкершілік пен шыдамдылықты талап ететіндігін түсіндім. Көп жағдайлардың куәсі болдым, түскі үзіліссіз, демалыссыз жұмыс істейтін кездеріміз де болатын. Өзімізге жүктелген міндеттерімізден бөлек қоғамдық жұмыстарға араласып, шараларға, күшейтілген режимдегі жұмыстарға да қатысатынбыз. Мұндай ауқымдағы жұмыстарды көрмеген, өмірге енді қадам басқан жас бала үшін қиын болғандығы жасырын емес. Алайда, мен таңдауыма ешқашан өкінген емеспін. Себебі, бұл менің арманым болды. Бұл қызмет мені өсірді десем де болады. Ақ пен қараның, жақсы мен жаманның ара жігін айырып, айырмашылығын түсіне бастадым. Білікті де білімді ағаларымызға қарап бой түзедім», – деді Нұрсұлтан.
2014 жылы ол Шымкент қаласы ІІБ Абай ПБ учаскелік полиция инспекторы қызметіне ауысады. Сонымен қатар, осы жылы «құқықтану» мамандығы бойынша бакалавр дипломын да қолына алады. 2016 жылы облыстық ІІД ЖПҚ учаскелік полиция инспекторларының жұмысын ұйымдастыру жөніндегі инспекторы қызметіне тағайындалады. 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД КЖБ қызмет өткеруді ұйымдастыру жөніндегі инспекторы, содан кейін көп ұзамай, яғни осы жылы Түркістан облысы ПД КСБ қызмет өткеруді ұйымдастыру жөніндегі аға инспекторы қызметіне ауысады.
Жүрегінде от жалындаған жас жігіттің алға қойған мақсаты да көп екен. Еліміздің тыныштығын сақтау барысында әлі де атқарылатын бірнеше жұмыстардың барын да айтып өтті.
«Міне, ішкі істер органдары саласында қызмет еткеніме де жеті жылдан аса уақыт болыпты. Қазақстанның әр жетістігінің, тарихи жаңару сәттерінің куәсімін. Мағжан Жұмабаев атамыз «Мен жастарға сенемін» деп айтып кетсе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылы жариялаған Жолдауы жастарды бір серпілтіп, бойына жігер сыйлаған болатын. Әлі де талай белестерді бағындырып, дамыған елдердің қатарынан бой көрсетіп, халқымыздың әл-ауқаты жақсара түсетіндігіне сенімдімін. Ал осы белестерді бағындыруда бақытты елдің ұрпағы ретінде титтей де болса үлес қосып, Қазақстан Республикасына, халқына абыройлы қызмет еткім келеді», – де»ді Нұрсұлтан Түймебаев.
«Ауылдағы достарымды кездестіріп қаламын. Жұмыссыз бос жүргендерінің айтатын әңгімесі де белгілі. «Ой, жұмыс жоқ. Таныс болмаған соң, жұмысқа кіре алмай жүрмін. Қайда барсам да жұмысқа алмайды, көкең болмаған соң солай» деген жаттанды сөздерді айтып, өзін ақтағысы келетіндер бар. Қазіргі таңда жұмыс істеймін деген жастарға кәсіп көп. Соның көзін таба білу керек. Ерінбей еңбек етіп, адал қызмет қылу қажет.
Әкемнің 90-жылдары жұмыс істеген кезі есіме түседі. Жарық жоқ, май шаммен қағаздарын қарап, қағазға қолмен, я болмаса жазу мәшинесімен тарсылдатып жазып отырады. Кей кездері әкемді апталап көрмейтін кезіміз де болатын. Ал қазір бізге жағдай жасалған. Әрбір қызметкердің алдында компьютер. Бұрынғы кезге қарағанда біздің жұмысымыз әлдеқайда жеңіл», – деп тәуелсіздік алған кездегі алғашқы қиындық жайында өз ойымен бөлісті.
«Қазақ деген ұлы ұлттың ұрпағымын. Қазақстан Республикасы деген ұғымды біліп, ой-санамда үнемі «еркін қыранмын» деген сөз тұрды. Соған орай, армандадым, оқыдым, ешкімге жалтақтамай өз елімде, өз отбасымда, ынтымақ пен тоқшылықта өмір сүрдім. Меніңше, жақысылыққа деген ниет болса, кез келген қиындықты жеңуге болады. Офицер атанатын кезімді есіме түсірсем, кеудемді ерекше қуаныш тербейді. Еңселі елдің ертеңгі Отан қорғайтын сақшысы болудың мағынасын терең сезіндім. Ал Тәуелсіздіктің төл құрдасы болу арқылы басқа қатарластарыңа қарағанда одан да үлкен міндеттердің жүктелетінін сезінесің», – деп жүрекжарды сөзін жеткізді.
Бүгінде Нұрсұлтан тек әулетінің ғана емес, халқының азаматы болып, еліне адал қызмет етіп жүр. Жұбайы Назира екеуі үш бірдей батырды тәрбиелеп отырған жайы бар. Өз ұжымында сыйлы, беделді маман. Сондай-ақ, Нұрсұлтан бос уақытында спортпен айналысып, саламатты өмір салтын қалыптастыруды мақсат етеді. Ендеше, елімен бірге қанат жайған Нұрсұлтанға тек абырой биігінен көріне бер дегіміз келеді.

Раушан НАРБЕК,
Айдана ҚАНАТБЕКҚЫЗЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*