Кибер-қауіпсіздік – өзекті мәселе

Бүгінде ұялы телефоны, компьютері немесе банк карточкасы бар кез келген адам кибер-қылмыскердің құрбанына айналуы мүмкін. Күнделікті өмірде өте ыңғайлы жаңа жоғары технологиялар өте қомақты қаржыдан айырылып қалуға әкеліп соғатын құралға айналды.
Ағымдағы жылдың 11 айында Батыс Қазақстан облысы аумағында 898 алаяқтық фактісі тіркелді, оның ішінде 33,1% немесе 298 факті «интернет-алаяқтық» санатына жатады. «Интернет-алаяқтық» көбіне пәтерді жалдау, несие алуға көмектесу, интернет-шоппингті жүзеге асыру, қолма-қол ақшаны жылжыту, пәтерлерді, автокөліктерді сату-сатып алу, қымбат ұтыс лотереялары, жоғалған заттарды табу (ол туралы жәбірленушілер ақпаратты аккаунттарға салып отырады), жұмысқа орналастыру, жабдықты жөндеу, т.б. жолдарымен жүзеге асырылып жатады.
Осыған байланысты ҚазИТЖУ-де (Қазақ инновациялық және телекоммуникациялық жүйесі университетінде) «Кибер қауіпсіздігі әлеуметтік-экономикалық қатынастар жүйесінде» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға университеттің ректоры Әліби Баяхов, модератор – заң ғылымдарының кандидаты Т. Рахметов, Батыс Қазақстан облысы ҰҚКД қызметкерлері, облыстық прокуратура басқармасының қызметкерлері, облыстық ПД Криминалдық полиция қызметкерлері, университеттің білікті, білімді профессорлары, университет студенттері қатысты.
Жиын барысында келген қонақтар кибер алаяқтығы мәселесі бойынша баяндамаларын оқып, кибер қауіпсіздік мәселесі жөнінде түсіндіріп берді. Бүгінгі күні кибер қауіпсіздік күллі әлем үшін аса маңызды мәселеге айналып отыр. Себебі, технология қарыштап дамыған сайын хакерлер жеке адамдардың деректеріне ғана емес, ірі компаниялар мен ресми органдардың сайттарына да шабуыл жасай бастады. Кибер қауіпсіздікті нығайту – ел тыныштығын сақтауда аса маңызды. Қорғаныс саласы, еңбек өнімділігі, өндіріс қуаты, үнем мүмкіндіктері киберқауіпсіздікпе тікелей байланысты. Сондықтан бұл мәселеге алпауыт компаниялармен қатар шағын кәсіпорындар да жіті назар аударуы тиіс. Жиынға қатысқан мамандар осы тақырып бойынша өз ойларын ортаға салып, міндеттерді нақтылауға атсалысты.
Интернет-алаяқтықтың түрлері де күн өткен сайын көбейіп барады. Яғни, бұл жерде қылмыскер компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құралдардың көмегімен интернет арқылы адамдарды алдап, олардан ақша бопсалау, мүлкін жымқыру секілді әрекеттерге барады.
Ғаламторды торуылдайтын алаяқтар халықаралық деңгейде таралған. Яғни, бір елде отырып, екінші елдегі адамдарды арбайды. «Елімізде көп кездесіп жүрген алаяқтық түрлеріне: интернет-дүкенмен байланысты алаяқтықтар, телефон-алаяқтық, SMS-алаяқтық және интернет-банкинг арқылы жасалатын қылмыстар жатады.
Ғаламторда, әлеуметтік желілерде әртүрлі заттар, киім-кешек, телефон, басқа да тұрмыстық бұйымдарды арзан бағада сатамыз деп жарнамалап жататындар бар. Олардың арасында шынымен интернет арқылы сауда-саттық жасайтындармен қатар, алаяқтықпен айналысатындар да аз емес.
Мысалы, қазіргі уақытта қысқы тондарды арзан бағамен сатамыз деп қызықтырады. Соған алданған бір тұрғын 100 мың теңгені аударып жіберіпті. Міне, бұл да QIWI-әмиянмен жасалатын интернет-алаяқтықтың түрі.
Тексеру барысында көбіне осындай QIWI-әмияндардың нөмірі шетелдерге тиесілі болып шығады екен. Жәбірленушіден арыз қабылдаған соң, қылмыскерді табу үшін Полиция департаменті тарапынан тиісті жұмыстар атқарылады», – деді облыстық ПД Криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Сугуров Марат Маратұлы.
«Алаяқтарға алданып қалмау үшін, ең біріншіден, тауар алатын қандай сайт жалған емес пе, соны анықтауға тырысу қажет. Оның мекенжайы, телефондарына баса назар аударған жөн. Егер болып жатса, оған хабарласып, сатушысымен сөйлескен дұрыс. Осындай жан-жақты ақпараттарды анықтап алғаннан кейін ғана ақшаны төлеуімізге болады. Ал жалған интернет-дүкендерге алданып қалып жатқандардың көбі дүкеннің егжей-тегжейін қарап, тексеріп жатпай-ақ, сайтта көрсетілген шотқа ақшаны жібере салады.
Айта кетейік, банктер болсын, құқық қорғау орындары болсын, еш уақытта сізге телефонмен хабарласып немесе мессенджермен жазып, логин, пароль секілді құпия мәліметтерді сұрамайды. Тіптен, қажет болған жағдайда, банк қызметкері сізге хабарласып, бар мәселені нақтылау үшін «біздің кез келген бөлімшемізге келіп кетіңіз» деп өтінуі мүмкін. Өйткені, телефон арқылы ондай мәселелер шешілмейді», – деп ескертті полиция подполковнигі өз баяндамасында.

Батыс Қазақстан облысы ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*