Тәртіптік кеңес тәртіпке салды

Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінде бөлініс басшылары мен қызметкерлері, Орал қаласы ПБ басшылары мен қызметкерлері, саптық бөлініс қызметкерлерінің қатысуымен тәртіптік кеңес отырысы өтті.
Айта кету керек, желтоқсанның 7 күні сағат шамамен 03:00 кезінде 1985 ж.т. жүргізуші, Орал қаласы ПБ ЖПҚБ УПИ көмекшісі «Audi B4» маркалы автокөлігімен жол ережесін сақтамай «Chevrolet Lacetti» маркалы автокөлігіне соқтығысады. Жол-көлік оқиғасы нәтижесінде 1990 ж.т. әйел түрлі жарақаттары салдарынан ауруханада көз жұмды.
Облыстық ПД Тәртіптік кеңесінің шешімімен Орал қаласы ПБ ЖПҚБ УПИ көмекшісі ішкі істер органдарынан шығарылды. ПД және Орал қаласы ПБ бірқатар басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ, оған қатысты ҚК-нің 345-бабы 3-бөлімі (көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Осы жағдайға байланысты Батыс Қазақстан облысы ПД бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Серік Сүйінбаев қызметкерлер арасында мұндай фактілерге жол берілмеуі тиіс екенін, әр қызметкер жасаған құқық бұзушылығы үшін заң алдында жауапқа тартылатынын айтып, Өзіндік қауіпсіздік басқармасына жеке құрамға бақылау жүргізуді күшейтуді тапсырды.
Кеңес барысында басшылық «Әр қызметкер – ішкі істер саласының айнасы» деген қағиданы басшылыққа ала отырып, жеке құрам арасындағы заңдылық пен тәртіпті сақтау, қоғамға жат құбылыстармен күресуді түсіндіріп өтті.
Сонымен қатар, «біреудің қателігі – біреуге сабақ болсын» деген оймен қылмыс жасап айыпталған полиция қызметкерінің бұрынғы қызмет атқарған бөлінісінің жеке құрамын қатыстыра отырып ашық тәртіптік кеңес отырысын өткізудің мақсатын да тілге тиек етті.
Батыс Қазақстан облысы ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасы жүргізген қызметтік тексеру нәтижесі бойынша айыпталушы полиция қызметкері залдан уақытша ұстау изоляторына қолына кісен салынған күйінде қамауға әкетілді.

Батыс Қазақстан облысы ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*