Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА, КСРО халық әртісі: Жас ұрпақ сақшыларға еліктеп өседі

Бибігүл Төлегенова – қазақ халқының мақтанышы, өнер әлемінің жарық жұлдызы. Орта Азияның бұлбұлы, дүлділ әншісі жақында тоқсан жасқа толды. Күміс көмей, жез таңдай талант иесінің мерейлі мерейтойына орай елордада үлкен шығармашылық кеш ұйымдастырылды. Қазіргі опера және балет жұлдыздарымен қатар бұл күні сахнаға даңқты өнерпаздың өзі де шығып, көрермендерді бұлбұл үнімен тағы бір қуантты. Қазақ даласын әнімен тербеткен Бибігүл Ахметқызы халықтың нағыз сүйікті әншісіне айналды.
Тіпті халықаралық ЮНЕСКО ұйымының өзі оны ХХ ғасырдағы әйгілі әйелдердің қатарына қосқан болатын. Тоқсанды алқымдап қалған ол әрдайым өз биігінде жарқырап тұр десек, артық айтқандық болмас. Қазақ ән өнерінің қара нарына айналған мэтрдің кешінде бүгінгі талантты буынның өкілдері үздік шығармаларын орындады. Тіпті Италиядан Бибігүл Төлегенова атындағы байқаудың жеңімпазы да осы кешке арнайы келіп, өнер көрсетті. Халық әртісін мерейтойымен Мемлекет басшысы құттықтап, ізгі лебізімен хат жолдады. Ал ең бастысы, көрермендер шынайы ыстық ықыласын білдіруден шаршамай, ән падишасына овацияны аямады.
Осы кеште қазақтың бұлбұлы Бибігүл апамыздан сұхбат алудың орайы түсті. Ән падишасы өзінің балалық шағы мен өнер жолындағы сырларымен бөлісті.

Бибігүл Ахметқызы, сіздің балалық шағыңыз жайлы көп жерден оқып та, естіп те келеміз. Енді Сіздің өз аузыңыздан жастық дәуіріңіз жайында естісек?
– Мен Шығыс Қазақстан облысында туғанмын. Нақтырақ айтқанда, Абралыдан шыққанбыз. Кейін әкеміз Семейге көшіп келіпті. Мен сол қалада өмірге келдім. Әкемнің азан шақырып қойған аты Мұхаммед-Ахмет екен. Мұхаммед-Кәрім деген ағасы болған. Атамның аты – Шортанбай. Мұны айтып отырған себебім, менің фамилиямда да ауыс-түйіс бар. Дұрысында менің фамилиям не Шортанбаева, не ол кісінің әкесінің аты бойынша Байғонысова болуы керек екен. Ал қазіргі фамилиям нағашылар жағынан шыққан. Әкемнің нағашысы Нәби деген кісі, әкесінің аты – Төлеген.
Сіз туралы «Солнечный голос» деген кітаптан «Бұл отбасы соғыстан бұрын әкесінен айырылды» деп жазған жолдарды оқыған едім. Осыны тарқатып айтып өтсеңіз?
– Бұл кітап 1988 жылы басылған, ол кезде репрессияға қатысты әңгіме ашық айтыла бермейтін. Біз жылдар бойы әкемізден ешқандай хабар ала алмадық. Өлі-тірісінен де хабарсыз болдық. Әкемді ұстап әкетісімен біз Семейге қайтып келдік. Анамның жанында шиеттей төрт қыз. Көп ұзамай соғыс басталды. Жасым он бірден енді асқан кез болса да әлі баламын ғой, біразға дейін соғыс дегеннің не екенін онша түсіне қойған жоқпын. Кейіннен Семейге жан-жақтан адамдар көшіп келе бастағанда ғана соғысты шындап сезіндік. Біздің құрқылтайдың ұясындай екі бөлмелі пәтерімізде үш отбасы тұрды. Жеті ересек кісі, тоғыз бала бір нанды бөліп жедік.
Мен репрессияны, Ұлы Отан соғысын, аштықты да, жоқшылықты да көрдім. Сондықтан да бүгін мен жұмақта тұрғандаймын. Құдайға шүкір, менің ең үлкен байлығым – елім. Халық мені сыйлайды, мадақтайды. Содан артық маған еш нәрсенің керегі жоқ.
Қазақ «әкең өлсе де, әкеңнің көзін көргендер өлмесін» дейді. Әкеңіздің көзін көрген адамдармен әңгімелесудің сәті түсті ме?
– Әкемнің көзін көргендерді кездестірмедім. Мен ол кезде баламын. Баламен кім сөйлеседі, не айтады дейсің? Әкемнің замандастары сол 1937 жылы атылып кеткен. Қалғаны Ұлы Отан соғысына майданға аттанып кетті. Соғыстан кейінгі жылдары мен 16-17 жастағы баламын. Тек беріде, есімізді жиып, еңсемізді көтергенде ғана әкемді іздей бастадым.
Қазақта «жеті атаңды білу керек» дейді, мен жеті атамды білмедім. Себебі, менің әкем жетім өскен. Ашаршылық жылдары анасымен тентіреп Семейге келген. Әкесі Абралыда қайтыс болған. Елде сол кісіні танитын адам да қалмады. Қалған туыстары бар еді, солар арғынның қаракесегінің қызы екенімді айтты.
Сіздің тағдырыңыз «тар жол, тайғақ кешуге» толы болды. Әкеңіз репрессияға ұшырады, өзіңіз жастайыңыздан еңбекке араласып, ет комбинатында жұмысшы болдыңыз, тұрмыстың біраз қиыншылығын көрген екенсіз…
– Иә, шешем жиырма бес жасында жеті баламен жесір қалып, содан ерте жастан білегімізді түріп алып, тірлікке араласуға тура келді. Бізді өсіріп, жетілдіру үшін табылған жұмысты жасап жүрді. Мен де анама қолқабыс етейін деп жұмысқа жастайымнан араластым. Қара жұмысшы да болдым, елдің артынан жүріп, батпағын да, кір-қоңсысын да жудым. Менің басымнан бәрі өтті.
Қара жұмыс істеп жүргенде жер аударылып келген еврейлер, орыстар: «Мына қара қызыңыздың дауысы жақсы, оны оқыту керек» деп жиі айтатын, сонда шешем: «Ән айту деген оқу бола ма екен? Керегі жоқ, әуелі мектебін жақсы оқысын» деп тыйып тастаушы еді.
Сол жас кезіңізде ән айтып жүргенде «болашақта аты аңызға айналған әнші боламын» деген ой келді ме сізге?
– Шынымды айтсам, бала кезімде ондай ой болған жоқ. 18 жасымда жазушы Серебряковамен тағдыр жолықтырды, көзімді ашқан сол кісі. «Сенің дауысың керемет, саған оқу керек. Консерваторияға оқуға бар», – деді. Аңқау басым, ол кезде консерваторияның не екенін де білмейді екенмін, ана кісіге: «Мен онсыз да консерві зауытында істеймін ғой», – деппін. Ол маған түсіндіріп әлек: «Жоқ, ол консерві жасайтын зауыт емес, консерватория талапты да талантты жастарды тәрбиелейтін оқу орны», – дейді. Ол кісі менімен жарты жылдай жұмыс істеп, Алматыға оқуға аттандырды. Консерваторияға оқуға түскенге дейін жеті-ақ сыныптық білімім болған еді. Мені екі жылдық дайындық курсына қабылдады, одан соң консерваторияны бітіріп шықтым.
Сіз бірнеше тілде көп әндерді орындап келесіз. Бірнеше мемлекеттің сахнасында ән салдыңыз. Соның ішінде жаныңызға қай ән жақын?
– Мен көп жыл «халық жауының қызы» атанып, концерттерге, шетелдерге шыға алмадым. Ең алғаш рет 1967 жылы Канада елінде өткен «Көрмеге» барып, ән шырқадым. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, сондай көрме біздің елімізде де 2017 жылы өтті. Канадаға барған кезде әкем де ақталып, шетелге шығуыма рұқсат берілген еді. Шет елдің халқы менен өзімнің ана тілімдегі әндерді сұрайды. Сол үшін де мен әрдайым қазақ әндерін барынша орындауға тырысамын.
Қазақ әндерін жақсы көремін. Менің шешем ноғай еді. Сондықтан ноғай әндері де маған жат емес. Орыстың арасында өскеннен кейін орыстың әндерін де айтуға құштармын.
Көбіне өзім халық әндерін жақсы көремін. Содан болар, әлі күнге дейін өзімнің ұнатқан әндерімді айтып жүрмін. Дауысымды жөндеген кезде қазақ әндерінің буындарын алып, содан бастаймын.
Бибігүл Ахметқызы, өзіңіз айтқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында Бибігүл Төлегенова атындағы ІХ халықаралық вокалистер конкурсы өткен болатын. Аталған байқауға тоқталсаңыз?
– Қазіргі жастарға жағдай жасалған. Мен жас кезімде мұндай байқауларға қатыса алмадым. Біздің кезімізде байқау аз болатын. Бұл жоба осыдан он тоғыз жыл бұрын басталған. Бұл менің қайтыс болған қызым Мәриямгүлдің жобасы болатын. Көзі тірісінде жоспарлап, ойластырып қойған еді. «Бибігүл Төлегенова конкурсының» екі кезеңін өзі өткізіп үлгерді. Биыл Мәриямгүлдің дүниеден қайтқанына он тоғыз жыл болды, тірі болса, бүгінде алпыс жеті жасқа толатын еді.
Кезінде осындай байқау ұйымдастыру туралы бастама көтеріп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жоба идеясын таныстырған өзі болатын. Мұны біз әу баста өз қаржымызға жасаймыз деп ойлаған едік, бірақ Елбасы: «Бұл жеке байқау болмайды, бізде Бибігүл Төлегенова біреу, ендеше оның атындағы байқау мемлекеттік қолдауға ие болуы керек» деп осы жобаның жолын ашып берді.
Жас кезіңізде байқаулар аз болды дедіңіз. Жалпы сіз бала кезіңізде осындай жарыстарға қатысып көріп пе едіңіз?
– Иә, біздің жас күнімізде мұндай байқаулар болған жоқ. Болған күнде де бізді оған қатыстырмайтын. Одақтық және ел ішіндегі байқауларға қатыстыратын, бірақ халықаралық байқауларға мүлде жолатпайтын еді.
Фурцева деген министрдің тұсында бір байқауға баруға қатты өтініп сұранғаным әлі есімде. Тіпті вице-министрге дейін барып, өтініш жасадым: «Аға, мен Италияға барып, тәжірибе жинақтайын» деп едім, ол маған: «Бибігүл, сен ренжіме, мен Фурцеваға айтып едім, ол: «Зачем? Она и так хорошо поет» деді», – деп жауап берді.
Құдайға шүкір, қазағым аман болсын, мен халықтың ішінде жүріп өнер көрсеттім, шыңдалдым, өстім. Ең алғашқы тыңдармандарым, сыншыларым – жұмысшылар, диқандар мен шахтерлер еді. Өзім де қара жұмысшылардың арасынан шыққан адаммын, сондықтан қарапайым халықтан бойымды аулақ ұстаған емеспін. Ел аралап концерт қойып жүргенде, қандай үйге апарса да, «Жағдай жасамады» демедік, бұйырған дәмді татып, әйтеуір аяқ созып отыратын жер табылса, соған шүкір ететін едік. Содан болар, халық мені таниды, жас болсын, кәрі болсын, көрген жерде жік-жапар болып амандасып, есендік сұрасып жатады. Сондықтан халқыма мың да бір рахмет айтамын. Мен халқымның арқасында осындай дәрежеге жетіп, бүгінгідей құрметке бөленіп отырмын. Кейін Кеңес Одағы құлаған соң шетелге де шықтым, талай елді аралап, талай жерде өнер көрсеттім.
Сол заман мен қазіргі кезді салыстырасыз ба?
– Әрине. Қазіргі жастарға қарап әрі қызығамын, әрі қуанамын. Оларға: «Сендер қандай бақыттысыңдар! Астананың сол жағалауында, зәулім сарайларда өнер көрсетіп жүрсіңдер. Ал біз жас кезде бұл жерде сиыр қора, мал қора болатын, соның арасында жүріп ән айттық. Қазіргі таңда қаншама байқаулар болып жатыр, талай мүмкіндіктер бар. Мұның бірі біздің түсімізге де кірмейтін. Сендер Астанада не Алматыда жүресіңдер, әрі кетсе Қарағанды сияқты қалаларға ғана барасыңдар, одан да ауылға барыңдар, өнерлеріңді, мәдениеттеріңді ауылға апарып көрсетіңдер. Осылай елдің мәдениетін көтеру керек, оларға күш-нәр беру керек», – деймін.
Рас, біз ел аралап өнер көрсетіп жүргенде, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің алдына шығамыз, далада, мектептің бір бұрышында не қораның сыртында жердің шаңы басылсын деп кішкене су сеуіп, бізге сахна дайындайтын. Микрофон жоқ, ешқандай техника жоқ, баянист не аккордионистің сүйемелдеуімен ән айтып жүре беретінбіз.
Сыртыңыздан қарап, ел сізді қайсар әйел санайды. Десек те, жаны нәзік әйелсіз ғой. Көңіліңіздің жабырқаған сәттерінде неден жұбаныш іздейсіз? Сабырға қалай келесіз?
– Жұбанышым – әнім. Ренжісем, ренжітсе, үйге келіп әнімді айтамын. Жылап та, күліп те айтамын. Сөйтіп, тарқап, басыламын. Тазарып шығамын.
Осындай биіктерге көтерілу үшін қандай жолдардан өту керек болды? Бір белесті алу үшін нені құрбан еттіңіз?
– Жеке өмірімді құрбан еттім десем де болады. Үш рет тұрмысқа шықтым, үш некем де сәтсіз аяқталды. Әйел болғаннан кейін, сүйіспеншілік те керек қой. бірақ, мен ондай бақытқа кенеле алмадым, олар маған сүйеніш болмады. Мен ән үшін жаралған екенмін. Сондықтан өмірімді әнге арнадым.
Бибігүл Ахметқызы, Сіз гастрольдік сапармен жолда көп жүресіз. Сол кезде еліміздің тыныштығын қорғайтын сақшылармен кездескен кездеріңіз, қызықты оқиғалар болды ма?
– Әрине, болды. Мен халықтың адамы болғандықтан, көп жерлерге, концерттерге шақырады. Сол кезде кешігіп қалмайын деп асығатын кездеріміз де болады. Өзім көлік жүргізе алмаймын, баратын жерімнің бәріне де жүргізушім алып барады.
Әлі есімде, Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалдық музейіне шақырған болатын. Біз сонда кетіп бара жатыр едік. Қаладан шыға берген кезде бір сақшы біздің жеңіл көлігімізді тоқтатты. Жүргізушімді өздерінің отыратын пунктіне алып кетті. Біраз уақыт өтті, ол бала әлі жоқ. Мен «кешігіп қалатын болдық» деп шыдамсызданып отырмын.
Қасымызда отырған бір келіншек сол жерге барды да ебіл-дебілі шығып жылап келді. Оны көріп шошып кеттім. «Қарағым не болды, тыныштық па?» деп сұрадым. Әлгі келіншек өксігін баса алмай, «Біздің көлікте еліміздің бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенова отыр, асығыспыз, құжаттар дұрыс болса бізді жіберіңдерші» деп айтып едім, ол инспектор маған қарап «Мен ондай әншіні танымаймын, тек Роза Рымбаеваны ғана білемін» дейді, қазақтың жігіті сізді білмегеніне намыстанып отырмын», – деп ызаланып екі көзіне ерік берді дейсің. Мені танымайтын инспекторлар да бар екен.
Ал көбінесе жолда кетіп бара жатқанда көлікті тоқтатқан сақшылар мені танып, тіпті суретке түсіп, қолтаңбамды алып жатады.
Ендігі әңгімемізді осы сала мамандарының қызметіне бұрсақ. Еліміздің тыныштығын қорғап жүрген ішкі істер органдары қызметкерлерінің жұмысына көңіліңіз тола ма, оларға деген көзқарасыңызды айта өтсеңіз?
– Біздің бейбіт өмір сүріп жүргеніміз – осы сала қызметкерлерінің ерен еңбегінің арқасы деп білемін. Олар болмаса, біздің қоғамымыз қандай болар еді?! Оны ойлаудың өзі қорқынышты. Сақшы – біздің қоғам, ал қоғам – полиция. Екеуі бір-бірімен үндесіп тұрады. Қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып келе жатқан сақшылардың ерен еңбегі ертеңгі жас ұрпаққа үлгі. Бұл азаматтардың ержүрек істерінен біздің жас ұрпақ өнеге алып өсетіні белгілі. Олар әрдайым Отанына адал қызмет етеді деп сенемін.
Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Раушан НАРБЕК

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*