Қазақстан полициясы: кеше және бүгін

Полиция қызметі – үлкен төзімділік пен азаматтық парызды, адалдық пен әділдікті, тіпті батырлықты талап ететін және заңға негізделген, адамдарға деген үлкен құрметті қажет ететін, кез келген қоғамға қарсы істерге тосқауыл қоюға әзір қиын да қауіпті жұмыс екені аян. Осы қызметті әрқашан адал және зор жауапкершілікпен атқара білген ардагерлерімізді Тәуелсіздік мерекесімен құттықтай отырып, олардан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы милиция мен қазіргі полиция қызметіндегі ерекшеліктер, өзгерістер туралы сұраған едік.

Болат ЫСҚАҚОВ, Ішкі істер министрі (2002-2003 жж.), әділет генерал-майоры:
Қазіргі ІІМ командасы өте мықты
– Кеңес Одағының ыдырауы тәуелсіздігін енді ғана алып, жаңа жолға түскен біздің елге көптеген өзекті мәселелерді үйіп-төкті. Біз бір жағынан мұндай қиындықтарды еңсеруге толық дайын емес едік.
Ішкі істер органдары бетпе-бет келген бірінші мәселе – білікті кадрларынан айырылып қалды. Егемендіктің алғашқы 5-7 жылында органнан 24 мыңнан астам маман кетіп қалды. Ал он жылдың ішінде бұл сан 40 мыңға жетті. Өз тарихи отандарына қоныс аударып кеткендердің дені талай жылдан бері осы саланың майын ішкен мықты кадрлар – капитан, майор, подполковник шеніндегі әбден шыныққан кәсібилер еді. Бір сөзбен айтқанда, біз кадрлық, қызметтік, дәстүрлі сабақтастықтан ажырап қалдық.
Ол кезде ішкі істер органдарына маман дайындайтын жалғыз оқу орны – Қарағанды жоғары милиция мектебі ғана болатын. Әрине, бұл келеңсіздік елдегі қылмыстық ахуалға, қызметкерлердің кәсібилігі мен ең бастысы – қызметтік сабақтастықты сақтап қалуға кері ықпалын тигізді.
Екінші мәселе – елдегі әлеуметтік жағдайдың нашарлауы, жұмыссыздық, жалақының төленбеуі, тұрмыстың тауқыметі түптеп келгенде қылмыстың өрши түсуіне түрткі болды. Егемендіктің алғашқы жылдары елде аса ауыр қылмыстар – тапсырыспен адам өлтіру, қарақшылық шабуыл, есірткі сату деректері, тіпті, ұлт араздығынан туған қылмыстар да көбейіп кетті. Жау жағадан алғанда, ит етектен жармасқандай, ұйымдасқан қылмыстық топтармен арпалысып жүргенде сериялы дүкен тонау фактілері де жиілей түсті.
Кеңес империясының уығы шайқалғанда ел-елде ұйымдасқан топтар, мафия мен рекетирлер қаптап кетті. Қазақстанда да «Төрт ағайынды», Рыжий Алмаз, Сабыр, Қаныбек секілді қылмыстық ұйымдар пайда болды. Қарапайым халық сол кезде досы қайсы, дұшпаны қайсы ажырата алмай, дүрбелеңге түскен еді.
Ал қазіргі ІІМ-нің командасы өте мықты. Ішкі істер министрі де, оның орынбасарлары да өз ісінің кәсіби әрі білікті мамандары. Тергеу болсын, жедел қызмет болсын, сол салада талай жыл тер төгіп, еңбек еткен, қызметтің қыр-сырына қаныққан, қиындығына шыныққан кәсіби шебер кадрлар отыр.
Кадрлық сабақтастық дегенді бекерге айтып отырған жоқпын. Қызметтің ең төменгі сатысынан өтпей, сол жақтағы қиындықпен бетпе-бет келмей, құпиясына қанықпай жоғары басшылықта отыру мүмкін емес. Отырарсың, бірақ мұндай «көзсіз» басқару не өзін, не жүйені тұқыртып, титықтатып бітіреді.
Бүгінгі ведомствоның тағы бір басымдығы бар, ол – полиция қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына, жауынгерлік дайындығына ерекше көңіл бөлінген. Зейнетақы да, еңбекақы да өсті. Кадрлардың тұрғын үй мәселесі, материалдық-техникалық жарақтануы шешіліп келеді. Ал бұл ІІМ үшін өте маңызды.
Дәл қазір ІІМ-ге идеологтар қажет. Кадр қызметкерлері емес, мықты идеологтарды тарту керек. Жеке құрамдағы жастардың дені тарихты, батыр бабаларын, олардың ерліктерін біле бермейді. Ал патриотизм деген ұлық сезімнің бастауы төл тарихымызда жатыр. Бұл бағытта әлі де жеке құраммен жұмыс істеу керек.
Мен қоғамдағы ішкі тәртіпті бұзатындарды да «жау» деп атаймын. Ал «жаумен», қылмыспен және құқық бұзушылықпен кәсіби тұрғыда күресу керек. Ол үшін білім керек. Білімді жетілдіру, біліктілікті арттыру ешқашан кеш емес. Туабітті талантың мен дарының болар. Алайда, оны біліммен сусындатып, жетілдірмей, жетістікке жетем деу – далбасалық. Ішкі істер саласында да талай епті, елгезек жігіттер бар. Тек заңды білмесе, сауатты болмаса, құрғақ «пысықтық» жарға жығады.

Надрғали ТОҚАЖАНОВ, ІІО ардагері, полиция полковнигі:
Сақшыларға артылған жауапкершілік зор
– Мен негізгі қызмет жолымды Кеңес заманында өткердім. Сондықтан сол уақыттағы милиция мен қазіргі полицияда қызмет етудің айырмашылығын айтсам деймін.
Бұл екеуінің арасында үлкен айырмашылығы бар. Біз қызмет еткен кезең қазіргіге қарағанда жеңілірек болған сияқты. Өйткені, ол кезде халықтың бәрі жұмыс істеді. Бүгінгідей жұмыссыздық жоқ еді. Жұмыс істемеген адамды түрмеге қамайтын. Адамдардың бәрінің жағдайы шамалас, қазіргідей бай мен кедейдің арасы жер мен көктей емес еді.
Ел азаматтары бала күнінен октябрят, пионер, комсомол сатыларынан өтіп, моральдық тәрбие алып, «адам – адамға дос», «ештеңе ұрлама», «ешкімге тиіспе», «біреудің ала жібін аттама» деген насихатпен өсті. Одан бөлек, біздің заманда милиция қызметкеріне деген халықтың құрметі мен көзқарасы жақсы еді. Нысанды киім киген милиционерден бәрі сескеніп, аяқ тартып тұратын.
Мысалы, мен учаскелік инспектор болғанда 15 мың адам тұратын 32 елді мекенге қызмет еттім. Қазіргі кезгідей көлік, құрал-жабдықтар болған емес. Маған тек бір мінетін ат және мотоцикл берілді. Соған қарамастан, ол кезде қылмыстардың аз болғанына байланысты осынша үлкен аумаққа жауапты болу көп қиындық тудырған жоқ. Адам өлтіру, зорлау, қарақшылық деген сияқты ауыр және аса ауыр қылмыстар мүлдем тіркелмейтін.
Ал қазір заман өзгеріп, капитализм дәуірі басталды. Соның салдарынан қоғамда әлеуметтік теңсіздік орын алды. Жұртшылық арасында шіріген байлар мен сіңірі шыққан кедейлер деген таптар пайда болды. Біреудің жұмысы жоқ, біреудің баспанасы жоқ. Содан кейін олар енді көшеге шыға бастады. Ондай жерде қоғамдық тәртіп бұзуға да жол беріліп жатады. Нәтижесінде тәртіп сақшыларымен қақтығыс орын ала бастады.
Мен 2001 жылы ІІМ Қоғамдық қауіпсіздік департаментінің бастығы лауазымынан зейнет демалысына шықтым. Қазір бұл құрылым Әкімшілік полиция комитеті деп аталады. Бүгінгі қоғамдағы толқулардың алдын алуда алдыңғы шепте осы әкімшілік полиция қызметкерлері жүр. Өйткені, учаскелік инспектор, патрульдік полиция, кәмелетке толмағандармен жұмыс істейтін инспекторлар – бәрі де халықпен тікелей қарым-қатынаста қызмет етеді. Сондықтан мен олардың иығына қандай ауыр жүк артылып отырғанын жақсы түсінемін. Бүгінгі полиция қатарында еңбек ету бұрынғы кезге қарағанда қиындау деп отырғаным да осыдан.
Менің айтарым, қазіргі Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев – өте білікті де білімді маман, қатаң тәртіптің адамы. Осы лауазымға келгелі ол ішкі істер саласын тәртіпке салу үшін бар күшін салып жатыр. Егер жолына ешкім кедергі болмаса, бастаған ісін соңына дейін жеткізетініне сенімім мол. Өйткені, мен оны қолға алған бастамасын орта жолда қалдырмайтын табанды басшы ретінде білемін.
Сондықтан Ерлан Заманбекұлының мұрындық болуымен басталған әрбір игі істі қолдаймын. Егер ішкі істер органдарында тәртіп болса, қызметкерлердің жалақысы көтерілсе, онда полицияның имиджі артады, оған қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қоссам деген нақты мақсатпен келетін үміткерлер көбейеді деген сенімдемін.
Қазіргі күні, өкінішке қарай, басқа жұмыс табылмаса, «полицияға бара салармын» дейтіндер де бар. Бұл әркім қаласа келіп, қаламаса кете беретін қызмет болмауы тиіс. Полиция сапында білімі, мақсаты, қабілеті, дене бітімі – бәрі де талап үдесінен шығатын адамдар ғана еңбек етуі керек.

Ермахан БЕКМАҒАМБЕТОВ, Астана қаласы Сарыарқа ауданы Полиция басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған, отставкадағы полиция полковнигі:
Ол заман мен бұл заман – жер мен көктей
– Біз тәуелсіздік алған алғашқы кезеңде милицияның хал-ахуалы нашар болғаны жасырын емес. Айлық аз болды, еліміздің экономикалық жағдайы тіпті тұралап тұрды. Милиционерлер формамен дұрыс қамтамасыз етілмеді, көлік деген тіпті аз болды, біз жаяу жүрдік. Ол заманда қолымызда интернет жоқ. Жеке құрамды оқыту, жетілдіру жағы қиын жағдайға тап болды.
Ал енді ол заман келмеске кетті. Бүгінгі полицейлерге, шүкір, барлық жағдай жасалып жатыр. Шетелдерде тегін білім алуына жол ашық, шетелдік полициялармен де тәжірибе алмаса алады. Көлікпен, пәтермен қамтамасыз етілді. Айлықтары да жоғарылауда. Бір сөзбен айтқанда, Ішкі істер министрлігі осындай игі реформалар ұсыну арқылы қоғамның тыныштығын сақтауға үздіксіз атсалысып отыр.
Осының бәрі де бүгінгі дамыған, өркендеген тәуелсіз мемлекетіміздің арқасында жемісін беріп жатыр. Сол үшін де, еліміздің бейбіт өмірін, Тәуелсіздікті сақтауда полицияның рөлі өте зор дер едім.

Әшірбай ЖАНЫҚҰЛОВ, Кентау қалалық ішкі істер бөлімінің медициналық айықтырғыш орталығының басшысы (1996-1997ж), лейтенант:
Погонды адам арамдыққа баруы тиіс
– Тәуелсіздік алған жылдары еліміздің барлық саласында қиындықтар болды. Сол жылдары мен айықтырғыштың басшысы едім. Жоқшылықты көрген халық араққа салынып кетті, шындықты айту керек. Айлық алмай жұмыс істедік. Өз ісімізге адал болдық. Күні-түні үйді, бала-шағаны көрмей жұмыс істедік…
Қазір жағдай мүлдем басқа. Милицияны полицей деп атап, олардың жағдайларын да жасады. Ішкі істер саласында істейтін қызметкерлерге жақсы жағдай жасалған.
Ал бізді құртатын нәрсе – жемқорлық. Жол полицейлерінің пара алуы қынжылтады. Погон таққан адам арамдыққа бармауы керек. Полицей погон тақты ма, абыройы да биік болу керек. Пара үшін сатылған полицейлерге қарап қарным ашады. Біздің заманда ондай жоқ еді. Тәуелсіздіктің берері көп болғанмен, қазір кемшін тұстары да бар.

Бетті дайындаған: Бауыржан БЕРІКҰЛЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*