Тұрақтылық пен тәртіптің кепілі

Биыл қазақстандықтар ел тәуелсіздігінің 28 жылдығын атап өтеді. Осы аз ғана уақытта қазақ елі дамудың жарқын үлгісін көрсетті. Әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесіне ретінде қалыптасып, экономикасы дамыған, бәсекеге қабілетті елге айналды.
Отанымыз ТМД елдерінің ішінде көш бастап, әлемдегі өркениетті 30 елдің қатарына қосылуға қадам басты. Әрине, бұл игілікті істердің баршасы да Елбасымыздың көреген саясатының арқасында жүзеге асты.
Егемен елдің дамуымен бірге құқық қорғау саласында жаңа жүйе қалыптасып, жаңа бағытта жұмыс жүргізіле бастады.
Қоғамның тұрақты дамуы үшін елімізде сенімді құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті, тұрақтылықты нығайту және азаматтардың конституциялық құқығын тиімді қорғау ісі ең маңызды міндет саналады.
1992 жылы Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» заң қабылдады. Бұл – Қазақстан полициясының құқығы мен өкілеттілігін белгілейтін тұңғыш құжат.
Қазақ полициясы егемендіктің елең-алаң шағында уақытша болған қиындықтарға мойынсұнбады. Тұрмыстың тауқыметіне қарамастан погонды азаматтар қызметтерін тастап кетпеді. Көпшілік ала дорба арқалап, базар жағалап жүргенде, біздің полиция антқа адалдық танытып, қоғамдағы тұрақтылықтың сақталуына баса мән берді. Елдегі экономикалық саяси өзгерістерге байланысты пайда болған ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы тұра білді. Ұрлық пен әлімжеттіктің және зорлық-зомбылықтың алдын алып, қорғансызға қолдау көрсетті. Ең бастысы – аға буынның үмітін ақтап, келер ұрпаққа үлгі болды.
Содан бүгінге дейін қазақ полициясы әрдайым өздеріне жүктелген жауапкершілікті жоғары деңгейде атқарып келеді.
Бүгінде құқық қорғау жүйесі жан-жақты дамуда. Түрлі реформалар жасалып, жүйенің жетілуіне айрықша назар аударылды. Ішкі істер органдары еліміздегі мемлекеттік биліктің сенімді тірегіне айналды. Тәуелсіздікпен бірге сала да түбегейлі өзгерді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен құқық қорғау органдарында, оның ішінде ішкі істер органдарында бірталай ауқымды реформалар жүзеге асты. Солардың негізгісі – құқық қорғау жүйесін оңтайландыру, әрбір құқық қорғау органының нақты құзыретін белгілеу, заңдарды ізгілендіре отырып, құқық қорғау қызметінің сапасын арттыру, азаматтардың құқықтары мен мемлекеттің мүддесін қорғау.
2003-2005 жыл¬дардағы сол рефор¬малардың маңыз¬дыларының бірі – есепке алу-тіркеу тәртібі қатаңдатылды. Яғни, азаматтардың арыз¬да¬рын толық тіркеуге алу талабы қойыл¬ды. Бұл өз кезегінде қылмыстық істің жасырылуына жол бермейтін болды.
Кейіннен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының аясында жаңа құрылымдық орган – Жергілікті полиция қызметі құрылып, іске кірісті. Өз кезегінде Жергілікті полиция қызметі халықпен етене жұмыс істеді. Ел ішіндегі көптеген қылмыстық істердің ашылуына ұйытқы болды.
Полицияның мәртебесін жоғарылатып, оның азаматтар алдындағы жауапкершілігін арттыру, құқық қорғау органдарының ашықтығын қамтамасыз ету басты бағдарға айналды.
Республика бойынша кез келген заң бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидаты қалыптасты. Көшеде темекі шегіп, түкірушілерге, қоғамдық ортаны ластаушылар мен қоғамдық тәртіпті бұзушыларға нөлдік төзімділік аясында айыппұлдар салынуда.
Лаңкестік оқиғалардың алдын алу, ұрлықты болдырмау, қауіпсіздікті қадағалау тұрғысынан жоғары деңгейде жұмыстар атқарылуда.
Әрбір өңірде атты полиция қызметкерлері жұмыс істеуде. Одан бөлек туризм саласы дамыған қалаларда туристік полиция қызметі іске қосылды. Бұл өз кезегінде қонақтар мен тұрғындардың қауіпсіздігін қадағалайтын негізгі құрылым.
Ал саланың жыл сайын соңғы үлгідегі техникалық құрылғылармен жабдықталуы – қоғамдық қауіпсіздіктің сақталуына жасалып отырған жағдай деп қараймыз.
Сандық технологиямен сақшыларды қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған емес. Қаладағы барлық бейнебақылау жүйесі орталықтандырылып, тұрғындардың қауіпсіздігі монитор арқылы бақыланып отырады. Сондай-ақ, қалада тіркелген қылмыстық оқиғалардың бетін ашуға мүмкіндік береді. Жол-көлік оқиғаларын бақылау ісіне де арнайы камералар қолданылуда. Полиция қызметкерлерін қызметтік көлікпен қамтамасыз ету, жалақысын жоғарылату, баспана беру барысы жыл сайын жоспарға сәйкес жүзеге асып жатыр.
Нәтижесінде, жылдан-жылға қылмыстардың ашылу пайызы көбейсе, тіркелген қылмыс саны азаюда. Бұл да полиция қызметкерлерінің қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті сақтаудағы қырағылығын көрсетеді.
Ең бастысы халықтың полицияға деген сенімі жоғарылады.
Ел егемендігін алған жылдардан бері ішкі істер саласында мақтана айтарлық жұмыстар да көп.
Тәуелсіздіктің төл перзентіндей болған бас қала – Нұр-Сұлтан күннен-күнге көркейіп келеді. Табысты жүргізілген сыртқы саясаттағы жетістіктердің арқасында Қазақстан Республикасы БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ, ИКҰ секілді беделді халықаралық ұйымдардың салмақты мүшесіне айналды. Нәтижесінде елорда да халықаралық, әлемдік көптеген конференциялар, саммиттер өтті. Елбасымыз еліміздің мәртебесін көтеретін саяси оқиғаларға, тарихи кезеңдерге бастамашы болды.
2010 жылдың 1-2 желтоқсанында Қазақстан Республикасының төрағалығымен ЕҚЫҰ-ның 56 мемлекетінің басшылары елордамызда бас қосып, Астана доктринасының бірауыздан қабылдады. ЭКСПО-2017 көрмесі, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері өтті. Қысқы Азия ойындарын қабылдады.
Міне, осы ауқымды, халықаралық, әлемдік шаралардың барлығында қазақ полициясы қырағылығымен қоғамдық қауіпсіздікті күзетті.
Қазақстанның Азиядағы ең қауіпсіз ел екендігін көрсетті. Біз үшін бұл үлкен мақтаныш.
Қазақстанның Тәуелсіздігінің нығаюында ішкі істер органдарының қосқан үлесі орасан зор. Құқық бұзушылықпен, қылмыспен күресуде полиция қызметкерлері кәсіби біліктіліктерін танытуда.
Елбасының жыл сайынғы халыққа арналған Жолдаулары мен қабылданған мемлекеттік бағдарламаларының барлығы қарапайым халықтың тұрмысын жақсартып, тәуелсіздігімізді нығайтуға бағытталған.
Жалпы әрбір Тәуелсіз елдің мақсаты – мемлекет тұтастығын сақтау, ал әрбір азаматының парызы – Отанын қорғау. Бүгінде полицияға келетін жастардың да қатары көбейген. Жас тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті жіті қадағалап, аға буын салып берген сара жолда абыроймен атқарады деп сенеміз.

Индира АХМЕТОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*