Жемқорлық – індет, жою – міндет!

Өткен аптада Е. Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясында Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл сұрақтары бойынша конференция өтті.
Оған Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары, «Қостанай – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Ғ. Нұрмұхамбетов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қостанай облысы департаментінің жетекшісі Қ. Бекбасов, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Э. Күзенбаев, құқық қорғау органдары мен ЖОО басшылары, ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының бастығы, полиция полковнигі Н. Биекенов және күндізгі оқыту факультетінің курсанттары, т.б. қатысты.
Баршамызға мәлім, Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні 2004 жылдан бастап 9 желтоқсанда атап өтіледі. Сыбайлас жемқорлық – барша қоғамға кері әсерін тигізетін дерт. Оны жою – бүкіл қоғамның мүддесі. Конференция барысында сыбайлас жемқорлықты болдыртпау бағытында баяндамалар жасалып, «2019 жылғы Қостанай – адалдық алаңы» Жобалық кеңсесінің атқарылған іс-шаралары туралы айтылды.
Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлықтың «тамырын» шабуға қарсы көптеген іс-шаралар атқарылуда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қостанай облысы департаменті, Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы, «Қостанай – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен Жастар жылы аясында шығармашыл жастардың шабытын шыңдау мақсатында облыстық жас ақындар сайысын өткізді. Сайыстың мақсаты – жастар бойында адалдық пен сенімділікті, парасаттылықты және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру, жас ақындар шығармашылығын қолдау.
Аталған облыстық жас ақындар сайысына ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының күндізгі оқыту факультетінің полиция қатарындағы 3-курс курсанты Лашын Ерболат «Жемқорлық – індет» атты өлеңімен жүлделі бірінші орынды иеленіп, кубок және грамотамен марапатталды.
Конференция соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес барысында өткізілген іс-шараларға және парасаттылық мәдениетін қалыптастыруда белсене атсалысқан бірқатар қызметкерлерге алғыс хаттар мен грамоталар табыс етілді.

О. УАҚПАЕВА, Қостанай қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*