Жемқорлыққа жеңіл жаза жоқ

Кеше Халықаралық жемқорлыққа қарсы күрес күні Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев «Бірінші сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа орталық» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Байғұловпен кездесіп, Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
– Бұл Меморандумның мақсаты – жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесінде ІІМ қызметінің тиімділігін арттыру, жемқорлыққа қарсы саясатты ілгерлету бойынша бірлескен іс-әрекеттерді іске асыру, жемқорлықты туындататын себептер мен салдарларды жою, – деді Ішкі істер министрі.
Е. Заманбекұлы кездесуде ІІМ жемқорлықты жою үшін барлық шараларды қабылдап жатқанын атап өтті. 2019 жылы қызметкерлер тарапынан орын алған жемқорлық қылмыстар саны 27 пайызға азайған.
Бірінші басшылардың жеке жауапкершілігі ұстанымдары енгізілді. Қол астындағы қызметкерлер тарапынан жемқорлық сипатындағы қылмыстар орын алған жағдайда басшысы орнынан босатылады.
Сондай-ақ, кадрларды іріктеу және тағайындау талаптары жоғарылады. Бұл ретте жемқорлыққа қарсы тұрақты иммунитетіне және кәсіби қабілетіне баса мән берілетін болды. Ведомстволық білім беру жүйесі жаңғыртылды, ал үміткерлерді қызметке қабылдау тек қана конкурстық негізде, ашық және айқын жүргізіледі.
Кадрлық өзгерістер мен жоғары аттестаттау комиссиясының қорытындысы бойынша орталық аппарат пен өңірлік департаменттерінің басшылық құрамы 60%-ға жаңартылды.
Цифрландыру және автоматтандыру арқылы халықпен тікелей қатынас және сыбайлас жемқорлықтың алғышарттары азайтылды. Бүгінде 23 мемлекеттік қызмет (40 қызметтің) электрондық форматқа көшірілді.
Министр Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша жол полициясы институты таратылып, патрульдік полиция бөліністердің қызметкерлері бейнетіркегіштермен және планшеттермен жарақтандырылды, бұл оларды бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, барлық тіркеу-емтихан қабылдау бөліністері таратылды. Олардың функциялары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына берілді. Қабылданып жатқан шаралар мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға мүмкіндік береді.
Автокөлік иелері тарапынан сынға ұшыраған «Шеп» тосқауыл жүйесінің стационарлық бақылау бекеттерінің басым көпшілігі жабылды. Әдетте, осындай бекеттерде көліктерді себепсіз тоқтатуға жол беріліп, парақорлық фактілері орын алатын.
– Ішкі істер органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі белсенді жұмысты жалғастыра беретін боламыз, – деп атап өтті Е. Тұрғымбаев.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ
Суретті түсірген Медет ӘШІРБЕКОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*