Шарттың мақсаты – серіктестік қатынас

6 желтоқсанда Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаменті мен Рудный индустриалдық институты өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Келісімге қол қоюға департамент бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі А. Оримбаев және институт ректоры А. Найзабеков қатысты.
Құжаттың басты мақсаты – ТЖД мен РИИ арасында өзара тиімді ынтымақтастық пен ақпарат алмасу үшін серіктестік қарым-қатынас орнату. Тараптар студенттердің кәсіби тәжірибесін, семинарларды, ғылыми зерттеулерді өткізу туралы келісті. Сонымен қатар, бұл құжат азаматтық қорғау, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, өрт қауіпсіздігі мен тіршілік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы білім беру, ғылыми және инновациялық қызмет саласындағы тиімді ынтымақтастыққа бағытталған.
Жұмыс іссапары барысында облыстық ТЖ өкілдері «Горняк КРО» ЖШС-не барды, онда адамдар көп жиналатын жаңа жылдық іс-шараларды өткізу жоспарланған. Ойын-сауық кешені залдарының бірінде кәсіпорын қызметкерлері және жұмысшыларымен өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша нұсқаулық ұйымдастырылып, практикалық ұсыныстар берілді.
Сол күні белгіленген бағдарламаға сәйкес Рудный қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының жеке құрамымен кездесу өтті. Іс-шараның негізгі екпіні сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуға, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының және мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің негізгі ережелерін түсіндіруге бағытталған.
Өз сөзінде А. Оримбаев қатысушыларды Мемлекет басшысының 2019 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша енгізілген түзетулерімен таныстырды. Бұл өзгерістер мемлекеттік органдар басшыларының олардың бағыныштылары жасаған сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жауапкершілігін күшейтуді көздейді.
Жұмыс сапарының соңында А. Оримбаев бөлімше қызметкерлерінің сұрақтарына жауап беріп, барлық қатысушыларға жемісті жұмыс тіледі және келе жатқан мереке – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Қостанай облысы ТЖД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*