Жұқа мұз жалмап жүрмесін

Солтүстік Қазақстан облысы ТЖ департаментінің қызметкерлерi облыс орталығының су айдындарында қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында мұз астынан балық аулау орындарында кезектi рейд өткiздi.
Құтқарушылар балықшыларға тақырыптық парақшалар таратып, мұздағы қауiп-қатер жайлы ескертті, адам суда тап болған жағдайда қандай iс-әрекет жасауы қажет екендiгi жайлы түсiндiрдi.
Солтүстік Қазақстан облысы ТЖ департаментінің қызметкерлерi ескертеді: мұз үстіне шығар алдында оның беріктігіне сенімді болу қажет. Мұздың беріктігі сүймен немесе ағаш таяқпен тексеріледі. Егер бірінші ұрғанда кейін мұз ойылып, су шығатын болса, ары қарай жүрмеңіз, келген жолыңызбен қайтыңыз, сонымен қатар, жүрген кезде табаныңызды мұздан көтермей сырғанап жүрген жөн. Мұздың қалыңдығын аяқпен тебу арқылы тексермеңіз.
Боранды және қараңғы кезде мұзға шықпау қажет.
Мұз үстінен топпен өткен кезде адамдардың ара-қашықтығы 5-6 метр болып, алдыңызда келе жатқан адамды көзден таса қылмаңыз.
Есіңізде сақтаңыз, мұз астына түскен адамға көмек көрсеткен кезде, оған басқыш, тақтай, бақан, арқан жіп және басқа қоласты құрал-жабдықтарды беріп, тірек күшін жоғарылататын заттарға тіреніп, оған жата еңбектеп жылжыған жөн. Егер құтқарушылар екі немесе одан да көп болса, бір-біріңізді аяғыңыздан ұстап, тізбектеліп құтқару керек.
Егер Сiз судағы төтенше жағдайдың куәгерi болсаңыз, 112 телефоны бойынша хабарласыңыз.

Бағлан ҰЗАҚОВ, Солтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*