Қыздарды сақшылық қызметке шақырды

5 желтоқсанда Орал қаласы ПБ әйелдер кеңесінің бастамасымен жастармен кездесу ұйымдастырылып, Қарағанды Академиясына түсу талаптары түсіндірілді.
Әйелдер кеңесінің жиынына қаладағы №40 жалпы білім беретін орта мектептің 10-11 сынып оқушылары, барлығы 50-ге жуық өрімдей қыз бала қатысты. Алғаш сөз алған Орал қаласы ПБ бастығының орынбасары, полиция полковнигі Наурызбай Ғұмаров ІІМ Қарағанды Академиясына талапкерлерді оқуға түсуге шақырып, оқуға жалпы орта, орта-техникалық немесе арнайы кәсіптік білімі бар, ішкі істер органдары қызметкерлеріне қойылатын талаптарға сай келетін, денсаулығы бойынша әскери қызметке және оқуға жарамды жастар қабылданатынын баяндады.
Жасөспірім жігіттердің бойы – 170 см-ден, қыздардың бойы – 160 см-ден төмен емес болуы тиістігін, оқу орнында 4 жылдық оқу мерзімі бойынша білім беріліп, курсанттардың оқуы, тамақтануы, киім-кешегі және демалыс мезгіліндегі жол ақысы мемлекет тарапынан толық ақысыз қамтылатынын түсіндірді.
Оқуды аяқтағаннан кейін бітіруші курсанттар міндетті түрде қызметке алынып, оларға «полиция лейтенанты» шені беріледі. Мектеп оқушыларының және сынып жетекшілерінің оқуға қабылдану тәртібі, денсаулыққа қатысты қойылатын талаптар, әскери медициналық тексерістен өту, т.б. сұрақтарына жауаптар берілді.
Одан әрі сөз алған Орал қаласы ПБ Ардагерлер кеңесінің төрайымы, милиция майоры Клавдия Қуанышқалиева қыз балалар үшін тергеу мен анықтаушы, криминалист, мектеп инспекторы сынды лауазымдардың лайықты екенін, олар жүктелген тапсырмаларды тиянақты атқаратынын айтып, өзі қызмет атқарған жылдардағы қиындықтар, оларды жеңу жолдары туралы ойымен бөлісті. Полиция қызметі мен отбасын қатар алып жүрген, отбасында жолдасының жары, балаларының анасы, бір үйдің келіні атанып, шаңырақты айрандай ұйытып, тума-туысқандарына да дастарханын жайнатып жаятын әйел қызметкерлердің жігерлі істерін мақтанышпен атады. Өз өмірінен мысалдар келтіріп, зор табандылық пен қажырдың, сабырлылық мен ұқыптылықтың керек екенін қыз балаларға қарата айтып өтті.
Сонымен қатар, ардагер ана ішкі істер органдарында әйелдердің киім үлгісіне аса мән беріліп, қатаң талаптар қойылатынын қадап айтты. Ұжымда азаматтар қатары көп болғандықтан ер адамдар ортасында ашық-шашық киінуге, қысқа етекті киімдер киюге, шаш пен тырнақ күтіміне мән беріліп, нысанды форма немесе азаматтық киімдер киген уақытта да салпыншақ әшекейлер тағуға болмайтынын, жалпы сырт келбеттің сымбатты болуы –адамның өзін-өзі және маңайындағыларды сыйлауы деген әдемі сөздермен ойын түйіндеді.
Әйелдер кеңесінің төрайымы, Ақпараттық-аналиткалық бөлімнің бастығы, полиция подполковнигі Гүлнар Каташева ІІМ жоғары оқу орындарының ерекшеліктері, мемлекет тарапынан жасалатын мүмкіндіктер жөнінде айтып, бүгінгі мектеп партасындағы оқушы – ертеңгі ел тұтқасын ұстар азаматтар мен азаматшалардың жақсы білім алуларын, сүйген мамандықтарын мақтанышқа айналдырып, еңбек қоғамына араласуларын тіледі.
Орал қаласы ПБ штабының инспекторы, полиция капитаны Татьяна Чернышенко қыз бала тәрбиесі, мәдеиеттілік тақырыбында ойларымен бөлісіп, қиындығы мен қызығы қатар жүретін полиция қызметіне жұмысқа орналасуға жастарды шақырды.
Әйелдер кеңесінің күн тәртібіндегі мәселелер қаралған соң, оқушылар басқарманың әр қабатындағы полицияның күнделікті өмірінен, спорттағы жетістіктерден сыр ақтаратын, басқардағы үздік қызметкерлер, ардагерлер бұрышы сынды стендтерді аралап, Кадр саясаты бөлімінің бастығы, полиция капитаны Нұрхат Бапенов экскурсия жасады. Әсіресе, оқушыларды қалалық ПБ жедел-криминалистік бөлімінің бастығы, полиция майоры Аслан Малаевтың криминалистика саласы бойынша, із кесу, тексерістер туралы айтқаны қызықтырды. Әкімшілік полиция бөлімі, тергеу мен жергілікті полиция қызметінің кабинеттерін аралап, әр қызметкердің табанды жұмысымен етене танысты.

Орал қаласы ПБ баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*